Карлаг маңындағы шахтерлар қаласы
Шахтинск – Қарағанды облысындағы Шахан, Новодолинский және Долинка елдімекендерінің әкімшілік орталығы. Шахтинскке Қарағандыдан № 121 автобуспен немесе таксимен жетуге болады. Қарабас теміржол вокзалынан пойызбен де бара аласыз, бірақ станцияға жету үшін 28 шақырым жүру керек.
Редакциядан: Жоба авторының пікірі немесе қалада болып жатқан қандай да бір үрдіске берген субъективті бағасы редакцияның немесе «Шеврон» компаниясының пікірін білдірмейді.
Бұл қандай қала?
Адамзат бағзы заманнан бастау мен бұлақ басына қоныстануға тырысқан. Ал Шахтинск қаласына келер болсақ, бұнда адам да, су да, пайдалы қазба мен кен де бір жерден табылып, өзара тоғысқан.
1955 жылы Тентек өзінің жағасында осы өзен атын иемдемдеген жұмысшылар кенті пайда болды. Мұнда адамдардың қоныстанып, жұмысшы кентінің іргесі қалануына 1949 жылы кеңестік геологтар Марк Фишман мен Леонид Думлер ашқан Тентек кен орны себеп болған. Бұл жақтан жоғары сапалы тас көмір табылды.
Тас көмір қоры 4,5 млрд тоннаға жететін 40 шақты көмір қабатын тапқан тәжірибелі геолог-барлаушы Леонид Думлер бұл жолы өздерінің жолы болып, сәттілік жолдас болғанын айтып кеткен.
1955-1961 жылдар аралығында Тентек елді мекені өте тез өсіп, дамыды. Сол кезде «Тентекшахтострой» тау-кен компаниясы мен 2 көмір шахтасы ашылды. Жергілікті билік тұрғын үй, кинотеатр, тіпті Пионерлер мен Оқушылар сарайын, жас техниктер үйін салуды қолға алды.
1961 жылы 15 тамызда Қазақ Кеңес Республикасы Жоғарғы Кеңесі Тентек елді мекеніне ресми қала мәртебесін беріп, оның атын Шахтинск деп өзгертті. 1989 жылы қала халқы 96 654 адамға дейін жетті. 2021 жылғы жағдай бойынша Шахтинск қаласы және оған жақын орналасқан бірнеше елдімекенде барлығы 40 000 адам мекен етеді.
Кеңес Одағы ыдырағанға дейін көмір шахтасы, тұрғын үй құрылысы комбинаты, көлік компаниясы, тұрмыстық қызмет көрсету орталығы, жуғыш заттар шығаратын зауыт, жаңа автовокзал, шағын механизмдер шығаратын зауыт, кітапханалар желісі және 13 мектеп, музыка метебі, сүт зауыты және т.б. болған. 1977 жылы Шахтинск қаласы Бүкілодақтық еңбек тиімділігі конкурсының жеңімпазы атанды.
Сол кездері қала мен оған жақын жатқан ауылдарда алты кинотеатр жұмыс істеп тұрған. Қазір үш кинотеатрдың ғимаратында екі мейрамхана мен шіркеу орналасқан. Ал қалған үшеуі жабылып қалған, жұмыс істемейді.
Қазіргі кезде «Тентек», «Шахтинск», «Қазақстан» және Ленин атын иеленген төрт көмір шахтасы жұмыс істеп тұр. Олар 1996 жылдан бері ArcelorMittal компаниясының құрамына кіреді.
Қаланың келбеті қандай?
Бұрын Шахтинск үш аймаққа бөлінген: тұрғын аймақ, өндірістік және қызмет көрсету аймағы. Қалашық бас жоспарын негізге ала отырып салынғандықтан, басқа тау-кен қалаларына тән хаос құрылыс жоқ.
Қалаға Қарағанды жағынан кіргенде, Абай Құнанбаев даңғылына, бүкіл қаладан өтетін орталық көшеге жетесіз. Автовокзал сіздің оң жағыңызда.XX ғасырдың соңында салынған ғимарат талай жыл жекенің меншігінде болып, қараусыз қалғандықтан, қазір жағдайы аса мәз емес. Алайдабиыл жергілікті билік ғимараттың жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
«Қазір автовокзал коммуналдық меншікке өткен. Біз техникалық сараптама жасап, инженерлік желілерді жөндей бастадық. Сондай-ақ шатырын ауыстырып, вокзал ғимаратының іші мен сыртын жаңартуымыз керек» дейді Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов.
