Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің бүгінгі үкімет отырысында айтқан мәлімдемесі бойынша, 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу қарқыны 2020 жылдың наурызынан бері алғаш рет 0,7 пайызды құраған. Қызмет көрсету саласы өсім көрсетіп, ішкі сұраныстың қалыпқа келе бастауы экономикаға оң әсер еткен.
«Өңдеу өнеркәсібі салаларында серпінді және тұрақты өсу байқалады. Сонымен бірге экономиканың өндіруші емес салаларында негізгі капиталға инвестициялар айтарлықтай өсуде. Жалпы алғанда, экономика өсімінің құрылымында сапалы өзгерістер байқалуда. Экономика дамуының басты драйвері – қазіргі жағдайда нақты сектордың тұрақты өсуі. Осы жылдың есепті кезеңінде тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты сектордағы өсім 7,9%-ды құрады. Құрылыс, ақпарат пен байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен және электрмен жабдықтау, ауыл шаруашылығы салаларында жоғарғы өсу жалғасуда. Бұл ретте, өңдеу өнеркәсібі соңғы он жылдағы ең жоғары өсуді көрсеткенін айта кеткен жөн» деді ұлттық экономика министрі.
Сауданың 5,7%-ға өсуі аясында қызмет көрсету секторы оң өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібі салаларында қарқынды және тұрақты өсу байқалуда. Атап айтқанда өсім машина жасауда 20,6%, оның ішінде автомобиль құрастыруда – 25,4%, құрылыс материалдарында – 26,5%, химиялық өнімдер өндірісінде – 11,2%, пластмасса өнімдері өндірісінде – 18,5%, фармацевтикада – 26,2%, киім өндірісінде – 23,6% және жиһаз өндірісінде 19,5% деңгейінде тіркеліпті.
Өндіруші емес салаларда жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 32,3%-ды құраған. Инвестициялардың айтарлықтай өсуін өңдеу өнеркәсібі – 2,1 есе, құрылыс – 72%, ауыл шаруашылығы – 66%, ақпарат және байланыс – 61%, сауда – 28,3%, көлік – 27,6% және жылжымайтын мүлік операциялары – 27,5% деңгейінде көрсетті. Қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы 19,7 млрд долларға жетті, оның ішінде экспорт – 11,5 млрд долларды құрады делінеді ақпаратта. Бұл ретте шикізаттық емес тауарлар экспорты 15%-ға өсіп, 4 млрд долларға дейін жеткен. Тауарлар импорты 8,2 млрд долларды құрап, оң сауда балансы 3,3 млрд доллардан асыпты.
Ерғалиевтің айтуынша, жалпы өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім 7,7%-ға дейін жеделдеді. 13 өңір оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында байқалған.
«Көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік орын алып отыр. Ең жоғарғы көрсеткіш Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі, Түркістан және Жамбыл облыстарында байқалады. Құрылыс саласы жоғары өсу динамикасын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ға ұлғайды. Батыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғарғы өсуі Түркістан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында байқалады. Тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 13,3%-ға өсіп, 3,5 млн шаршы метрді құрады. Павлодар және Алматы облыстарынан басқа барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Өнім шығару 3%-ға артты. 13 өңірде оң серпін байқалып отыр. Ақмола облысы ең жоғарғы өсім көрсетті. Жалпы, тұрақты өсу қарқыны мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Олар ауыл шаруашылығы өңдеу саласын инвестициялауды ынталандыруға, ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне, экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған» деді ведомство басшысы.
Министр елде тұрғын үй құрылысының да белсенді жүргізіліп жатқанын айтты. Қаңтар-сәуір айларында тұрғын үй құрылысы 13,3 пайызға өсіп, 3,5 млн шаршы метрге жеткен. Бұл ретте Павлодар және Алматы облыстарынан өзге барлық аймақ оң өсім нәтижесін көрсетіпті. Сонымен қатар ведомство басшысы ауыл шаруашылығы саласының да тұрақты даму қарқынына ие екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару 3 пайызға ұлғайған. 13 өңірде оң өсім байқалады. Әсіресе, Ақмола облысы бұл салада көшбасшылық танытып отыр. Ал Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыстары әзірге ауыл шаруашылық өнімдерін шығарудан өзге аймақтарға ілесе алар емес.
Ұлттық экономика министрлігі басшысы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың 2021 жылға арналған Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспарды тиімді іске асыруға, экономиканың басым секторларында ірі компаниялармен инвестициялық келісімдерді іс жүзінде іске асыруға назар аударуы қажеттігін атап көрсетті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы және құрылыс-монтаж жұмыстарының маусымын белсенді өткізу, «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде таргеттелген тұрақты жұмыс орындарын құру, жаңа «өсу факторларын» дамыту және өңірлердің экономикалық байланысын күшейту басымдыққа ие.