Ресурстар

Ерлер гроссмейстері атанған Жансая Әбдумәлік туралы не білеміз?

Шахматшы қыз әлемді тәнті етуде

2021 жылдың 1 маусымында қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік ең жоғары шахмат атағын – халықаралық ерлер гроссмейстері атағын орындап, «FIDE Women`s Grand Prix» турнирінде жеңіске жетті. Бұл 2021 жылдың 2 маусымында Гибралтарда өткен FIDE әйелдер Гран-при сериясының қорытынды кезеңі. 

Қазақ қызының осындай биік дәрежеге көтерілуі – тамсанарлық әрі мақтанарлық құбылыс. 21 жастағы Жансая мұндай атаққа Қазақстан және Орталық Азия елдерінің арасында алғаш жеткен шахматшы. 

Биыл он екі атақты шахматшы әйелдер арасындағы «FIDE Women`s Grand Prix» турнирінде 2021 жылғы әлем чемпионатына үміткерлер турниріне қатысу мүмкіндігін алу үшін ойнаған еді. FIDE әйелдер арасындағы Гран-при сериясының 4-кезеңіне Қазақстан ұлттық құрамасының екі мүшесі, халықаралық әйелдер гроссмейстері Динара Садуақасова (рейтинг-2500) және Жансая Әбдімәлік (2472) қатысты. 

Ресейлік  халықаралық гроссмейстер Валентина Гунинамен ойнаған Жансая алты сағатқа созылған табанды бәсеке нәтижесінде жеңіске жетті. Осылайша, Жансая ерлер гроссмейстері атағын алу үшін рейтингке қойылатын талаптарды орындап, турнирдің аяқталуына екі тур қалғанда қалған шахматшылардан екі ұпайға оза түсті.

Оныншы турда халықаралық гроссмейстер, блиц, рапид бойынша бірнеше дүркін әлем және Еуропа чемпионы ресейлік Екатерина Лагномен тур тең есеппен аяқталды, осылайша Жансая турнирдегі жеңісін алдын ала қамтамасыз етті.

Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) ережелеріне сәйкес ерлер халықаралық гроссмейстері атағына қол жеткізу үшін ХГ үш нормасын орындау және ELO FIDE рейтингінің 2500 пунктінен асып түсу қажет. 2018 жылы Жансая бұл атақты алу үшін барлық нормаларды орындады және Гибралтардағы ағымдағы FIDE Women`s Grand Prix жарыстарында 2500 пункттен асатын, көптен күткен рейтингке қол жеткізді.

Бүгінгі күні  Жансая  FIDE рейтингінде 32 ұпай қосып (2504), әлемдегі ТОП-100 шахматшы арасында 12 орынға жайғасты.

Шахмат шебері мұнымен шектеліп қалмаймын, алда бағындырар белес көп дейді. 

«Әрине, мен қатты қуандым. Өйткені, мұны өте ұзақ күттім. Ерлер гроссмейстерінің соңғы нормасын 2018 жылы орындадым. Пандемияға байланысты көп уақыт ойнаған жоқпыз және мұндай чемпионатқа бару, әлемдегі ең үздік 11 шахматшымен ойнау – өте керемет болды. Шілде айында Сочиде нокаут жүйесі бойынша өтетін әлем чемпионатында өнер көрсетуді жоспарлап отырмын» дейді Жансая.

Жансаяның анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алма Әшірова да қызының жеңісіне орай пікір білдірді. 

«Ата-ананың қуанышы спортшының өзінен жүз есе артық шығар. Жансая турнирді аяқтаған соң, біз бірге сөйлесіп отырдық, сонда мен былай дедім: «қызым, әр минутты, әр сәтті есте сақтауға тырысамын, өйткені мені толғандырған бақыт пен мақтаныш сезімдерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Менің ойымша, әрбір азамат өз ісінде белгілі бір із қалдырғысы келеді. Міне, Жансаяның тарихи жетістігі соншалық, мен барлық ата-анаға осы бақыт сезімін сезінуін шын жүректен тілеймін» деді гроссмейстердің анасы.

