Банк секторында өсім бар

Жарияланды
2021 жылдың I тоқсанында банктердің жиынтық таза табысы 283 млрд теңгеден асқан

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның банк секторында айтарлықтай өсім байқалады. Пандемия бұл салаға кері әсер, яғни, жағымды әсер беріп жатқан сыңайлы. Дәл қазір отандық секторда 25 банк бар болса, соның 15-і шетелдік банктердің еншілес ұжымы немесе филиалы болып келеді. 

Дәл қазіргі сәтте «Халық банк», «Сбербанк», «Kaspi Bank», «ForteBank» және «Отбасы банк» – осы  бес қаржы институтының жиынтық үлесі биыл қаңтар-наурыз аралығында 64-тен 64,1 пайызға көбейген. Қарыз портфелінің үлесі 64,5-тен 66,7 пайызға артқан. Депозит портфелі жыл басында 66,5 пайыз болса, қазіргі деңгейі – 67,1 пайыз. Агенттіктің ұсынған дерегіне сүйенсек, 2021 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша банк секторының активі 32 426,2 млрд теңгеге жеткен. Яғни, былтырмен салыстырғанда 4 пайызға (1 255 млрд теңгеге) ілгерілеу байқалады. Сонымен қатар банк секторының өтімділік қоры да 14 923 млрд теңгеге дейін өскен. 

Жиынтық активтердегі қарыз портфелі үлесінің көп екеніне қарамастан, қаңтар-наурызда оның 50,7 пайыздан 48,7 пайызға дейін айтарлықтай қысқарғаны байқалады. «АТФ Банктің» 69 млрд теңгеге, «ForteBank» АҚ-ның 59,1 млрд теңгеге дейін несие портфелінің төмендеуі осыған себеп болған сияқты. Сондай-ақ жыл басынан бері «Bank RBK» АҚ-да, «Халық банкте» берілген несие көлемі біршама төмендеген. Бұған корпоративті сектордағы, оның ішінде шағын және орта бизнестегі клиенттерді займдарды өтей бастауы себеп болған сыңайлы. Заңды тұлғалар несиесі де жыл басынан бері 0,5 пайызға қысқарған. Соның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру деңгейі 3,5 пайызға азайыпты. 

Салалар бойынша алып қарағанда банктер негізінен өнеркәсіп (13,5 пайыз), сауда (11,8 пайыз), құрылыс (4,2 пайыз), транспорт (3,2 пайыз) салаларына көбірек несие берген. 

Жеке тұлғаларға берілген несие көлемі, керісінше, арта түскен: 2,8 пайызға дейін немесе 7 733,7 млрд теңгеге. Соның ішінде тұтынушылық несиелер 2021 жыл басталғалы 4391 млрд-тан 4556 млрд теңгеге дейін көтеріліпті. Бұл ретте ипотекалық несие көлемі 0,2 пайызға азайған. 

Валюта бөлінісі бойынша алып қарасақ, 2021 жылдың бірінші тоқсанында ұлттық валютада берілген займ көлемі 2 пайызға, 12 983,2 млрд теңгеге көбейген. Ал шетелдік валютамен берілген несиелер 4,6 пайызға, 1 809 млрд теңгеге азайыпты. Сондықтан несиедегі теңгенің салмағы 87,8 пайыз болса, шетел валютасының үлесі 12,2 пайызды құрайды. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төленбеген несие көлемі бойынша да дерек ұсынған. 

«1 сәуірдегі жағдай бойынша 90 күннен артық мерзімде төленбеген (NPL) несие үлесі 6,9-дан 7,1 пайызға, 1120,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұған заңды тұлғалардың займ портфеліндегі NPL-дің 5-тен 9 пайызға дейін өсуі себеп болған. Бұл ретте жеке тұлғалардың займ портфеліндегі NPL 90+ деңгейі 5,4-тен 5,3 пайызға дейін төмендеген. Жекелеген банктердің есебінен олардағы 90 күннен асқан мерзімде төленбеген несие деңгейінің төмен екенін байқауға болады. Қаңтар-наурызда ол небәрі 1 пайызды құраған. Алайда былтыр локдаун кезінде несие төлемі бойынша шегеру мүмкіндігі ұсынылды. Олардың уақыты әлі аяқталған жоқ. Осыған байланысты қарыз портфелінің шынайы бейнесі басқаша болып шығуы мүмкін. NPL 90+ несиелерін провизиямен жабу 78,2 пайызды құрайды. Жеке тұлғалардың несиесін провизиямен жабу – 68,5, заңды тұлғалардың несиесін провизиямен жабу – 103,2 ШОБ-тың несиесін провизиямен жабу 74,8 пайызға тең» делінген агенттік хабарламасында. 

2021 жылдың бірінші тоқсанында сектордың таза табысы 283,3 млрд теңгеге жеткен. 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда таза табыс 34,6 млрд теңгеге, яғни, 14 пайызға өскен. 

«Алғашқы үш айда ең көп табысты «Халық банк» (83,7 млрд теңге), «Kaspi Bank» (63,5 млрд теңге) және «Сбербанк» (30,6 млрд теңге) тапқан. Алайда бұл көрсеткішті былтырдың бірінші тоқсанымен салыстырсақ онда «Халық банк» таза табысының 517,6 млн теңгеге азайғаны байқалады. Ал «Kaspi Bank» пен «Сбербанк» керісінше, 6,1 және 12,5 млрд теңгеге өсім көрсетіп отыр. Жалпы алғанда, «КЗИ БАНК» ЕБ» АҚ және «Al Hilal» Ислам банк» АҚ-дан басқа екінші деңгейлі банктер барлығының қаржылық нәтижесі оң өсім көрсеткен. Бұл ретте «КЗИ БАНК» ЕБ» АҚ және «Al Hilal» Ислам банк» АҚ 991,2 млн және 532.5 млн теңге көлемінде шығынға батқан» деп хабарлайды қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. 

Агенттік ұзақ уақыт бойы тек қана теріс қаржылық нәтиже көрсетіп және пруденциалды талаптарды бұзып келе жатқан «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ны есепке алмағанын, бұл ретте қадағалаушының бұл банк бойынша әлі нақты шешім қабылдамағанын хабарлаған. 
 

Сондай-ақ оқыңыз