Үкіметтің халықты жұмыспен қамту үшін қанша ақша бөлетіні белгілі болды

Жарияланды
Бағдарлама өңірлерде қалай жүзеге асуда?

Былтыр жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 239 мың адам жұмыс тауыпты. Соның ішінде 120 мың адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы екі қолға бір күрек тапқан. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтың айтуынша, жұмыспен қамту жол картасы апатты мектептер мәселесін ішінара шешуге, ауыл тұрғындарының білім алуға, денсаулық сақтауға, таза ауыз суға қол жеткізуіне, суармалы, жайылымдық жерлер көлемін ұлғайтуға және ауылдық елді мекендерді газдандыруға мүмкіндік берген. 

Биыл халықты жұмыспен қамту үшін 300 млрд теңге бөлінбек. Президент тапсырмасымен Ұлттық банктен облигациялық қарыздар есебінен 200 млрд теңге қарастырылған. Жол картасы негізінен төрт бағытты қамтиды: 

  • Халықтың өмір сүру сапасын арттыру;
  • Шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру;
  • Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту;
  • Өңірлерде бизнесті дамыту көзделген. 

Биыл жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 35,6 мың жұмыс орны, 
оның ішінде 55%-дан астам тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. 

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың айтуынша, холдинг бизнес-бастамаларды дамытуды ілгерілету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қолданыстағы тетік шеңберінде ҚР Ұлттық Банкінің қаражатынан айналым мерзімі 10 жыл және жылдығы 7% сыйақы мөлшерлемесімен 200 млрд теңге көлемінде облигациялық қарыз тартуды жоспарлап отыр. 

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың айтуынша,  пандемия кезінде жұмыспен қамтудың жол картасын уақытылы жүзеге асыру жұмыссыздықтың өсуіне жол бермей, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. 

Алматы облысының 2021 жылға арналған қаржыландыру лимиті 31,8 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 8 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 13,1 млрд теңге, АӨК жобаларын кредиттеуге 14,3 млрд теңге және бизнесті қолдауға 2,4 млрд теңге көзделген. 

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде жұмыспен қамту жол картасы іске асырылуда, соның арқасында өткен жылы 6 893 жаңа жұмыс орны құрылып 36 млрд теңгеге 360 жоба жүзеге асырылыпты. Бұл қаражат 5 әлеуметтік нысанды салуға, 143 әлеуметтік маңызы бар объектіні жөндеуге, сондай-ақ 50 ауылды абаттандыруға жұмсалған.  Әкімнің айтуынша, 2020 жылғы жобалар тұрғындардың жалақы түрінде 2,7 млрд теңге табыс алуына, отандық өнім шығарушыларға 29 млрд теңгеге қолдау көрсетуге және 3,6 млрд теңгеге бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға мүмкіндік берді. 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылы Шымкент қаласы бойынша Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде 44,7 млрд теңге бөлініп, 239 жоба іске асырылғанын хабарлады. Нәтижесінде өңірде 8 753 жұмыс орны ашылып, 634 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  

Сонымен қатар тозығы жеткен 15 білім мекемесінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілген. Үш аусымда білім берудің алдын алу мақсатында екі мектептің жанынан қосымша 300 орындық оқу корпусы салынды. 9 мектепте спорт алаңы жасақталған.  Әйтеновтің сөзінше, бұдан басқа,  27 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтылған. Кәрізбен қамтылған тұрғындар саны 12 мың адамға артып, қамтылу көрсеткіші 50,2%-ға дейін өскен. Ұзындығы 10 шақырымды құрайтын, 369 га жерді сумен қамтамасыз ететін «Өтеміс» каналының арнасы және  109 автомобиль жолы жөндеуден өткізілген. 

Жалпы, қаржыландырудың алдын ала лимиті анықталып, содан соң өңірлер бойынша  жұмыс күшінің үлесіне сәйкес бөлінеді. Қазіргі таңда қаражаттың 42,5%-ы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, 33,3%-ы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, 24,2%-ы өңірлерде бизнесті дамытуға және шағын несие беруге бағытталған. 

Шағын несиелер «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған микроқаржы ұйымдары арқылы берілетін болады. Бірінші бағыт бойынша барлығы 136 жоба іске асырылып, 19 мың жұмыс орны, оның ішінде 7,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылмақ. 

«64 жаңа мектептің, 13 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, суару кешенін және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады» деді Серік Шәпкенов. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру» екінші бағыты бойынша жеңілдетілген шарттармен 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен шағын несие беру көзделген.  Жалпы сомасы 22,5 млрд теңгені құрайтын 5,4 мың жобаның алдын ала тізімі әзірленді, оған ет, сүт, азық-түлік өнеркәсібі өнімдерін өндіру және өңдеу, қызмет көрсету және тағы басқа салалардағы бизнес жобалар енгізілген. 
 

Сондай-ақ оқыңыз