Қазақстан Ұлттық Банкі ақша жымқыру мақсатында азаматтардың жеке деректеріне ие болу үшін Ұлттық Банктің қызметкері ретінде телефон шалатын алаяқтардың көбейе бастағанын ескертеді. Бұл туралы Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысу мен мәмілелер жасамайды. Ұлттық Банкте шоттарды тек қана Ұлттық Банктің, екінші деңгейлі банктердің, шектеулі заңды тұлғалардың операцияларын есепке алу үшін ашылады.
Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық Банкі ақша жіберіңіз деген электронды хаттар мен белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға жауап бермеуге кеңес береді. Белгісіз банк шоттарының реквизиттері көрсетілген аяқ асты ақшаға тап боласыз деген хабарлама немесе телефон қоңырауы көбінесе алаяқтардың әрекеті екенін байқатады.
Ұлттық Банктен «ақша жөнелтіңіз» деген сипатта күмәнді хат келсе немесе қоңырау түссе, құқық қорғау органдарына арыздану қажет.