Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша елімізде бұдан былай тұрғын үй құрылысы сапасын бақылаудың цифрлық жүйесі енгізіледі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілген сапасыз тұрғын үйге қатысты қазақстандықтардың шағымдарына байланысты мәселелердің өте күрделі екенін және шағымдардың ұдайы түсетінін айтады.
«Бірінші кезекте, цифрлық жүйені енгіземіз – оларға барлығы қосылған: техникалық қадағалау және мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармалары, болашақта барлық құрылыс компаниялары қосылатын болады. Бірінші кезеңде – бюджеттік жобалармен және бағдарламалармен жұмыс істейтіндер, екінші кезеңде барлығы қосылады. Қазір кіріс бақылау, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау есебінің барлық журналдары жазбаша түрде жүзеге асырылады және осы журналды жүргізетін тар шеңберлі мамандардан басқа, оған басқа ешкім қол жеткізе алмайтыны түсінікті. Ал біз ескертулер мен талаптардың осы порталда тіркелгенін қалаймыз. Оған құрылыс барысын бақылауды жүзеге асыратын мүдделі тұлғалар, құқық қорғау органдары жүйесі, сонымен қатар үлестік құрылыс бойынша ақша салған адамдар да қол жеткізе алады» деп жауап берді ведомство өкілі.
Жұмыс барысы виодеоға және фотоға түсіріледі, олар үйге қызмет көрсету үшін сақталуы керек. Бұдан басқа, сапасыз жүргізілген жұмыстар үшін нарықтың барлық қатысушыларының жауапкершілігін күшейту қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселе пысықталуда деді ол.
Ал «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова банк үшін 2020 жылдың жемісті өткенін, алға қойған жоспар мен міндеттердің де ауқымды екенін айтады.
«Отбасы банк» үшін 2020 жыл атаулы жыл болды. Бұл қоныс тойын тойлау, азаматтардың жинақтарын жандандыру және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты (Шаңырақ «5-10-20» пилоттық жобасы) бастау алған жыл болды. 5% мөлшерлемемен тұрғын үй сатып алу, ең төменгі бастапқы жарна 10% және әкімдіктерде кезекте тұрғандар үшін қарыз мерзімі 20 жылға дейін. «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы, оның аясында «Отбасы банк» желісі бойынша қазақстандықтарға 305 млрд теңгеге 36 069 қарыз берілді, оның ішінде тек 2020 жылы – 100 млрд теңге сомаға 10 759 қарыз берілді. 2021 жылдың 3 айында 3 727 отбасы қоныс тойын тойлады. «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінімдер қабылдау басталды. Бізде 50 млрд теңге бар. Жоспарлы есептеулер бойынша бұл шамамен үш санаттағы 5 мың отбасы: көп балалы отбасылар, мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасылар. Дүйсенбі күні онлайн форматта өтінім беру мүмкіндігі ашылды. 19 833 өтінім қазірдің өзінде шарттарға сәйкес келеді. Жалпы 23 109 өтінім, 3276 өтінім басқа санаттарға берілді» деді банкир.
Басқарма басшысы тұрғын үйді беру кезіндегі кезек мәселесіне байланысты да өз ойын жеткізді. Оның айтуынша, қай кезде де әлеуметтік әділдік қағидасы қатаң сақталады.
«Кім бірінші кезекте тұрса, сол бірінші болып жеңілдікті қарыз алуға мүмкіндік алады. 15 млн теңге – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, қала маңы аймақтарында, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында ең жоғары сома, қалған өңірлерде осы бағдарлама бойынша 10 млн теңге. Бұл өте ыңғайлы – жылжымайтын мүлікті қарыз алушы бастапқы және қайталама нарықта кезекке тұрған аймақта сатып алуға болады. Сатып алынған мүлікке ешқандай шектеулер жоқ. Сондай-ақ, біз «Шаңырақ» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз, өткен аптада бізге 120 млрд теңгенің екінші траншы түсті. Бұл бағдарлама кезекте тұрған барлық санаттарға, соның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасына сәйкес келмейтін және өтініш берген адамдарға арналған» деп түсіндірді «Отбасы банк» басшысы.
Жоспар бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында 8 мыңға жуық пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасына қатыспақ.
Қайырбек Өскенбаев республиканың қолданыстағы тұрғын үй қорын жаңарту бойынша іс-шаралар жүріп жатқанын, соның аясында былтыр 8 өңірде 249 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткенін мәлімдеді. Биыл қосымша 473 тұрғын үйді жөндеуге 19,5 млрд теңге жоспарланған.
«Тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын орта есеппен 50 мыңға өсіп, бүгінде 559 мың адамды құрайды. Отбасы мүшелеріне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс мөлшерінен төмен табысы бар кезекте тұрғандар тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Негізінен бұларға көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары жатады. Табысы 1 ең төменгі күнкөріс мөлшерінен жоғары кезекте тұрғандар жаңа тұрғын үйге жеңілдетілген несие алу арқылы тұрғын үй сатып алады» деді Өскенбаев.
Оның айтуынша, тұрғын үй пулдарын қалыптастырғаннан кейін осы қорлардың жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген акциялары кепілдендірілген кірістілігі бар нарыққа ұсынылатын болады.
Жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру үшін «Отбасы банкі» өкілеттіктерін күшейту ұсынылды. Жалпы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары үшін – 31, өзге өңірлерде 21 және ауылдық жерде 15 АЕК мөлшерінде жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысынан жалға алуды субсидиялау жоспарланған.
Жалпы, тәуелсіздік алған 30 жыл мерзім ішінде елімізде 170 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынып, 1,6 миллионнан астам азамат тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті. Былтырдың өзінде 2020 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, 140 мыңнан астам тұрғынжай пайдалануға берілді.
«Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6% – ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестициялар тартылды. 2021-2025 жылдар аралығында 103 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша құрылыс саласында енгізілген локдаундарға қарамастан дамудың оң серпіні байқалады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13% артты. Құрылыс белсенділігінің өсуі Маңғыстау облысын қоспағанда, 16 өңірде байқалады» деді вице-министр.