Борышкерлер тізімінде барсыз ба?
Жаз да келіп қалды. Пандемия десек те, алыс-жақын кей шет мемлекеттерге емін-еркін баруға болады. Осы ретте сізге ескеру қажет жайттар бар. Бәрін дайындап, буынып-түйініп әуежайға келгенде «сізге шетелге шығуға тыйым салынған» деп тұрса, көңіл-күй түскеннен бұрын ашуланып қаларыңыз анық. Әйтсе де, ереже мен заң бар жерде қолдан келер қайран жоқ. Осындай ыңғайсыз жағдайға қалып қоймас үшін сізге осы тақырыпқа қатысты сұрақтардың жауабын әзірледік.
Шетелге шығуды неге шектейді?
Шама келсе, қарызға жоламаған жақсы екенін бәріміз білеміз. Бірақ осындай жағдайларға тап болсаңыз, ел аумағынан шығатын кезде борышкерлер тізімінде бар-жоғыңызды бір тексеріп барып, жоспар құрған дұрыс. Өйткені мемлекет алдында төленбеген салық, айыппұл не басқа адамдар алдында сотқа жүгінуге дейін апарған қарыздарыңыз болса, ол алдыңыздан шығып қалуы әбден мүмкін. Сонымен бірге, алименттерді немесе жолақы айыппұлдарын төлемеген, қаланың коммуналдық қызметтеріне қарызы бар адамдар да осы тізімге кіруі ғажап емес. Жалпы алғанда тізімге 700 теңгеден бастап төленбеген шоттары бар және сот осы қарызды өндіру туралы қаулы шығарған адамдар енгізілуі мүмкін.
Шетелге шығу шектелген адамдардың тізіміне азамат сот орындаушысының қаулысы бойынша енгізілуі мүмкін. ҚР борышкердің шығуына уақытша шектеу туралы сот орындаушысының қаулысы сотпен санкциялауға жатады. Сот санкциялағаннан кейін сіз қаулының көшірмесін аласыз, сондай-ақ оны ҚР ҰҚК шекара қызметі алады, ол сізді қарызыңыздың өтелуі базада расталғанға дейін шекарадан шығармайды. Егер атқару құжаты сот актісі болмаса және сот актісінің негізінде берілмесе (мысалы, атқарушы парақтар немесе хаттамалар), онда өндіріп алушы немесе мемлекеттік сот орындаушысы борышкер үшін ҚР шығуды уақытша шектеу туралы ұсыныспен сотқа жүгінуге құқылы. Бірақ бұл жағдайда шешімді сіздің қатысуыңызсыз шығаруы мүмкін екенін ескерген жөн. Сол себепті қарыз, айыппұлдар, баж алымдарын және коммуналдық төлемдер қызметтер үшін төлемді істі сотқа жеткізбестен уақытылы төлеген дұрыс. Атқарушы өндірістер бойынша борышкерлердің тізіліміне сот орындаушысы атқарушы құжаттарды ерікті орындауға мерзім аяқталғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде борышкердің мәліметтерін жібереді.
Тізімде бар-жоғын қалай тексереді?
Бұл ақпаратты Әділет министрлігінің сайтынан тексеруге болады. Онда автоматты режимде аталмыш тізімдер жүргізіледі: Шетелге шығуға шектеу қойылған борышкерлердің тізілімі және Атқарушы өндірістер бойынша борышкерлердің тізілімі . Бұл жерде екі тізімді де тексерген жөн, себебі тіпті сіз Атқарушы өндірістер бойынша борышкерлердің тізімінде ғана болсаңыз да, шетелге шығуға тыйым салынған қасақана төлемейтіндер қатарына ауысудың да ауылы алыс емес. Борышкерлер базасы сот органдарынан қаулылардың келіп түсу дәрежесі бойынша тұрақты негізде жаңартылады.
