Банк банкрот болса, жинаған депозитіңіздің жайы не болмақ?

Жарияланды
Маңызды сұрақтарға жауап береміз

Азамат өз ақшасын қай банкте сақтаймын десе де өзі шешеді. Депозитке қатысты әр банктің саясаты әртүрлі. Әркімнің өзіне тән артықшылықтары бар. Ал сол банк кез келген бір күні жабылып қалса, ондағы жинағыңыздың күйі не болмақ? Дәл осы мәселеде қазақстандықтардың көбірек білгені жөн секілді. Өйткені соңғы бірер жылда отандық қаржы нарығында банктердің өз қызметін күрт тоқтатуы жиілеп бара жатыр. 

ҚДКБҚ өтем ақшаларды қандай жағдайда төлейді?

Банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда ғана ҚДКБҚ салымшылар алдындағы міндеттемелерді өзіне алады. Лицензияны қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қайтарып алады. Бұл ақпарат сол күні телеарналарда, интернетте және әлеуметтік желілерде пайда болады. Қор бұған дейін салымшыларға ақшаларын банкті еріксіз тарату туралы сот шешімі күшіне енген күннен бастап төлейтін. Ал 2020 жылдың басынан бастап банк лицензиясынан айырылған күннен бастап төлейді. Қор өтем ақшаны төлеуді банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 35 жұмыс күні ішінде бастайды.

Банк ақша беруді тоқтатты. Қор қандай көмек көрсете алады?

Қолма-қол ақша беруді уақытша тоқтату қор алдына ешқандай міндеттеме жүктемейді. Бұған банктің басшылығы мен акционерлері жауап береді.

Қор депозит сомасын толығымен өтей ме?

Депозиттердің әрбір түрі бойынша кепілдік берілген ең жоғары сома белгіленген. Яғни, теңгелік жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңге, жинақ салымнан басқа теңгелік салымдар бойынша – 10 миллион теңге, шетел валютасындағы барлық депозиттер бойынша – 5 миллион теңге. Бұлардан артық сомаларға қор кепілдік бере алмайды. 

ҚДКБҚ депозиттерді кепілдік берілген ең жоғары сома көлемінде өтейді. Мысалы, 1 немесе 10 миллион теңге көлеміндегі жинақ депозит сыйақысымен қоса толығымен қорғалған. Дәл 15 миллион теңгені құрайтын жинақ салым да толығымен қорғалған. Бірақ оның сыйақысы кепілдік берілген ең жоғары сомадан тыс есептеледі. Салымның көлемі 15 миллион теңгеден жоғары – мысалы, 16 миллион теңге болуы мүмкін. Бірақ сақталуына кепілдік берілген ең жоғары сома – 15 миллион теңге. Ал 1 миллион теңге – кепілдік берілген ақшадан артық сома. Яғни, қор оған кепілдік бере алмайды.

Бұл қағида басқа депозиттерге де тиесілі. Тек кепілдік берілген сомасы бойынша ғана ерекшеленеді. Ал егер сіздің бір банкте теңгеде және шетел валютасында әр түрлі депозиттеріңіз бар болса, онда олар үшін кепілдік берілген жиынтық сома – 15 миллион теңге.

Депозит пайызы қорғалған ба?

Сыйақылар да қорғалған. ҚДКБҚ банк лицензиясынан айырылған күнге дейін есептелген сыйақылардың сақталуына кепілдік берілген ең жоғары сома көлемінде кепілдік береді. Бұл норма 2020 жылдың 1 қаңтарынан кейін банкрот болған банктерге қолданылады. Бұған дейін ҚДКБҚ кепілдігі тек капиталданған сыйақыларға ғана қолданылды.

Салымдарға кепілдік берілетіні белгілі. Банкте тағы қандай ақшалар қорғалады?

Теңгелік салымдармен қатар банк шотындағы және төлем карточкасындағы ақшаларға, тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесіндегі салымдар мен мемлекет тарапынан AQYL сыйлықақысы қарастырылған білім беру жинақтау салымдарына 10 миллион теңге көлемінде кепілдік беріледі. 

Ақшаның сақталуына кепілдік болу үшін депозитті қай банктен ашқан дұрыс?

ҚДКБҚ жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу және жүргізу лицензиясын алған кез келген банктегі депозиттерге кепілдік береді. Тек ислам банкі жүйесіндегі салымдарға қор кепілдігі қолданылмайды.

Агент-банкке қандай құжаттар ұсыну керек?

Егер салымшы депозиті бойынша өтем алу үшін өзі келіп өтініш жасайтын болса екі құжат – жеке басын куәландыратын құжат пен өтініш керек. Өтініш бланкасын агент-банктің бөлімшесінен алып, толтыруға немесе алдын ала жүктеп алып толтыруға болады.

Қосымша құжат талап ететін жеке жағдайлар да болады: мысалы, тегін, азаматтығын ауыстырған, сондай-ақ өтем ақшаны сенім білдірілген тұлғалар, мұрагерлер, кәмелетке толмаған балаларының салымдарын ата-аналары алатын жағдайлар. Қор және агент-банк әрбір жеке жағдай бойынша онлайн немесе байланыс орталығы арқылы кеңес беруге қашанда дайын.

Қор өтемдерді қалай төлейді?

ҚДКБҚ төлемдерді жүзеге асыру міндетін агент-банкке жүктейді. Агент-банк – бұл қаржылық жағдайы орнықты, жеткілікті филиалдық желісі бар банк. Ол салымшылардың өтініштерін өз бөлімшелерінде қабылдап, өтемдерді касса арқылы төлейді немесе салымшының өтініші бойынша басқа банкке аударады. Қандай банктің агент-банк қызметін атқаратындығын қор алдын ала хабарлайды. Агент-банкке өтініш беру мерзімі – кемінде жарты жыл. Осы уақыт ішінде оның кез келген бөлімшесіне барып өтініш беруге болады.

Өтемді қолма-қол ақшамен алу міндетті ме?

Жоқ. Салымшылар ұсынылған нұсқалардың бірін таңдай алады: яғни, төлемді агент-банктің кассасынан ақшалай алуға, басқа банктегі шотқа, банк карточкасына аударуға немесе агент-банкте осы ақшаға жаңа шот немесе депозит ашуға болады. 

Агент-банкке келуге мүмкіндік болмаса өтемді сенім білдірілген тұлға арқылы алуға бола ма?

Иә, сенім білдіріген тұлға агент-банкке жеке басын куәландыратын құжат пен нотариус куәландырған сенімхат ұсынып, тиісті өтінішті толтырады. Өтем ақшалай беріледі немесе ақшасыз төлеммен басқа банкке аударылады. Агент-банкпен жасалған келісім мерзімі аяқталған соң, қор өтініштерді өзі қабылдайды. Өтінішті қордың Алматы қаласындағы орталық кеңсесі немесе Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілдігіне тапсыруға болады. Қор ақшаны салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына ақшасыз төлеммен аударады. 

Депозитті қалай сақтандыруға болады?

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшылардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын және заңның орындалуын қамтамасыз етеді. Егер банк лицензиясынан айырылса, қор банк салымшылары алдындағы міндеттемелерді өз жауапкершілігіне алып, депозиттер мен сыйақыларды кепілдік берілген ең жоғары сома көлемінде өтейді.
 

Сондай-ақ оқыңыз