Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, үйден шықпай-ақ, банктердің мобильді қосымшалары арқылы қызметтерді алу үшін екінші деңгейлі банктермен цифрлық құжаттар сервисінің интеграциясы іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда «eGov Mobile» қосымшасында цифрлық құжаттардың 15 түрі бар.
Яғни, көптеген жерлерде жеке куәліктің қағаз нұсқасын көрсетпей-ақ цифрлық құжатты ұсыну арқылы жұмысты бітіруге болады. Мәселен, нотариусқа барғанда «eGov Mobile» арқылы жеке куәлігін көрсетіп қызмет алуға мүмкіндік бар.
«Қазірдің өзінде «Kaspi.kz»-пен бірге өзіміздің ақпараттық жүйелерді біріктірдік. Нәтижесінде, «Kaspi» бөлімшелерінде клиенттерге жеке куәлікті көрсету үшін «eGov Mobile» қосымшасында цифрлық жеке куәліктің бірегей кодын жазу жеткілікті. Осы функцияны 2 миллионнан астам адам пайдаланды. Цифрлық құжаттарды одан әрі дамыту үшін тек қана «eGov Mobile» қосымшасы ғана емес, басқа да мемлекеттік органдар, мекемелер болсын, олар бізбен бірге интеграциялау жұмыстарын жүргізуі керек» деді Бағдат Мусин.
Бұл ретте министр Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларын мысал ретінде келтіріп өтті. Бүгінде адамдар цифрлық құралдар арқылы ұшуға мүмкіндік беріліп отырғаны алғысын білдіруде. Алдағы уақытта бұл бастама басқа да әуежайларда қолға алынатын болады.
Айта кетейік, цифрлық құжаттарды нотариустарда да пайдалануға болады. Цифрлық құжаттарға қолжетімділік «Е-нотариат» сервисімен интеграциялау арқылы қамтамасыз етілді. Ал интернетке қолжетімділік толық немесе ішінара болмаған жағдайда қызметті офлайн режимде де алуға болады.
Қазіргі уақытта «eGov mobile» қосымшасында 1 миллионнан астам пайдаланушы бар екен. 2021 жылдың 5 айында 28 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның шамамен 20 пайызы «eGov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы ұсынылған. Смартфонда қызметтерді алу қажеттілігін түсініп, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ да мобильді қосымша арқылы алынатын мемлекеттік қызметтерді дамытуға ниет танытып отыр.
Аталған оператордың басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, 1 миллионнан астам азамат «eGov mobile» қосымшасының белсенді пайдаланушысы болып табылады.
«15 цифрлық құжат іске асырылды. Соңғы кейстердің бірі – 250 мыңнан астам азамат қолданған «вакцинация паспорты». Қазіргі кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарында, теміржол тасымалдары кезінде цифрлық құжаттар қабылдануда, әуе тасымалдар бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Маусым айында 5 әуежайда және басқа авиакомпанияларда қамтуды кеңейту жоспарлануда. «Ashyq» қосымшасы бойынша «ҰАТ» АҚ инфрақұрылымына көшу аясында функционалдың бір бөлігі заманауи тілге көшірілді, оркестрлеу, кластерлеу және серверлік жабдықтау құралдары енгізілді. Осы сияқты жұмыстар денсаулық сақтау министрлігімен де жүргізілді, өйткені азаматтардың ПТР-тестілерінің нәтижелері министрлікте және сол жерден көрсетіліп, тартылып жатыр» деді спикер.
Осы орайда министр Бағдат Мцсин «Ashyq» жобасының «egov Mobile» қосымшасында қолжетімді екенін атап өтті.
«Ashyq функционалы «egov Mobile» қосымшасында іске асырылды, енді электрондық үкіметтің мобильді қосымшасын пайдаланушылар басқа қосымшаны жүктемей-ақ, «Ashyq»-тың мүмкіндіктерін пайдалана алады. «Ashyq» қосымшасы министрліктің балансына алынып, құрылымдық компанияның сүйемелдеуіне берілді. Қауіпсіздік жағынан «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы жауапты болады. Көпшіліктің сұрауы бойынша біз мультиплатформалық бағытта жұмыс істейтінімізді айтқан болатынбыз. Сондықтан «Ashyq» функционалы Kaspi мобильді қосымшасында да қолжетімді. Алдағы уақытта Halyk Bank қосымшасында пайда болады. Басқа банктер де, басқа кәсіпкерлер де өз ұсыныстарын жіберіп жатыр, олармен бірге жұмыс істеп, келесі айда тағы ақпарат беретін боламыз»- деді ведомство басшысы.
Бүгінде 10 мыңға жуық кәсіпорын «Ashyq» арқылы өз жұмысын жандандырып, экономикаға пайдасын тигізіп, азаматтарға қызмет көрсетуде.
Еске салсақ, осыған дейін бас мемлекеттік санитарлық дәрігер «Ashyq» жобасын Қазақстан Республикасының барлық аумағында жүзеге асыруды міндеттеген қаулыны жария еткен боатын. Қаулыға сәйкес, «Ashyq» қосымшасы мына нысандарда міндетті түрде қолданылуы тиіс:
• Фитнес-клубтар, йога-орталықтарын қоса алғанда;
• Спа-орталықтар;
• Сауна, бассейндер;
• Компьютерлік клубтар, PlayStation клубтарын қоса алғанда;
• Боулинг клубтары;
• Кинотеатрлар;
• Театр және филармониялар;
• Қоғамдық тамақтану орындары, жазғы алаңдар, фуд-корт, банкет залдары, асхана типтес нысандарды, көше тағамдарын ұсынатын орындарды қоспағанда;
• Облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдар;
• Бильярд клубтары;
• Концерт залдары;
• Ерікті қатысушылар;
• Караоке;
• Көрме;
• Марафон;
• Көрермендердің қатысуымен жүзеге асатын спорт шаралары;
• Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларының әуежайы;
• Ақтау және Қостанай қалаларының әуежайы (2021 жылдың 7 маусымынан бастап);
• Лотереялық клубтар және лотереяны жүзеге асыратын орындар;
• Балалар ойын-сауық орталықтары (төбесі жабылған);
• Цирктер;
• Отель, қонақүйлер.
Елімізде «Ashyq» қосымшасы COVID-19-ға байланысты карантин шектеулері кезінде енгізілді. Бірқатар нысандарға кіру кезінде мобилді қосымша арқылы арнайы QR-кодты жүктеп, келуші өзінің мәртебесін анықтайды. «Жасыл» мәртебе келушінің ПТР-тест тапсырғанын және теріс нәтиже көрсеткенін растайды. «Көк» түс – ПТР-тесттің жоқтығын, бірақ науқаспен байланыста болмағанын растайды. «Сары» түс шықса, онда келуші нысанға кіре алмайды. Ол базада науқаспен байланыста болған адам ретінде көрінеді. Ал «қызыл» түс – COVID-19-ға қарсы тапсырылған тест нәтижесінің оң болғанын айғақтайды.