Осы орайда шахматшы чемпион қыз туралы қызық деректерді жариялауды жөн көрдік. Оның кейбірі туралы чемпион желідегі парақшасында да жазған. 

«Келешекте музейге қою үшін бала кездегі заттарымды сақтап жүремін. Сол қолымның буындарын тоқтаусыз сықырлата аламын. Кейде ықыласым төмендеп кеткен кезде өзімді жұмыс істей түсуге мәжбүрлеу үшін әнұранымызды тыңдаймын. Алғаш рет маникюрді 18 жасымда, 8 наурыз күні жасаттым» деп жазады ол. 

•    Жансая 2000 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келді. Ең алғашқы бапкері – әкесі Данияр Әшіров. 

«Әкем шахмат ойнауды бес жасқа толғанымда үйретті. Мені үйірмеге алып келді. Алғашқы сабақ әлі күнге есімде. Әкем мені бапкермен таныстырды да кетіп қалды. Бейтаныс адамдарды жатырқап жылап жібердім. Екі ай бойы үйрене алмай жүрдім. Үнемі жеңіліп қалып, үйге жылап ораламын. Ата-анам тіпті мені үйірмеден қайтару туралы ойлана бастаған. Алайда бапкер тағы бір апта мұрсат беруді сұрапты. Үш күннен соң алғаш рет тең ойнадым. Содан бастап жеңе бастадым. Сөйтіп, шахматқа деген қызығушылық оянды» дейді Жансая отандық БАҚ-қа берген сұхбатында. 

•    Ең алғашқы титулын 6 жасында жеңіп алды. 

«Шахмат – әйелдер мен ерлер бір-бірімен ойнай алатын жалғыз спорт түрі. Біз тең дәрежеде тартысқа түсіп, жеңіске жете аламыз. Әрине, FIDE әлемдік рейтингінде ерлер мен әйелдер нәтижесі арасындағы айырмашылық өте үлкен. Алайда ерлермен тең екенімізді тек шахматта дәлелдей аламыз. Мысалы, мен ашық турнирлерде гроссмейстер-ерлермен талай рет ойнадым және жеңісті де олжаладым» дейді спортшы қыз. 

•    2007 жылдан бастап шахматтан Қазақстан чемпионатына қатыса бастады. Бірақ ел чемпионатын алғаш рет 16 жасында ұтты. 

«Бразилияда әлем чемпионатында жеңіске жеткен соң бір ай бойы шахмат ойнамай кеттім. Кейін сол үшін өкіндім. Өйткені шахматта бір апта ойнамағанны өзі үлкен әсерін тигізеді. Себебі, миыңды қайтадан қозғайсың, деңгейіңе жету үшін еңбектенесің, оған біраз уақыт кетеді. Мұның бәрі ұпай жоғалтуға, жеңіліске ұшыратады. Ал мен ондайды қаламаймын. Қазіргі кезде ондай ұзақ үзіліске кетпеймін. Тіпті ауыр турнирлерден кейін де максимум төрт күнге Шымкентке атама барамын. Соның өзінде шахматты ұмытпаймын, ми әркез белсенді жұмыс істеп тұруы үшін тапсырмаларды шешемін немесе блиц ойнаймын. 

•    Шахматшы қыз саяси мансабын да қалыптастырып үлгерген. Ол қазіргі таңда Алматы қалалық мәслихатының депутаты. 

«Партия кезінде түсетін жүкті көтере алу үшін бізге тек ми белсенділігі ғана емес, физикалық мықтылық та керек. Кейде ойындар жеті сағатқа дейін созылады. Ал ондай кезде концентрацияны жоғалтуға болмайды. Жағдайдың бәрін бақылауда ұстау үшін физикалық белсенділікпен үнемі айналысу керек» дейді чемпион.