Отандық кәсіпкерлер үшін шетел банктерінен несие алу тиімді ме? Біздің банктер не ұсынады?

Жарияланды
Осындай тенденция қалыптасып жатқаны жайлы хабар тарады

Соңғы кезде қазақстандық компаниялар ресейлік банктерден несие алуға қызығушылық таныта бастаған. Аз уақыт бұрын осындай ақпарат тарады. Ресей орталық банкіндегі базалық ставканың төмен болуы (ол кезде 4,5 пайыз) кәсіпкерлер қызығушылығын тудырған болуы мүмкін. 

Қазақстан Ұлттық банкі бірнеше айдан бері базалық ставканы 9 пайыз деңгейінде – не көтермей, не түсірмей ұстап келеді. Әрине, бұл мөлшер Ресейдің пайызымен салыстырғанда қымбатырақ. Jusan Bank осыған орай пікір білдірді. 

«Иә, Ресей коммерциялық банктерінің бизнес-қарыз алушыларды жылдық 7 пайызбен қаржыландыратыны рас ақпарат. Алайда, біздің көзқарас бойынша, қазақстандық компаниялардың ресейлік банктерден (РФ территориясында) несие алуды өте ыңғайлы нұсқа деп қарастыруы қисынға келмейді. Біріншіден, ереже бойынша ондай займдардың конвертацияға қатысты қосымша шығындары көп болады. Екіншіден, бұл жерде девальвациялық тәуекел өте жоғары. Сонымен қатар қазақстандық компаниялардың бизнесті қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатыса отырып қаржы алу мүмкіндігі бар. Мәселен, Jusan Bank өз клиенттеріне үш мемлекеттік бағдарламаға қатысуға мүмкіндік сыйлайды, олар – «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша басымдық берілген жобалар және кәсіпкерлік субъектілерін несиелеудің жеңілдетілген бағдарламасы. Егер несие бағдарламалардың бірі бойынша мемлекет ставканың бір бөлігін субсидиялау есебінен мақұлданса, қарыз алушы үшін соңғы мөлшерлеме жылдық 6%-дан 8%-ға дейін болуы мүмкін» дейді банк өкілі. 

Бұл орайда Jusan Bank-тің бизнес субъектілері үшін де, жеке тұлғалар үшін де несиелеудің кең спектрін ұсынып отырғанын ескерген жөн. 

«Әрбір өнім пайыздық мөлшерлемесі, несие мөлшері және оны төлеу мерзімі бойынша өз шарттарымен ерекшеленеді. Бөлшек сауда сегментінде жылдық 17% (ЖТСМ 18,5% бастап) несиелік ставкасы бар жедел жедел несиелер Jusan Bank клиенттері тарапынан үлкен сұранысқа ие. Бизнес үшін банк бірнеше несиелеу бағдарламаларын ұсына алады. Мысалы, «Бизнес Стандарт» өнімі бойынша – ұлттық валютада 13 пайыздан бастап (ЖТСМ 15,7 пайыздан бастап) және шетел валютасында 5,5 пайыздан бастап (ЖТСМ 9,9 пайыз)» деп жауап берді банк. 

Бұл тақырыпқа орай «Банк ЦентрКредит» АҚ-ға да хабарласып көрдік. 

«Қазақстандық компаниялар ресейлік рубльмен несие ала алады, соның ішінде теңгемен салыстырғанда 2-3 пайызға төмен ставка бойынша облигацияларды орналастыру жолымен алу мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, рубль / теңгенің айырбас бағамын салыстырмалы түрде соңғы бір жылдағы орташа есеппен 5,65 деңгейінде тұрақты, ал  валюталық тәуекелді орташа деп бағалауға болады» делінген банк баспасөз қызметінің жауабында. 

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуовтың айтуынша, Ресей банктерінен қазақстандық кәсіпкерлердің жаппай несие алып жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 

«Сырттай қарағанда Ресей несие нарығы біз үшін арзан көрінетін шығар. Алайда шындығында бұл өтірік. Былтыр ресейлік банктердегі орташа мөлшерлеме 8,9 пайыз болды. Ал бізде бұл көрсеткіш 11,8 пайызға тең болды. Айырмашылық айтарлықтай емес. Ресейлік банктерден несие алды деген күннің өзінде алдыдан шығатын бірнеше барьер – валюта тәуекелі, ресейлік қаржы институттары тарапынан біздің компанияларға қойылатын түрлі қатаң талаптар және транзакциялық шығындар бар. Мұның бәрін ескеру қажет. Оның үстіне банктік емес заңды тұлғалардың шет елде алған займдары мен несиелері 1,4 млрд доллардан асып кетті. Яғни, қазақстандық резиденттер былтыр жаңа қарыз алмақ былай тұрсын, бұрынғы алған қарыздарын жабумен әуре. Сондықтан бұл қисынсыз әңгіме» дейді. 

Қаржыгер Расул Рысмамбетов ресейлік банктерден арзан несие алу табыстылыққа кепіл бола алмайды деп есептейді. 

«Себебі, рублдегі табыстылық базалық мөлшерлемеге сәйкес келеді. Яғни, рублдік табыс та төмен болады. Әрине, біздің компаниялардың ішкі нарықтан ақша таба алмай, белсенді түрде шетелдік банктерге кетіп жатқан болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар Қазақстанның өзінде де қазақстандық клиенттерге ұсыныспен келетін ресейлік банктердің кеңселері мен менеджерлері де аз емес. Бұл жерде мәселе тіпті базалық ставкада да емес. Ресей бірқатар позиция бойынша жаңа нарыққа кіру үшін пайыздық ставканы  азайтып, өз өнімдерін белсенді ұсынуға мүдделі. Өйткені Ресейде де тура біздегідей банктік дағдарыс жүріп жатыр. Банкирлерді тұтқындап жатыр. Банктерді лицензиясынан айырып, оларға деген талапты күшейтуде» дейді қаржы сарапшысы. 

Сарапшы Андрей Чеботарёв шетелден қарыз алу кезінде валюта тәуекелі туындайтынын айтады. Сарапшы мұны 2008 жылдардағы валюталық ипотека дағдарысымен салыстыра сипаттап берді. 

«2007-2008 жылдары адамдар жаппай валюталық ипотека ала бастады. Бірақ жалақыны теңгемен алады. Ол кезде курс доллары тұрақты болды. Ал валюталық ипотеканың пайыздық ставкасы төмен еді. Сөйтіп, адамдар валюта тәуекеліне тап болды. Өйткені теңге құлдырады, ал адамдар теңгемен жалақы алуды жалғастыра берді, нәтижесінде өз төлемдері бойынша аса жоғары төлемдерге тап болды. Біздің компания Ресейден несие алып, бірақ тауарын Ресей нарығына экспорттайтын болса, сөйтіп табысты рублмен алса, онда дәл бұлай валюта тәуекеліне ұрына қоймайды. Егер компания Ресейдегі төмен ставкаға қызығып несие алса, бірақ Қазақстанда сауда жасап, табысын теңгемен алса, онда валюта тәуекеліне тап болады. Мысалы, былтыр шілде, тамыз айларында теңгеге қатысты рубль курсы 5,5-тен 6,2-ге дейін көтерілді. Мұндай кезде рубльмен алған несиені қайтару қиындап кетеді» дейді сарапшы. 

 

Сондай-ақ оқыңыз