Заманға сай мамандыққа деген сұраныс та өзгеріп тұрады. Мәселен, пандемия онлайн форматтағы қызметтерге деген сұранысты күрт арттырды. Бұрын тым елеусіз болмаса да, аса қатты танымалдылыққа ие болмаған мамандықтар 2020 жылдың соңы, 2021 жылдың басынан бастап жарыққа шыға бастады.
Мысалы, жыл басында құрылысшыларға, қызмет көрсету саласындағы мамандарға сұраныс көп болса, қазір маусымдық кезең болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласында жұмысшылар тапшылығы байқалады екен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, денсаулық сақтау саласында дәрігерлер, онлайн форматта жұмыс істейтін ІТ-мамандар аз. Оның сөзінше, еңбек нарығындағы сұранысқа байланысты оқыту курстары ұйымдастырылатын болады.
«Қажетті мамандықтар атласы жасалды. Бүгінде елімізде ғана емес, басқа мемлекеттерде де өзгерістер болып жатыр. Себебі, еңбек нарығы өте жылжымалы, жаһандану бар, көп жерлерде шекара жоқ, отандастарымыз шетелге барып жұмыс істеуде, бізге де шетелден келіп жатыр, пандемия кезінде шекара жабылғандықтан олардың саны азайды. Бірақ болашақта мұндай процестер болады. Болашақта қандай мамандықтар жойылады, қандай мамандықтар трансформацияға ұшырайды, қандай мамандықтар сұранысқа ие болады, осының бәріне сараптама жүргізілді» деді Біржанов.
Оның айтуынша, қазір цифрлық технология бойынша жаңа мамандықтар шығып жатыр. Ал есепшілер, еңбекақы санайтындар жойылып бара жатқан мамандыққа жатады. Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты жұмыс орындары қысқарып, жүйе толықтай немесе ішінара автоматтандырылмақ. Бұл орайда ведомство өкілі қазір жастарға сұранысқа ие мамандық бойынша білім алуға кеңес беретінін айтады.
Министрлік өкілінің айтуынша, 2021 жылы 700 мың адамға көмек көрсету көзделген. Оның ішінде 32 мың адам жол картасы арқылы жұмысқа орналастырылған. Жалпы, басқа ведомстволардың, өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында 440 мың адам жұмыспен қамтылатын болады дейді.
«Қазіргі кезде өңірлермен қарқынды жұмыс жүргізілуде. Президенттің тапсырмасымен жол картасы 2021 жылға тағы да ұзартылды, бірақ сын көп айтылды. Сондықтан еңбек картасы бойынша жаңа тәсілдер қабылданды, инфрақұрылымдық жобалар саны азайды, бірақ жаңа бақылау түрлері енгзілді. Енді жобаларды бәріміз бақылаймыз. Мемлекет жұмсаған әрбір тиын тиімді, қайтарымды болуы керек. Көздеген қаражат орнына барып, соның қайтарымды болуын қадағалаймыз» дейді спикер.
Осылайша, жақын уақыттан бастап елімізде цифрлы жұмыс орындарын құруға басымдық берілмек.
«Қазір еңбек нарығының құрылымы қатты өзгеріп жатыр. Кейбір мамандықтар мүлдем жойылып, жаңалары пайда болуда. Қызмет түрлерінің көбі онлайнға ауысып жатыр. Сондықтан біз де сол өзгерістерден тыс қалмай жаңа бағдарламаларды тұжырымдамаларды қолданамыз. Жаңа оқу түрлерін енгіземіз, жұмысқа орналасатын адамдардың білім деңгейін арттырамыз. Ол арқылы адамдарды кәсіпкерлікке, жаңа жұмысқа орналасуға ынталандырамыз. Барлық өңірлерге декомпозиция жасалған, әр өңірде қанша жұмыс орны ашылды, қай салада, қай мекемеде, осының барлығы жоспарланады» деді вице-министр.
Елімізде ««Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 649 мың адамға көмек көрсетілген. Министрлік бұл бағдарламаны бес бағыт бойынша жүзеге асыруда. Еңбек дағдыларын дамыту шеңберінде 18 мыңнан астам адам қысқаша курстан өтсе, тағы 18 мың адам техникалық кәсіптік білім алды.
Кәсіптік қолдау бағдарламасын жүзеге асыратын «Бастау бизнес» жобасы да бар. Оның барасында кәсіпкерлік жайлы көп мағлұмат беріліп, менеджмент, маркетинг сабақтары өткізіліп, 45 мың адамға қайтарымсыз грант берілген. Микронесиелер саны 13 мыңды құрап, қосымша 14 мың жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, осал топтағы адамдарға арналған жұмыс орындарын субсидиялау бағыты бойынша 150 мың адам қоғамдық жұмысқа тартылыпты. «Жастар арасында жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жастар практикасы» енгізілді. Былтыр 34 мың адам жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орнына 19 мың адам орналасты» деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ еңбек ресурстарының ұтымдылығын арттыру мақсатында оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге еңбек ресурстарын тарту қарастырылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1600 отбасы немесе 5800 адам солтүстікке қоныс аударды. Оның ішінде 3 мың адам еңбекке жарамды болып табылады. Бағдарламаның соңғы бағыты – тұрақты жұмыспен қамту шаралары. Ол бойынша 319 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Министрлік өкілі 2020 жылдың қорытындысы бойынша елдегі жұмыс күшінің саны 9,2 млн адамды құрағанын айтты. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар саны 6,7 млн адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 2 млн. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздар саны 449 мың адамды немесе 4,9 пайызды құрапты.
«2018 жылмен салыстырғанда жұмыс күші 43 мың адамға көбейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 37 мыңға азайды. Министрлік тұрақты түрде мониторинг, сараптамалық талдаулар жүргізеді. 2019 жылдың 4-тоқсанында уақытша жұмыс істемейтіндер саны 99 мың болса, былтыр нағыз қиын кезең – 2-ші тоқсанда уақытша жұмыс істемейтіндер саны 536 мыңды құрады немесе 4,5 есеге ұлғайды. Тиісті шаралар қабылдаудың арқасында жыл соңында бұл көрсеткіш төмендеді немесе уақытша жұмыс істемейтіндер саны 147 мыңды құрады. Яғни, қолданылған шаралар өз тиімділігін және экономиканың тұрақтылығын көрсетті» деді вице-министр.