Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған мемлекеттік қызметтердің 97% электронды түрде көрсетілді
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңды және жеке тұлғаларға 44 қызмет көрсетеді, оның 40-ы электронды түрде. 2020 жылғы нәтиже бойынша, барлық қызметтердің 97% -ы онлайн режимінде көрсетілген. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2020 жылы 22,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 97% электронды түрде болды. Мемлекеттік кірістер комитетінің байланыс орталығы ойдағыдай жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 5 айында ғана Байланыс орталығы салық төлеушілердің 670 мыңнан астам өтініштерін қарады, оның 93% -ы операторлардың жұмысын «өте жақсы» деп бағалады, – деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.
Оның айтуынша, азаматтар көбіне жергілікті салықтарды төлеу, салық берешегінің сомаларын есептеуге қатысты сауалдар қояды.
Жалпы, соңғы жылдары Қаржы министрлігі бизнес-процестерді цифрландыру бойынша көптеген жұмыстар жүргізді. 2019 жылы «Астана-1» ақпараттық жүйесі енгізілді, бұл декларацияның 80% -дан астамын автоматты режимде бір минут ішінде шығаруға мүмкіндік берді. Ең тиімдісі «Электронды шот-фактуралар» жүйесін енгізу болды.
Қазіргі уақытта жүйеде 600 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген және 640 миллионға жуық ЭШФ шығарылған.
«Бұл контрагенттер арасындағы транзакцияларды онлайн режимінде қадағалауға және ҚҚС түсімдерінің 1,5 есеге өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», – деді Қаржы министрлігінің басшысы.
Жалпы, цифрландыру мен әкімшілендірудің арқасында 2019 және 2020 жылдары бюджетке қосымша 1,6 триллион теңгеден астам түсім түсті.