Ashyq қолданбасы: Қызыл, жасыл, сары көк түстер нені білдіреді?
Қызу талқыда жүрген тақырыптың бірі — Ashyq мобайл қолданбасына қатысты. Қызыл, жасыл, сары, көк түстер не білдіреді? Қолданбаны жүктеу кімдерге міндетті? QR-код қалай және беріледі? Осы сынды өзге де сауал-дарға жауап береміз.
21 сәуір күні аталған мобайл қолданбаны қанатқақты жоба ретінде туристік тасымалмен айналысатын компаниялар, бильярд клубтары мен концерт залдары қолдана бастады. Ал енді 26 сәуірден бастап жоба пилоттық жұмысын тоқтатып, еліміздің барлық аймағына қолданысқа жіберіледі. Бастапқыда жүйеде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Ақтөбе, Тараз және Талдықорғанның бес жүзден астам бизнес-нысандары қолданып бастаған.
Атап айтқанда, фитнес-клуб, сауна, бассейн, компьютерлік клуб, боулинг, кинотеатр, театр, филармония, кафелер мен мейрамханалар қолданысқа енгізген еді. 5 мамырдан бастап бұл топқа караоке мен банкет залдары да қосылады. Ендеше, бұл өзі қандай қолданба? Қолданысқа енгізілгендегі мақсаты қандай? Осыған толығырақ тоқталайық.
Қолданбаны не үшін қолдануымыз керек?
Аталған қолданба бизнеске де, тұрғындарға да арналған. Оның басты мақсаты — қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бүгінде кәсіп иелері шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр болып отырғаны баршамызға белгілі. Соған байланысты халық та жағдайға иіліп, күнделікті үйреншікті белсенді тірліктерінен бас тартып отыр. Ал енді осы қосымша арқылы QR-код қолданып, ПТР-дың жалпы базасымен интеграциялау арқылы ғимаратқа келген адамның статусын анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша келушілер мен қызметкерлердің вирус жұқтыру деңгейін азайтып, бизнеске осындай қиын жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік берілмек.
QR-код кімдерге беріледі?
QR-код тек бизнес объектілеріне беріледі. Яғни аталған жобаның қатысушыларына ғана. Ал келушілерге арнайы QR-код қажет емес. Бар болғаны эпидемиологтар мәліметтер базасынан статусын анықтау үшін Ashyq қолданбасын жүктеуі керек. Кәсіпкерлер жобаға қатысу үшін InfoKazakhstan.kz платформасы арқылы QR-код ала алады.
QR-код деген не?
QR-код дегеніміз — бизнес субъектісінің атауы, мекенжайы мен идентификациялық мәліметтері жинақталған электронды идентификатор. Бір нысанға кем дегенде 2 QR-код беріледі. Яғни кіре беріс пен шығатын есікке. Егер ғимараттың бірнеше есігі болса, онда әрқайсысына жеке код беріледі.
Қолданбаны қалай қолданады?
Келушілер алдымен Ashyq мобайл қолданбасын жүктеуге тиіс. Кейін авторизация жасалады. Ол үшін телефон нөмірін жазып, ЖСН енгізеді. Одан кейін өзінің кіргелі тұрған жерінің QR-кодын түсіреді. Осылайша оның кіргені тіркеледі. Сондай-ақ, шыға берісте де QR-код сканерлеу қажет. Ол дегеніміз шыққанын көрсету үшін.
Егер қолданба болмаса ше?
Бұл жағдайда сіз барған жердің қызметкері кіргеніңізді тіркеу үшін жүйеге ЖСН-ді енгізуі керек.
Түстер нені білдіреді?
Мобайл қолданба Денсаулық сақтау министрлігінің ортақ базасымен біріктірілген. Сол интеграцияның көмегімен келушінің статусы демде көрінеді. Яғни ол қазіргі уақытта вирус тасымалдаушы ма, жоқ па — соны көрсетеді. Егер «қызыл» түс жанса, демек ол адам ПТР-тест тапсырған. Нәтижесі оң болып шыққан деген сөз. Мұндай статусы бар адам үйінде оқшаулануы керек. «Сары» түс вирус тасымалдаушымен байланыста болғандарға беріледі. Оларға үйінің маңайындағы дүкеннен азық-түлік алуға, дәріханаға баруға рұқсат. Бірақ өзге қоғамдық жерлерге баруға тыйым салынады. «Көк» түс дегеніміз — ПТР-тестілеудің нәтижесі жоқ деген сөз. Ол ауырғандармен байланыста болған адам ретінде тіркеуде тұрмайды. Яғни кез келген жерде еркін жүре алады. Тек ПТР-тест қажет жерлерді есепке алмағанда. Мәселен, әуежай үшін міндетті дегендей. «Жасыл» түс ПТР-тест жасап, теріс нәтиже алған адамдарға беріледі. Ол адам тіпті емін-еркін жүре алады.
Өз түсімнің қандай екенін қалай білемін?
Егер статусыңызды тексергіңіз келсе, мына сайтқа кіріп көріңіз. Ол жерде Ashyq қосымшасы арқылы сканерлеуге болатын QR-код бар. Сол сервис арқылы бір жерге шықпас бұрын бүкіл уайымды сейілтіп, алдын ала тексеріп алсаңыз болады.
«Қызыл» не «сары» жанса, не болады?
Егер келуші кодты сканерлегенде «қызыл» немесе «сары» түс шықса, оған ғимаратқа кіруге рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, статусы осындай адам бар екенін аймақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімшесіне хабарлауы керек. Келушіде «сары» жанған болса, онда күтіп алған қызметкер байланыс болған адам деп есептелмейді.
Статус қанша уақыт сақталады?
Барлық статус уақытша беріледі. Айталық, егер байланыста болған немесе ауырған адам болса, ол үйде оқшауланып 14 күн өткізуі керек. Екі апта өткн соң оған автомат түрде «көк» статус беріледі. Егер үй карантині аяқталған соң азаматтың ПТР-тест нәтижесі теріс болып шықса, «жасыл» болады. Бұл түстегі статуспен ПТР анықтаманың мерзіміндей 3 тәулік жүресіз. Ал ПТР-тест сынамасы оң шыққан адамның «қызыл» статусы 14 күн өткен соң алынады. Байланыста болғанды білдіретін «сары статус» та 14 күннен кейін өзгереді.
ПТР-сынама нәтижесін айту дәрігерлік құпияны жария ету емес пе?
Жоқ. Өйткені қолданбаны ерікті түрде жүктейді, әрі ЖСН де келушінің келісімімен енгізіледі. Одан бөлек, Денсаулық туралы кодекстің 273-бабына сәйкес, «айналадағыларға қауіп төндіруі мүмкін жағдайда тұлғаның келісімінсіз мәлімет беруге болады» делінген.
Бәрі қолдануға міндетті ме?
Кәсіпкерлерді де, тұрғындарды да қолданбаны қолдануға міндеттемейді. Түрлі кәсіптің қатысу алгоритмдері бизнес-қауымдастық пен санитарлық дәрігерлермен ақылдасып шешіледі. Айтпақшы, сауда және ойын-сауық орталықтары, базар, үйдің маңайындағы дүкендер, қоғамдық көліктерге міндеттелмейді деген ақпарат бар. Дегенмен өзгерістер енгізіліп қалуы мүмкін екенін ескертеміз. Ал әзірге қолда бар ақпарат бойынша, сіздегі сауалдарға жауаптар осындай.