Елімізде 2,5 миллионға жуық тонна тұқым дайындалды

Жарияланды
Ақмола, Қостанай және Қызылорда облыстары бойынша оң динамика байқалады

Елімізде 2,5 миллионға жуық тонна тұқым дайындалды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында еліміздегі көктемгі егіс жұмыстарының аяқталуы мәселесі қаралды. Жүргізілген егіс жұмыстарының қорытындысы және табиғи-климаттық болжамдар бойынша ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндады.

Ауыл шаруашылығы министрі өз баяндамасында егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру, ресурстармен, тыңайтқыштармен, ЖЖМ және ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету жөніндегі деректерді көрсетті. Сондай-ақ, қаржыландыру, агротехнологиялардың түсімділікке әсері және егістіктердегі фитосанитарлық жағдай туралы айтып берді.

Министрдің айтуынша, әкімдіктердің жедел деректері бойынша биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,7 млн гектар алаңға егілді, бұл 2020 жылғы деңгейден 78 мың гектарға көп.

    «Биылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша көктемгі егіс толығымен аяқталды, жаздық егіс алаңы 19 млн гектарды, оның ішінде дәнді дақылдар 15,2 млн гектарды құрады», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Министрдің айтуынша, егіс алаңдарының құрылымын рентабельділігі жоғары дақылдардың, сондай-ақ импортты алмастыруға бағытталған дақылдардың пайдасына әртараптандыру жұмысы жүргізілді. Осылайша, биыл майлы дақылдар алаңы 11,9 мың гектарға, көкөніс-бақша дақылдары алаңы 10,6 мың гектарға, картоп алаңы 5,8 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңы 104,2 мың гектарға ұлғайды.  

Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсаттарының бірі — күріш пен мақта сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын біртіндеп қысқарту. Мәселен, күріш алаңы 8,1 мың гектарға, мақта алаңы 18 мың гектарға қысқартылды.

Министр тұқымдармен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жағдайы туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Оның айтуынша, 2021 жылдың өніміне республика бойынша 2,5 млн тонна тұқым дайындалған болатын, олар егіс кондицияларына толық сәйкес келді.

   «Егілген сорттық тұқымдардың жартысынан көбі қазақстандық селекцияға жататынын атап өту қажет. Отандық тұқым өсіру шаруашылықтарын заманауи селекциялық және тұқым тазалау техникасымен жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді С. Омаров.  

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде төмен сапалы тұқымдарды пайдалану пайызы 2016-2020 жылдары 7,2%-ға дейін төмендеді, элиталық тұқымдардың үлесі 6,8%-ға дейін жетті.

Министрдің айтуынша, үшінші репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалану бойынша жақсы көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында байқалады. Жоғарғы репродукциялы тұқымдарды қолданудың ең төмен көрсеткіші — Түркістан және Жамбыл облыстарында.

Бұл ретте, Жамбыл, Түркістан және Павлодар облыстары бойынша жоғары репродукциялы тұқымдарды пайдалану үлесі жыл сайын төмендеп келеді.

Ақмола, Қостанай және Қызылорда облыстары бойынша оң динамика байқалады.

 

Сондай-ақ оқыңыз