Қазақстанда көлік құралдарының электрондық паспорты енгізілді

Жарияланды
Электрондық құжат сырттан әкелінетін автомобильдерге, сондай-ақ елде тіркелген автокөліктерге ресімделеді

2021 жылғы 1 сәуірден бастап «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму және ҚР Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, бүкіл ел аумағында «Көлік құралдарының электрондық паспорты» ұлттық жүйесін іске қосты. Жоба ЕАЭО елдері қол қойған көлік құралы паспортының бірыңғай нысанын енгізу туралы келісімді іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды.Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.

Электрондық құжат меншік иесінің қалауы бойынша жаңа және сырттан әкелінетін автомобильдерге, сондай-ақ елде тіркелген автокөліктерге ресімделеді. Көлік құралдарын цифрландыру оларды тек елімізде ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қадағалауға мүмкіндік береді.

Көлік құралдарының электрондық паспорты көлік құралы туралы барлық ақпаратты: меншік иесі туралы мәліметтерді, тіркеу іс-әрекеттері, шектеулер, кәдеге жарату алымын төлеу, кедендік шектеулер мен кедендік рәсімдеу мәліметтері, жол-көлік оқиғалары, техникалық байқаудан өткені туралы мәліметтерді қамтитын дерекқордағы жазбаны қамтиды. Бұл ақпарат біртіндеп жаңартылып, автокөлік пайдаланылатын барлық уақытта сақталады.

Бұдан басқа, электрондық паспорт жоғалып қалмайды және мерзімі өтіп кетпейді. Сондай-ақ ақпаратты бұрмалау мүмкіндігін барынша азайтады. Осылайша, цифрлық құжат көлік құралдарын сатудағы алаяқтық жағдайларының санын азайтады және мәміленің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ЕАЭО-ға қатысушы елдердің электрондық паспорттар жүйелері өзара ықпалдастырылатынын ескере отырып, қайталанатын вин-кодтарды анықтау мүмкіндігі пайда болады. Бұл халықты проблемалық автомобильдерді сатып алудан сақтандырады.

Бүгінгі таңда «СарыарқаАвтоПром» ЖШС және «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС сияқты отандық өндірушілер электрондық паспорттарды тестілік режимде ресімдеуге кірісті.
 

Сондай-ақ оқыңыз