Қаланың көруге тұрарлық көрікті жерлері
Орталық саябақ – қала тұрғындардың бос уақытын өткізіп, демалатын сүйікті орны. Сондай-ақ, назар аударарлық ескерткіштер де осында.
Мәселен, мына суретте – 2009 жылы кеншілер күніне орай орнатылған «Шахтерлер отбасы» ескерткіші. Ескерткіш авторлары – Мингиш Әбілқасымов (кескіндемеші, график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері) және Виктор Арент (суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі).
Тағы бір ескерткіш – Ауғанстанда қаза тапқан кеңес жауынгерлеріне арналған мемориал. 2009 жылы Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл толуына орай, Шахтинск қаласында интернационалист жауынгерлерді еске алу мемориалдық кешені ашылды. Салтанатты ашылу рәсімінде оларға «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл» деген төсбелгі табыс етілді.
2011 жылы ArcelorMittal Temirtau компаниясының мердігері AGS Pro Engineering Тәуелсіздік саябағын салған. Сол жылы бұл баққа қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың ескерткіші қойылды. 2014 жылы Тәуелсіздік саябағында Жеңіс монументі ашылды.
Спортпен айналысқысы келетін тұрғындар үшін стадион бар.
Қала жастары Jaguar спорттық-сауықтыру орталығына, жергілікті музыкалық мектепке немесе биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтетін Жастар орталығына бара алады. Мұнда білім алғандардың басым көпшілігі түрлі байқау мен сайыстарда жүлделі орын алған.
Қала маңында не бар?
Шахтинск қаласы үш елдімекен: Шахан, Новодолинский және Долинканың әкімшілік орталығы.
Бұл елді мекендердің әрбірінің өзіндік тарихы бар, соның ішінде Долинка кентінің есімі ерекше аталады. Ел тарихында бұл жер 1931-1959 жылдарда Карлагтағы саяси тұтқындардың азап лагері орналасқан орын ретінде мәлім. Қасіретті жылдар еске түскенде Долинканың да бірден ауызға ілігетіні рас.
Долинка елдімекенінің атауы немістің «гнаденфельд» сөзінен шыққан, яғни «құнарлы егістік» дегенді білдіреді. Еуропадан қоныс аударғандардың алғашқылары немістер еді. Кейін бұл атау орысша баламасына өзгертілді.
Өткен ғасырдың 30 жылдары Долинка елдімекені 1931 жылы желтоқсанда құрылған Қарағанды еңбек лагерінің немесе Карлагтың әкімшілік орталығы болды. Кейін ол Кеңес Одағындағы ең ірі еңбек лагерлерінің біріне айналды.
Кеңес өкіметі Орталық Қазақстанда көмір шахтасы мен металлургия өнеркәсібін дамыту үшін тұтқындардың арзан жұмыс күшін пайдаланған.Карлагтағы әкімшілік ғимараттарды тұтқындар салған.
Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы 2001 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен құрылды. Егер мұражайға барғыңыз келсе, № 121 автобуспен Долинка аялдамасына дейін жетіп, содан кейін №5 автобусқа отыру керек немесе таксимен жетуге болады.
Оның ауданы 2 078 645 шаршы метрді құрайды, ал билет бағасы – 600 теңге, оқушыларға – 300 теңге, зейнеткерлерге – 400 теңге.
Бұл музейде көруге тұрарлық көп зат бар: тұтқындардың жеке заттары, фотосуреттер мен құжаттар, кітаптар. Музейде қойылған инсталляцияларға қарап, тұтқындардың осында қалай өмір сүргенін елестету оңай.
Мұражайдан бірнеше шақырым жерде Аналар зираты (Мамочкино моласы» деп аталатын мемориалдық кешен бар, ол 1930-40 жылдары Карлагтағы әйелдер мен олардың балаларының зираты болған. 2002 жылы бұнда жөндеу жұмыстары жүргізілді.Тас ескерткіште мынадай сөздер жазылған: «Жазықсыз құрбандардың құрметіне. Бұл енді ешқашан қайталанбауы тиіс.
Карлагта қайтыс болған украиндарға арналған тағы бір ескерткіш 2005 жылдың қыркүйегінде ашылған. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» музейі құрғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде, Тәуелсіздік күнінде арнайы іс-шаралар ұйымдастырып отырады.
Шахтинск – Қазақстандағы бір-біріне тым ұқсайтын шағын қаланың бірі болғанымен, өзіндік тарихы, ерекшелігі бар шаһар. Бұнда әрбір жан ең құрығанда бір рет келіп, өткен азалы күндерді еске алуы тиіс…