Пандемияға байланысты Қазақстан мектептерінің жаппай онлайн білім беру жүйесіне көшкені белгілі. Әрине, ішінара кейбір оқу ордаларында оқушылар оффлайн форматта сабақ оқуда. Алайда білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сай, негізінен онлайн форматта оқыту міндеттелген.
Алдағы 25 мамырда елімізде кезекті оқу жылы тәмамдалады. Биыл республикада 3 миллионнан астам оқушы қашықтан білім алса, әлем бойынша бір жарым миллиард бала мектепке бармай сабақ оқыды. Қазақстандық оқушылар мен мұғалімдер BilimLand компаниясы мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» бірлесе дайындаған OnlineMektep платформасын пайдаланды. Оқу жылына арнап барлық 11 сынып пен 37 пәнді қамтитын 24 240 цифрлық сабақ және 550 000 интерактивті жаттығу дайындалған.
Әр сабақ оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйенің әр оқушының жеке ерекшеліктеріне бейімделуіне ықпал ететін тақырыпты түсіндіру бөлімі мен 9 деңгейлі жаттығулар жиынтығынан тұрады. Осылайша, пандемиялық шектеуге жауап ретінде құрастырылған жүйенің арқасынд жаңартылған мектеп мазмұны сандық форматқа толықтай көшіріліп, әр оқушыға жеткізілді. Мамандардың пікірінше, OnlineMektep – ең шалғай ауыл оқушыларын елдегі ең үздік педагогикалық тәжірибемен байланыстырған ерекше жобаға айналды.
Zero.kz қазақстандық интернет-статистика рейтингіне сәйкес OnlineMektep тоғыз ай бойы еліміздегі ең көп қаралатын веб-ресурс болған. Оқу жылының басынан бері платформада күн сайын 2 миллионға жуық оқушы білім алды. Трафиктің 80 пайызы OnlineMektep мобильді қосымшасына тиесілі.
Платформаға 2 875 697 белсенді оқушы мен 284 033 мұғалім тіркелген. Оқу жылында OnlineMektep-те 315 миллион онлайн сабақ өткен, 101 627 825 үй жұмысы беріліп, тексерілді, 2 504 166 189 тапсырма мен жаттығу орындалыпты.
Пандемия әсіресе ұстаздар қауымына салмақ салды. Технологиялармен байланысты жаңа дағдыларды тез игеруге тура келді. Оқушылар мен ата-аналар да тосын жағдайға шұғыл бейімделуге мәжбүр болды. Қысылтаяң жағдайда ұстаздарды қолдап, оларға әдістемелік көмек көрсету үшін платформа негізінде мұғалімдердің ауқымды кәсіби қауымдастығы құрылды, ұстаздарды қолдау қызметінің YouTube арнасына 370 мыңнан аса мұғалім жазылған.
Осы және өзге де мәліметтер пандемия жағдайында өткен оқу жылының қорытындыларына арналған «Пандемия сабақтары: білім берудегі цифрлық трансформацияның бүгіні мен болашағы» конференциясында жарияланды.
Конференцияға қатысушылар дағдарыс кезіндегі білім сапасына келген нұқсан онлайн оқытудың емес, пандемияның әсері дегенге келісті. Бұл жағдайда қашықтан оқыту мен онлайн платформалар оқу процесін қамтамасыз етудің негізгі құралына айналды.
Пандемия білім берудегі цифрлық трансформацияны жеделдетіп, соның негізінде мұғалімдер баға жетпес тәжірибе жинады, жаңа дағдылар қалыптастырып, цифрлық біліктілігін арттырды. Ал оқушылардың платформа мен контентке қол жеткізе отырып, ілгері білім алуға шексіз мүмкіндік алғаны сөзсіз.
Ал оқу процесінің форматы келер жылы қандай болмақ? Бұл сұраққа қатысты білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берген.
«Оқушылардың қашықтан оқуы олардағы білім сапасына кері әсер етеді. Келесі жылды біз дәстүрлі форматта бастаймыз деп ойлаймын. Дегенмен кез келген жағдайға даяр болу үшін қосымша Б жоспары болуы тиіс» деген еді министр.
Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, пандемиядан дәл осы білім саласы әлі ондаған жылдар бойы зардап шегеді. Орталық Азияның экономикалық шығыны 44 млрд долларды құрауы мүмкін. Мұның соңы жасөспірімдердің жеткілікті білім деңгейінсіз есеюіне алып келуі ықтимал.