Екпе егу тәртібі бұзылса қайда жүгіну керек?
Жақында Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасы коронавирус инфекциясына қарсы екпе салу рәсіміне қатысты шағымдардың жиілеп кеткенін мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мұндай жағдайда қайда жүгіну керегін түсіндірді.
Қазақстанда үш айдан бері коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу науқаны жүріп жатыр. Әзірге қазақстандықтарға жалғыз препарат – Қарағандыда шығарылып жатқан «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») вакцинасы салынып жатыр.
Вакцинация кезінде нені ескеру керек?
«Гам-КОВИД-Вак» препаратын қолдану мен сақтаудың өзіндік шарттары бар, ол сақталмаса, вакцина сапасына әсер етуі мүмкін. Нұсқаулыққа сәйкес, вакцина -18°C-тан төмен температурада, мұздатылған күйде сақталуы керек. Ерігеннен кейін, яғни қолданар алдында ол біртекті түссіз немесе сарғыш түсті ерітінді болады.
Вакцинаны тек бұлшықет ішіне енгізеді. Препаратты көктамыр ішіне енгізуге қатаң тыйым салынады. «Спутник V» иықтың жоғарғы жағына салынады, егер бұл жаққа салу мүмкін болмаса, препарат жамбасқа егіледі.
Вакцина жүргізер алдында құтыны мұздатқыш камерадан шығарып, толық ерігенше бөлме температурасында ұстайды. 3 мл препарат құйылған құтыны еріту, бөлме температурасына байланысты, орта есеппен 3-5 минутты алуы мүмкін. Құтыда мұз қосындылары қалдығы қалуына болмайды, оған қоса құтыны сілкімеу керек.
Екпе салар алдында медицина қызметкері құты мен оның жарамдылық мерзімін көрсетуіге тиіс. Тұтастығы бұзылған немесе құтысы таңбаланбаған, ерітіндісі лайланған, жарамдылық мерзімі өткен препарат пайдалануға жарамсыз.
Вакцинация жүргізер алдында дәрігер дене температурасын өлшеу, эпидемиологиялық анамнезді жинау: яғни сатурация, жүрек қағысы жиілігін, артериялық қысым, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеруге тиіс. Егер температура 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады.
Инъекциядан кейін екпе алған кісі алғашқы 30 минутта әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жақсы желдетілген үй-жайда медициналық бақылауда болуы тиіс.
Екпе егу тәртібі бұзылса, қайда хабарласу керек?
«Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының» басқарма төрағасы Светлана Романовскаяның пікірінше, жоғарыда аталған тармақтардың барлығы іс жүзінде сақталмайды.
Бұған дейін 13 сәуірде Қазақстан баспасөз клубының алаңында ол азаматтардан вакцина салу рәсімін тәртібі толық сақталмай жатқаны жайлы шағым жиілеп кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 10 қоңыраудың сегізі вакцинация жөнінде келіп түседі. Соның ішінде сауда орталықтарындағы үлкен кезек, вакцина жібіту тәртібінің сақталмайтынына шағымданған.
Айжан Есмағамбетованың айтуынша, вакцинациялау нормаларының сақталуына жауапкершілікті арттыру керек, егер екпе салу тәртібі бұзылған жағдайда, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгінуге болады.
«Ішкі бақылауды медициналық ұйымның өзі жүзеге асырады. Сыртқы бақылауды санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері жүргізеді. Егер вакцинация процесі немесе алгоритмі бұзылғанын дәлелдейтін фактілер болса, онда біздің департаменттерге жазбаша түрде хабарласыңыз. Ол біздің жоспардан тыс тексеріс жүргізуімізге және осы фактілер расталса, тиісті тұлғаларды жауапкершілікке тартуға негіз болады» деді ол ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Қазіргі кезде «Спутник V» бірінші компонентін 435 393 адам, екінші компонентін 107 121 адам салдырған.