Ұлттық банк хабарлауынша, АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздарында кірістің көбеюі және доллардың жаһандық деңгейде нығая түсуі дамушы нарықтардың оң қарқын алуына мүмкіндік бермей отыр. Наурыздың соңында АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының кірісі 1,74% деңгейіне жеткен. Бұл бір жылдық кезеңге қарағанда өте жоғары мән.
Қаржылық қадағалаушы қазіргі ахуалды екіұшты деп бағалайды.
«Бір жағынан, ОПЕК+ мамыр-шілде аралығында мұнай өндіруді біртіндеп арттыру туралы шешім қабылдады, ол кезеңде өндіріс шектеулерін күніне 1,1 миллион баррельге төмендету жоспарлануда. Сауд Арабиясы да біртіндеп өндіруді ерікті шектеуден бас тартады. Екінші жағынан, мұнай бағасының аздап қалпына келуіне АҚШ пен Қытайдағы экономиканың оң статистикалық деректері ықпал етед. Теңгенің айырбастау бағамы наурызда 417,02 теңгеден 424,34 теңгеге дейін 1,8%-ға әлсіреді. Сәуірдің басынан бері теңгенің әлсіреуі жалғасты. Мұнай бағасы бір баррель үшін 63 доллар деңгейінде болғанына қарамастан, дамушы нарықтар нығайған АҚШ доллары мен қазынашылық облигациялар бойынша жоғары кірістілік аясында қысым көріп отыр. Импорт бойынша біздің негізгі әріптесіміздің валютасы – Ресей рублінің жақында күрт әлсіреуі теңге үшін қосымша теріс фактор болды. Сәуірде теңге 432,94 деңгейіне дейін 2%-ға төмендеді» дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Оның айтуынша, АҚШ кірістілігінің өсуі және доллардың нығаюы аясында дамушы нарықтар бойынша сентименттің нашарлауы, коронавирустың жаңа толқындарының пайда болуы дамушы нарықтар валюталарының әлсіреу тәуекелін арттырды.
Бұл шетелдік инвесторлардың теңгеге және теңгелік активтерге деген қызығушылығының төмендеуіне алып келген.
«Долларға сұраныстың артуы бейрезиденттердің операцияларымен ғана байланысты емес. Біз дивидендтерді төлеу және оларды ішінара конвертациялау кезеңі есебінен шетел валютасына ішкі сұраныстың өсуін байқап отырмыз. Дивидендтік төлемдердің жоғарғы шегі 1–30 сәуір аралығындағы кезеңге келеді. Сондай-ақ, шетел валютасына сұраныстың өсуіне іскерлік белсенділіктің қалпына келуі ықпал етеді, іскерлік белсенділіктің ішкі индексі 2020 жылдың басынан бастап алғаш рет 50 белгісіне өтті. Операциялық және инвестициялық қызмет аясында заңды тұлғалар импортты қаржыландыруға валюта сатып алу көлемін ұлғайтты. Бұл биржадағы сауда-саттық көлемінің өсуінен байқалады» дейді ҰБ өкілі.
Молдабекова нарықтық сентименттің құбылмалылығына қарамастан, теңгенің бұдан былайғы серпіні, ең алдымен, біздің негізгі экспорттық тауарымыз – мұнайдың бағасымен айқындалатын болады дейді.
12 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан қор биржасында (KASE) теңгенің долларға қатынасында орташа курсы 433,32 болып, ұлттық валюта 0,28 теңгеге әлсіреген.
Brent маркалы мұнай бағасы 0,05 пайызға қымбаттап, барреліне 62,98 доллар болған. Солтүстік америкалық WTI мұнайы да 0,05 пайызға қымбаттап, барреліне 59,35 долларды құрады.
Сарапшылардың айтуынша, коронавирус жаңа штаммдарының пайда болуы, әлем елдерінің қайтадан қатаң локдаундарға орала бастауы жаһандық экономика жағдайына кері әсерін тигізеді. Соған орай дамушы елдердің нарығында да жайсыз құбылыстар басталуы ықтимал.