Тексерістің тағы бір маңызды тұсы — қаражатыңыздың қағылуыңды алу үшін. Өйткені туристік фирмадан жолдама алған болсаңыз, егер тізімнен шыққан жағдайда ақшаңызды ешкім қайтармайды.Базаның мерзімді түрде жаңартылатынына қарамастан, егер сізде бұрын төленген қарыздар болса, тізімдерде бар/жоғыңызды тексеру керек. Іс жүзінде кез келген жағдайда шетелге сапарды жоспарлауда екі тізімнен де өз мәліметтеріңізді тексеру артық етпейді. Тізімдегі ақпарат сот орындаушысы шектеуден алу туралы қаулы шығарылғанға дейін және ҚР ҰҚК Шекара қызметіне тиісті электронды хабарлама жіберілгенге дейін сақталады.
Тізімнен қалай шығады?
Әрине, ол үшін айыппұлдарды, баж алымдарын, алименттерді, коммуналдық қызметтерді немесе қарыздарды төлеу керек. Шектеу атқару өндірісі тоқтатылған соң ғана жойылады. Егер атқару өндірісі Заңның 47-бабына сәйкес тоқтатылса, онда қосымша атқару санкциясының 10 пайызын төлеу қажет. Заңның 36-бабына сәйкес, атқару өндірісі тоқтатылғаннан кейін 5 күнтізбелік күн ішінде сот орындаушысы сот актілерін орындау департаментіне және шекара қызметін тиісті ақпаратты жолдайды, ол — борышкерді тізімнен алып тастаудың негізі. Тізімнен шығу үшін қабылданған шараларды растаушы құжат — уақытша шектеуді жою туралы қаулы немесе атқарушы өндірісті тоқтату туралы қаулы.
Қарыздар бойынша төлемді сапар алдындағы соңғы сәтке қалдыруға болмайды. Шетелге сапарды жоспарлай отырып, алдымен бар барлық қарызды алдын ала төлеп, атқару құжаттарында жазылғанды жоспарлы күннен 10-15 күн бұрын орындау керек. Жазылған атқару құжаттарын орындау – сізге шетелге шығуға мүмкіндік беретін жалғыз шара. Мұнда «қолда» растау құжаттарын, чектерді ғана ұстау аз, ұшуға тыйым салған сот орындаушысын хабардар ету қажет. Шетелге шығу шектелген борышкерлердің тізілімінде, тек сіздің бар жоғыңыз туралы мәліметтерді ғана емес, сонымен қатар сот орындаушысының мәліметтерін және оның ұялы телефонын біле аласыз. Тағы да басқа жолы бар – сіз талапкерден атқару өндірісі тоқтатылғанда, өтінішті алуын сұрай аласыз, бірақ бұл шұғыл жағдайларда орын алады, мысалы егер шетелге операцияға шығу қажет болса. Егер талапкермен келісу болса, онда талапкермен бірге сот актілерін орындау бойынша жергілікті департаментке жүгіну қажет. Сіз неғұрлым ертерек жүгінсеңіз, шетелден шығуға тыйым да тез алынады.
Кімдер уайымдамаса болады?
Бұл тізімде нақты болмайтын бақытты адамдардың тізімін де айта кетейік. Әлбетте, заң сызып берген шеңберген шықпай, түзу барып, түзу келіп жүретін адамдардың санатынан болсаңыз, бұл жайлы тіпті уайымдамасаңыз да болады. Ендеше, бұл адамдардың қатарына қандай азаматтар кіретініне де тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Егер:
• сіз қазіргі сәтте сот процесіне қатыспасаңыз және болашақта қатыспайтын болсаңыз;
• салықтар бойынша қарызыңыз болмаса;
• айыппұлдар бойынша қарыздар болмаса;
• алименттер бойынша қарыздар жоқ болса және бұрын болмаса. Бұл айтылған кеңестерге бей-жай қарамасаңыз, демалысыңыз сәтті басталып, жақсы жалғасуына үлкен ықтимал бар.