Вакцинаның тиімділігін дәлелдеуге бағытталған бес кеңес
Қазір елімізде халықты жаппай ерікті вакцина салу қарқынды жүріп жатыр. Мамандар індеттен құтылудың бірегей жолы вакциналау екенін сәт сайын айтуда. Ел арасында екпеге күмәнмен қараушылар да бар. Бірақ халықтың басым бөлігі екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптасқан соң ғана індеттің беті қайтпақ. Осы мақсатта ЦАРЭС (Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық институты) арнайы зерттеу жүргізіп, Орталық және Батыс Азияда вакцинаға деген сенімнің әлі де болса төмен екенін анықтаған.
Сауалнамаға қатысқан азиялықтар вакцина салдарынан туындауы мүмкін жанама әсерлерді басты қорқыныш деп қабылдайтындарын айтқан. ЦАРЭС-тің хабарлауынша, халықтың вакцинаға деген күмәнін сейілтіп, сенімін көтеретін бес әдіс бар.
COVID-19 қатты тарала бастағаннан-ақ әлем ғалымдары бұрын-соңды кездеспеген алапат індетке қарсы вакцина әзірлеудің қамына кірісті. Алғашқы болып АҚШ, Ресей, Израиль ғалымдары вакцина даярлап шыққандарын, оны өндіріске енгізуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Алғашқы болып екпе әзірлеп, оның тиімділігін дәлелдей алған елдер қатарында Қазақстанның да бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Алайда вакцина жасау бар да, оның пайдасын адамдарға дәлелдеу бар. Мәселен, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтарының төрттен бірі ғана жасалған вакциналарды қауіпсіз деп санайды екен. Ал азаматтардың 32 пайызы вакцинаның үкімет тарапынан мақұлданып, тегін егілетініне қарамастан оны алмайтындарын айтқан. Олар вакцина салдарынан туындауы мүмкін жанама әсерлерден қорыққан.
7000 адамды қамтыған сауалнама 2020 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың қаңтар айларында жүргізілген. Дәл осы кезеңде жаппай вакциналау кампаниясы енді-енді басталған еді. Осы орайда ЦАРЭС мына бес әдіс халықтың вакцинаға деген сенімін оятады деп санайды:
1. COVID-19 вакцинасын насихаттауға медицина мамандарын тарту. Жеті елдегі респонденттердің 72 пайызы профилактикалық шаралар мен медицина мамандарының кеңесіне сенім білдірген.
2. Нақты әлеуметтік топтар үшін жекелеген іс-шаралар ұйымдастыру. Демография деңгейі, адамдардың қалалық және ауылдық бөліністе болуы, олардың білім деңгейі вакциналау шарасын әртүрлі қабылдауға ықпал етеді. Мұны саясаткерлер, ел билігі ескеруі тиіс.
3. Вакциналаудан туындауы мүмкін жанама әсерлер туралы қорқынышты, жалған ақпаратқа негізделген деректермен күрес. Респонденттердің көбі осыны желеу етіп екпе алудан қашады. Мұндай кезде вакцина алған азаматтардың өз тәжірибелерімен әлеуметтік желіде, ұжымында, өз ортасында белсенді түрде бөлісіп, жақын-жуық, дос-жарандарының көңіліндегі қауіп бұлтын сейілте білуі өте маңызды. Сонымен қатар коронавирустің өзін әлі күнге салмақты түрде қабылдамайтындар бар. Мұндай кезде індеттен жазылып шыққан азаматтардың сөзі маңызды болар еді. Індеттің бар екеніне немқұрайлы қарау – жақындарыңа қауіп төндірумен бірдей. Вакцина алған әрбір адам жақындарына, әріптестеріне вакцина алу – қалыпты өмірге қайта оралуға, аурудан құтылуға мүмкіндік беретін бірегей тәсіл екенін айтуы, ұғындыруы тиіс.
4. Эпидемиологиялық мәдениетті ескеру. Ел билігі елдегі эпидемиологиялық мәденииеттің қай деңгейде қалыптасқанына мән бергені жөн. Санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау, ұдайы дезинфекция жасау, маска киіп жүру, адамдар көп шоғырланған орындардан аулақ болу, ауру белгілері пайда болған жағдайда дереу учаскелік дәрігерге қаралу, ПТР-тес тапсыру, міне осының бәрі – эпидемиологиялық мәдениет. Бұл әрбіріміздің бойымыздан көрініс табуы қажет.
5. Түрлі ақпараттық каналдарды пайдалана отырып, медиасауаттылықты арттыру. Вакциналау науқанын белсенді ақпараттық кампания аясында өткеру өте маңызды. Ол үшін қоғамдық орындарда, ірі сауда үйлерінде вакцинаның маңыздылығын көрсететін парақшалар таратып, мұндай ақпараттық пайдалы насихатты әлеуметтік желілерде, youtube және telegram каналдарында жүргізе білу өте маңызды және өте қажетті. Мұндай кезде азаматтық қоғам қалыптастырушы ұйымдар ерекше рөл ойнайды. Елге сүйкімді, сөзі өтімді, көкірегі ояу, көзі ашық танымал азаматтар да вакцинаның қажет екенін ерінбей, жалықпай түсіндіре білсе, пандемия дейтін үлкен жаудың бетін қайтаруға қосқан үлесі болар еді. Қазір вакцинаның пайдасын ғылым да, діни мамандар да толық қолдап отыр. Ендеше ойланып жату орынсыз. Әрине, жалған ақпарат әрқашан жүреді. Ақпараттың жалған не шын екенін айыра білу үшін де медиалық тұрғыда сауатты болу керек. Мамандар дұрыс ақпаратты қандай ресурстан алу керек екенін де халыққа әрдайым түсіндіргені абзал.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі таңда еліміз бойынша 2 181 389 адам вакцина алып үлгерген. 2020 жылдың 13 наурызынан бері 391 695 адам індетке шалдығып, оның 363 604-і жазылып шыққан.
Еске салайық, елімізде жаппай ерікті вакциналау 1 ақпанда басталды. Дәл қазіргі сәтте қазақстандықтар үшін төрт вакцина қолжетімді. Олар – ресейлік «Спутник V» вакцинасы, қазақстандық «QazVac» вакцинасы, арабиялық «Hayat-Vax» вакцинасы және қытайлық «CoronaVac» вакцинасы.
«СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтің айтуынша, Қазақстан ресейлік «Спутник V» вакцинасының 10,2 млн дозасын сатып алған. 1 ақпаннан бері 1,9 млн доза бірінші компонент аясында салынса, 1,4 млн-ы екінші компонентте салынған. 1 шілдеде 1,2 млн доза бірінші компонентке салу, 525 мың дозаны екінші компонентке салу аяқталады. Сондай-ақ өңірлерге отандық QazVac» вакцинасының 100 мың дозасы жеткізіліпті. Маусымның аяғына дейін келесі жеткізілім жүзеге аспақ.