Түркістан облысының экономикасы 5 жылда 1,5 есе өседі – А. Мамин

Жарияланды
2025 жылы облыс халқы 100% сапалы сумен қамтамасыз етіледі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары қаралды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында 4 ірі жоба, автожол бойынша 7 жоба, теміржол құрылысы саласында 2 және өнеркәсіп саласында 1 жобаны іске асыру қажет,- деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов  өз баяндамасында.

Жобалардың жалпы құны – 944,9 млрд теңге (жеке инвестициялар – 687,4 млрд, республикалық бюджет қаражаты – 159 млрд теңге, жергілікті бюджет-98,5 млрд теңге).

Тұрғын үй құрылысы

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биылдан бастап алдағы бес жылда өңірде 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 46 мың баспана салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жалпы ауданы 1,4 млн шаршы метр болатын 23 мың жалға берілетін және кредиттік пәтер салынады.

Қолданыстағы тұрғын үй қорын жаңғырту

Биыл Түркістан облысында 101 көппәтерлі тұрғын үй жаңғыртылады. Бұл мақсатқа республикалық бюджетте 3,3 млрд теңге қарастырылған. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін 5 жыл ішінде өңірде 7,9 млрд теңге сомасына 341 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөнделеді.

Жеке тұрғын үй құрылысын инфрақұрылымдық қолдау

Облыста 64 мың жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым тартылады. Мемлекет жаппай тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарға қажетті инфрақұрылым тартуға 78,1 млрд теңге бөлді. Бұл мақсатқа биыл 14 млрд теңге жұмсалады.

Сумен жабдықтау

Түркістан облысында қала тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету деңгейі – 98,9%, ауылдық елді мекендерде – 92,1% құрайды.

836 ауылдық елді мекенді қамтитын сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту нәтижесінде 132 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізе алады. Бұдан басқа, 49 ауылдық елді мекенде жергілікті бюджет қаражаты есебінен су тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылады.

2025 жылдың қорытындысында облыс халқы 100% сапалы сумен қамтамасыз етіледі.

2021 жылға арналған кешенді жоспар аясында сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыруға, 743 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуға және жаңартуға республикалық бюджеттен 14,1 млрд теңге бөлінді. Бұл 19,5 мың адамды сапалы су инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 638 жұмыс орны ашылады, оның ішінде 580 уақытша, 58 тұрақты жұмыс орны.

Автожол құрылысы

2025 жылға дейін өңірде республикалық және жергілікті маңызы бар 2 276 шақырым автожол жөнделіп, жаңғыртылады. Республикалық маңызы бар жолдардың барлығы және жергілікті автожолдардың 99,5% нормативтік жағдайға келтіріледі. Сапалы жолдар Түркістан қаласын облыстың 28 ауылдық елді мекенімен байланыстырады.

Арнайы экономикалық аймақты дамыту

«TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) өңірде 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде АЭА шеңберінде жалпы құны 97,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске асырылды.

АЭА жұмысын жалпы сомасы 352,7 млрд. теңге болатын 37 жобаны іске асыру есебінен жандандыру жоспарланып отыр. 6 396 жұмыс орны ашылады. Бұдан басқа, АЭА аумағын инфрақұрылымдық тұрғыдан дамытуға 7,9 млрд теңге салу жоспарланған, оның ішінде республикалық бюджеттен – 6,1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 1,8 млрд теңге бөлінеді.
 

Сондай-ақ оқыңыз