Шығыс Қазақстанда мектеп бітіру кештері қалай өтеді

Жарияланды
Мейрамханаларда мерекелік шаралар ұйымдастыруға тыйым салынады

Биыл бітіру кештері аясында мектеп бітіруші түлектерге тек аттестат табыстау рәсімі ғана өтеді. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектепте, кафелерде, мейрамханаларда мерекелік үстелдер ұйымдастыру, әртістер мен тамадаларды шақыру, автомобильдерді жалға алу іс-шараларына тыйым салынады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті түлектер мен білім ұйымдарының оқытушылары арасында COVID-19 коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында бітіру кештерін өткізбеуді ұсынады.

COVID-19 коронавирустық инфекциясы бойынша шектеу шаралары кезеңінде білім ұйымдарының түлектеріне (мектептер, колледждер, жоғары оқу орындарын, мектепке дейінгі ұйымдарды) бітіру кештерін өткізуге тыйым салынғанын еске саламыз, өйткені бітіру кештері көпшіліктің қатысуымен өтетін бұқаралық шара болып табылады.

Алайда, қандай аймақта болғанына қарамастан, бітіруші түлектерге аттестаттарды ашық ауада тапсыру үшін қатысушылардың санын шектей отырып, басқа іс-шараларды өткізбей, аттестат табыстау шараларын өткізуге рұқсат берілді.

Шараны өткізуге қойылған бірнеше талаптар бар:

Бірінші, әр бітіруші топ жеке іс-шара ұйымдастырады, бір білім беру объектісі аумағында тек бір бітіру тобы болуы тиіс.

Екінші, салтанатты іс-шараларды кезең-кезеңмен өткізу қажет. Өткізу уақыты 45 минуттан аспауы тиіс. Топтар арасындағы аралық  уақыт кемінде 30 минут болуы керек.

Үшінші, салтанатты іс-шараға түлектердің өзінен басқа ата-анасынан немесе қамқоршысынан бір ғана адам (әр түлекпен), сондай-ақ білім беру объектілері оқытушылары құрамынан 6 адамға дейін қатыса алады.

Төртінші, карантиндегі адамдар (КВИ-мен науқас, КВИ-мен ауыратын науқастармен жақын қарым-қатынаста болған адам) аталмыш іс-шараға қатыспауы тиіс.

Бесінші, білім беру ұйымының аумағында адамдар мен қонақтардың (ата-аналар, жақын туыстар, қамқоршылар және т.б.) топтасып жиналуына жол берілмейді.

Алтыншы, салтанатты іс-шара аяқталғаннан кейін көшеде, мейрамханаларда жаппай серуен өткізуге тыйым салынады.

Жетінші, іс-шара аяқталғаннан кейін дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, білім беру объектілерінде ылғалды жинау, тазарту жұмыстары жүргізілуі қажет.

Түлектердің, қызметкерлердің денсаулығына, коронавирустық инфекцияның пайда болу және таралу қаупіне білім беру объектісінің басшысы жауап береді. Халықтың денсаулығын сақтау мақсатында азаматтық жауапкершілік танытып, қолданыстағы шектеу шараларын ұстану қажет.

Сондай-ақ оқыңыз