Нұр-Сұлтанда Орталық Азиядағы ең ірі мешіттің құрылысы жүріп жатыр
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында 30 мың адамға арналған мешіттің құрылысы жайлы айта келе жаңа нысан туристер үшін де тартымды нүктеге айналатынын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қалада республика мен Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Негізгі күмбездің биіктігі шамамен 90 метрді құрайды, ал мұнаралар 130 метр биіктікке көтеріледі. Мешіттің сыйымдылығы — 30 мың адам.
Құрылыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша демеушілік қаражат есебінен жүргізілуде.
Бүгін осы мешіттің құрылыс барысымен таныстым. Ол Қабанбай батыр мен Мәңгілік Ел даңғылдарының арасында орналасқан. Өз тарапымыздан инженерлік желілер мен коммуникацияларды тарту жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ аумақты абаттандырып, ағаш отырғызамыз.
Бұл мешіт еліміздің тұрғындары үшін ғана емес, туристер үшін де тартымды нүктеге айналады», — деп жазды елорда әкімі.