QAZVAC вакцинасының қауіпсіздігі зерттеу нәтижелерімен расталды

Жарияланды
Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинациялау ерікті болып табылады

QAZVAC вакцинасын клиникалық зерттеудің I-II фазасының нәтижелері бойынша есептер және III фазасының аралық есебі оның қауіпсіздігін растайды. Бұл туралы ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК жұмысы туралы шұғыл ресми Telegram каналы хабарлады.

Ұсынылған есептер негізінде, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 850 қаулысымен бекітілген COVID-19 қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес, вакцина медициналық қолдануға жіберіледі. Естеріңізге сала кетейік, QAZVAC уақытша тіркеу куәлігі 2020 жылдың 31 желтоқсанында берілген болатын.
Қазақстандық вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі Хаттамада көзделген зерттеу субъектілерінің 50% белгісінен өтті және оны ағымдағы жылдың 25 маусымында аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін QAZVAC тиімділігін толық бағалау жүргізіледі.

Вакциналардың клиникалық зерттеулері, соның ішінде III фазада, бүкіл әлемде жалғасуда. Сонымен, Ресей Федерациясы «Спутник V» зерттеулерін 2021 жылдың мамыр айының басында аяқтауды жоспарлап отыр, ал әлемдегі көптеген фармацевтикалық компаниялар өз зерттеулерін 2022-2023 жылдары аяқтайды.

Қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналарды медициналық қолдануға жедел жіберу туралы шешімдер әлемнің көптеген реттеуші органдарында қабылданады. Вакцинация аурудың таралуымен күресудің ең тиімді әдісі және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың сенімді әдісі болып қала береді. Бұл ретте, вакциналарды қолдануға рұқсат етудің қысқа мерзіміне қарамастан, олардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеру мұқият және барлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.

Жағымсыз реакциялар анықталған, «пайда-тәуекелдің» қолайсыз арақатынасы туралы деректер алынған немесе өнертабысқа немесе пайдалы модельге үшінші тұлғалардың айрықша құқықтарын бұзу туралы күшіне енген сот шешімі болған жағдайларда вакцинаны уақытша тіркеу тоқтатыла тұруы немесе жойылуы мүмкін екенін атап өткен жөн
Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинациялау ерікті болып табылады және вакцинацияланушы вакцинация кезінде қолжетімді вакцинациядан өзі еггісі келетін вакцинаны таңдауға да құқылы.

Анықтама: QAZVAC вакцинасы – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған вакцина. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның тиімділігі 90% — дан жоғары.

2020 жылғы 31 желтоқсанда «Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 850 қаулысының негізінде вакцинаға 30.09.2021 жылға дейінгі мерзімге 31.12.2020 жылғы ҚР-БП-№1 уақытша тіркеу куәлігі берілді.

Вакцинация бұлшықет ішіне 2 кезеңде жүргізіледі, бірінші және екінші дозаны енгізу арасындағы аралық – 21 күн. Вакцинациялау пунктінде алдымен тексеру жүргізіледі, сауалнама толтырылады және вакцинациялауға жазбаша ақпарат беріледі.

Вакцинация 18 жастан асқан адамдарға ұсынылады. 18 жасқа дейінгі балалар үшін тиімділік пен қауіпсіздік зерттелмеген.

QAZVAC вакцинасының 50 мың дозасы өңірлерге таратылды: 6000 дозадан Нұр-сұлтан мен Алматы, 4000 дозадан Шымкент, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары, қалған өңірлер 2000 дозадан алды. Мамыр айында тағы 50 мың доза шығарылады деп күтілуде. Болашақта препарат өндірісі кезең-кезеңімен айына 500 мың дозаға дейін артады.

Сондай-ақ оқыңыз