Қарағандыда екі жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен жылына 2,5 миллион тоннаға дейін көмір концентратын өндіруге қабілетті заманауи «Қазқарбон» байыту фабрикасы іске қосылды. Инвестиция көлемі 12 млрд теңге. Салынып жатқан фабрика «Индустрия 4.0» деңгейіне сәйкес келетін қазіргі заманға сай ақылды технологияларды енгізудің үлгісіне айналды. Өндіріске Қарағанды көмірі шикізат ретінде пайдаланылады. Яғни, қазақстандық қамту үлесі 100%.
Ең бастысы, фабрикада 100-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, өңірдің дамуына оң әлеуметтік-экономикалық әсер етеді.
Сондай-ақ, «Ютария ltd» жаңа тігін фабрикасы іске қосылды. Бұл кәсіпорында 250-ден астам адам жұмысқа орналасады. Толық өндірістік қуаттылығы жылына 350 мыңнан астам тігін бұйымдарын шығаруға жетеді. Жаңа фабрика медициналық қызметкерлерге арналған бетперделер, халаттар мен киімдер тігуге маманданған. Бұдан басқа, көмір өнеркәсібі кәсіпорындары үшін арнайы киім тігіледі. Кәсіпорында тігінші, тігін өндірісінің конструкторы және технологы сияқты мамандықтарды оқытатын және қайта даярлайтын оқыту орталығы ашылды.
«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында мал мен балыққа арналған жасыл жемшөп өндірісі бойынша Virgin Soil Kz жобасы таныстырылды. Инвестиция көлемі 27 млрд теңге шамасында. Мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Өндіріс қуаттылығы -күніне мың тоннаға дейін азық өндіруге жетеді. Құрылысты биыл бастап, 2022 жылы аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мен өңір басшысы «Қарағанды-Балқаш» тас жолындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта жолдағы жұмыстардың 50% орындалды. Төрт жолақты жолдың кейбір учаскелерінде көлік қозғалысы ашылған. Құрылысқа 9 асфальтбетон зауыты мен 10 ұсақтау-сұрыптау кешені тартылған.
Сапаны тексеру үшін алты аттестатталған жол зертханасы жұмыс істейді. Жолды қайта жаңғырту аясында 10 көпір, ауыл шаруашылығы техникасына арналған 32 жол өтпесі, екі көлік айрығы және теміржол арқылы өтетін бір жол өтпесін салу қарастырылған.