Ресурстар

Сексеуіл отырғызу, 2 млрд тал егу, Қырғызстаннан су алу. Экология министрі қандай жобаларды жүзеге асырмақ?

Ел аумағында қоқыс өртейтін 6 зауыт салынбақ

Ел алдына шығып, 2020 жыл мен 2021 жылдың бес айына есеп берген экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев алда іске асуы мүмкін жобаларды таныстырды. Әрине, бас эколог айтқан бастаманың бәрі көңілдегідей жүзеге асса ел экологиясының тынысы едәуір ашылып қалар. Әзірге ведомство басшысы нендей жоспарларды жария етті? Солармен танысайық. 

Министрдің айтуынша, дәл қазір елімізде 125 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналып қалған. Әсіресе, Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған қалаларының аспаны лас ауамен тыныстауға мәжбүр. 2020 жылы ауаға 2,5 млн лас шығарынды тарап, жер бетіне 1,1 млн тонна қалдық төгілген. Тонналаған қоқыстың көзін әп-сәтте жойып жіберу мүмкін емес. Бұл өзі біздің ел ғана емес, күллі әлем шеше алмай жатқан күрделі мәселе. Енді Қазақстан да халықаралық тәжірибені енгізбек. Ол – «Waste to Energy». Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетігі іске қосылған жоба. Яғни, қоқыстарды жағып жібереді де, одан шыққан энергиядан электр тогын өндіреді. Бір оқпен – екі қоян. Дәл осы жобаға көптеген қоғам белсенділері қарсы шыққан еді. Алайда министрдің бірнеше айдан бері қозғап жүрген бұл бастамасы ақыры қабылданатын секілді. «Waste to Energy» зауыттары еліміздің алты шаһарында – Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Өскемен қалаларында салынбақ. 

«Әкімдіктер зауыттар салу үшін жер учаскелерін бөлді. Энергия беруші ұйымнан электр желісіне қосудың таяу нүктелерін анықтады. Энергоөндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру үшін аукционды өткізуге құжаттарды қабылдау басталды. Екінші жартыжылдықта қорытынды шығарамыз. Рұқсат етілмеген қоқыстар мәселесі де назар аударуды талап етеді. Ғарыштық мониторинг аясында жыл сайын сегіз мыңға жуық қоқыс үйінділері анықталады. Әкімдіктер олардың көбеюі бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл ретте, заңсыз қоқыс үйінділері мәселесін жүйелі шешу үшін жаңа Экология кодексінде қоқыс шығаратын көліктеріне GPS-датчиктерін міндетті түрде орнату мәселесі көзделген. Қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындар үшін лицензиялау және қоқыс шығаратын ұйымдар үшін хабарлама жасау тәртібі енгізілді» деді министр өз сөзінде. 

Сонымен қатар газдандыру, қоғамдық транспортты газ отынына ауыстыру, қалаларды жасылдандыру және тағы да басқа мәселелерді тоғыстырған 17 жол картасы бекітілген. Соның аясында ел аумағында 24 жаңа полигон мен 7 жаңа кәріз тазалау кешені салынбақ. Тағы 12 кәріз тазалау кешені күрделі жөндеуден өткізіліп, тарихи ластанған жерлерді қалпына келтіру және жою жұмыстары іске асырылмақ. 

Министрлік ауаға тарайтын лас шығарындылар көлемін азайту бойынша бірқатар ірі кәсіпорындармен – «АрселорМиттал Темиртау» АҚ (2025 жылға дейін ауаға лас заттарды шығаруды 30 пайызға азайтуға міндеттелген), «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС, «Қазцинк» ЖШС-мен келісімдер жасалған. Алматыдағы ЖЭС-2 модернизацияланып, ЖЭС-3 газға ауыстырылмақ. 

Министр еліміздегі су шаруашылығы мәселесі де басты назарда екенін, бұл тақырыпты негізінен үш нұсқаға бөліп қарастыратынын айтты. 

«Біріншісі – өзен ағысының төмендеуі және су тұтынудың өсуі салдарынан орта және ұзақ мерзімді кезеңде елді сумен қамтамасыз етудің болжамды азаюы. Екіншісі – арналар мен ирригациялық жүйелердің қатты тозуы себебінен тасымалдау кезінде судың жоғары шығыны. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында шығындар 44 пайызға дейін жетеді. Оларды қысқарту үшін арналарды жөндеу және автоматтандырылған басқаруды енгізу талап етіледі. Келесі – тарифтің төмен болуы, инфрақұрылымға инвестициялардың және білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Біздің алдымызда су балансын сақтау, суармалы жерлерді бір миллион алты жүз мың гектардан үш миллион гектарға дейін ұлғайту үшін жаңа ирригациялық жүйелер салу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және реконструкциялау, цифрландыру, су үнемдеу, кадрлармен қамтамасыз ету және тағы басқа да міндеттер тұр» деді министр. 

Қазір судың аз циклына тап болып отырғандықтан вегетациялық кезеңді өткізу мақсатында Тоқтоғұл су қоймасынан қосымша 330 млн куб метр су жіберу туралы қырғыз тарапымен келісім жасалыпты. Сондай-ақ тәжік және өзбек тараптарымен бірлесіп «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша келісімдер жүргізіліп жатқанын да мәлімдеді. 

Су мәселесі шешімін тауып жатқан мезетте эколог елде 2 млрд ағаш отырғызумен айналыспақ. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде іске аспақшы. Қазірдің өзінде дейін 26,1 мың гектар аумаққа 80,5 млн түп тал отырғызылған. Сонымен бірге, министр Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл отырғызу мәселесін де қаузады. 1990 жылдан қазіргі уақытқа дейін 195 мың гектар жерге сексеуіл егіліпті. Енді биылдан бастап 2030 жылға дейін жалпы аумағы 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егілмек. Осылайша, сиреп бара жатқан шөлге төзімді, морт сынғыш өсімдіктің саны көбейтілмек. 

Былтыр Алматыдағы «Сулпак» магазині алдындағы 11 ағашты заңсыз отау халық наразылығын тудырған еді. Тіпті бұл мәселені президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей бақылауына алған болатын. Сол оқиғадан кейін заңсыз ағаш кескендерге салынатын айыппұл көлемі де артыпты. Енді Қызыл кітапқа енген әрбір ағашты кескені үшін бұрынғыдай 6 емес, 1000 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл төленеді. Сондай-ақ, министр өсімдіктер дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі барлық мәселелерді заңнамалық тұрғыдан оңтайландыруға бағытталған «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасының дәл қазір мәжіліс қарауында жатқанын да мәлімдеді. 

Экологиялық туризм мәселесі де назардан тыс қалмапты. Мырзағалиевтің айтуынша, туризм деңгейін еселеп арттыру мақсатында бұдан былай ұлттық парктер жанынан қоғамдық кеңестер құрылады. Алматы өңіріндегі ұлттық парктерді жаңғырту үшін 31,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылмақ. Ол қаржыға 11 заманауи визит-орталық, 5 эко-отель, 28 глэмпинг, 8 кэмпинг, 4 этно-ауыл салу жоспарланып отыр екен.