Жаңалықтар

Бюджеттен 7,5 трлн теңге әлеуметтік салаға бағытталады

Әлеуметтік саласы 374 миллиард теңгеге ұлғайтылды

​​Бюджеттен 7,5 трлн теңге әлеуметтік салаға бағытталады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, – деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі. 

   «Жалпы бюджеттің әлеуметтік саласы 374 миллиард теңгеге ұлғайтылды және 7,5 триллион теңгені немесе жалпы шығыстардың 48,7 пайызын құрады», – деді Жамаубаев. 

Сонымен қатар, экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталатын қаржы 2,4 трлн теңгеге дейін (16%) немесе 723 млрд теңгеге артты. Күштік құрылымдардың шығыстары 211 млрд. теңгеге артып 1,6 трлн.теңгені құрады. Жалпы мемлекеттік шығындар 80 миллиард теңгеге қысқарып, 3,3 триллион теңгені құрады.

  «Шығындардың төмендеуі Президенттің бастамалары үшін резервтің қайта бөлінуіне байланысты», – деп атап өтті қаржы министрі.

Ол сонымен қатар қосымша шығындардың едәуір бөлігі аймақтарға мақсатты трансферттермен аударылатынын айтты. Жалпы, бұл 539 млрд теңге, оның 335 млрд теңгесі дамуға арналған трансферттер.

Осылайша, республикалық бюджетке түсімдер 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 12,6 трлн теңгені құрады. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 149 млрд.теңгеге артып 3,5% деңгейінде болжануда. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 1,3 трлн теңгеге ұлғайтылды және 15,3 трлн теңгені құрады.