Жаңалықтар

Елорда мектептері қосымша қауіпсіздікпен қамтамасыз етіледі

Қала әкімі тапсырма берді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында білім мекемелерінде қауіпсіздік қалай сақталатынын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

 «Оқушылар өздерін мектеп қабырғасында қауіпсіз сезінуі керек. Ол үшін бірқатар шаралар қабылданды. Мектептер камералармен, дабыл түймелерімен, турникеттермен жабдықталды. Мектеп басшылары күзет ұйымдарымен шарттар жасасты. Дегенмен әлі де бірқатар мәселе бар. Онлайн режимде мектеп директорларымен өзекті мәселелер талқыланды.

Бірінші. Барлық оқу орындары бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Дегенмен бейнебақылау арқылы камера «көзі түспейтін» аймақтарды да қамту қажет.

Екінші. Күзет ұйымдарымен шарттар жасалды. Аталған ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейтуді тапсырдым. Себебі мұғалімдер мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды.

Үшінші. Жүгенсіз жасөспірімдер мен қиын жағдайға тап болғандарды анықтауда оқу орындарының қызметкерлері маңызды рөл атқарады. Мектеп психологтарының, медицина қызметкерлерінің және ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ қоғамдағы моральдық құндылықтарды нығайту, сыныптардағы ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстарды тұрақты негізде жүргізу қажет.

Төртінші. Әр мектепте факультативті сабақтар өткізіледі, онда оқушыларға қауіп туындаған кезде өзін қалай ұстау керектігі түсіндіріледі. Бұл сабақтарға назар аударып, оған барынша байыппен қарау керек.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Білім басқармасының басшысы мен мектеп директорларына қосымша жабдықтар сатып алу үшін тізімдерді ұсыну тапсырылды: мектептерді қосымша бейнебақылау камераларымен, турникеттермен және басқа да арнайы техникамен жабдықтау қажет.

Қазан қаласындағы мектепте болған қайғылы оқиғадан әркім сабақ алуы керек: оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрқайсымызға байланысты. Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі мәселелеріне жауапсыздық танытпау қажет», – деп жазды әкім.