Ресурстар

Дәрі-дәрмек бағасы биыл да шарықтай ма?

Нарықтағы ахуалды болжау қиын

Былтырғы жазды ел ұмытқан жоқ. Бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген пандемия бір бүйірден шыға келгенде дәрі-дәрмек те тапшы боп, халық дәріханаларға шақырымдап кезекке тұрған. Кезегі келіп, қолы жеткенде коронавирусқа қарсы қауқар береді деген дәрі бағасы 20 мың теңгеден асып жығылып еді. Кейінірек «СҚ-Фармация» ісінен шикілік шығып, әкелінген қорап-қорап препараттың негізсіз біраз уақыт қоймада сақталғаны анықталды. Халық биыл да осы сценарий қайталанбай ма деп қауіп қылады. 

Жаз басталысымен шенділер былтырғыдай тапшылық болмайды, әрі дәрі-дәрмек бағасы да қымбаттамайды деп уәде бере бастады. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, биыл жағдай толық бақылауда. 

«Баға көтерген жайт тіркелген жоқ. COVID-19-ды емдеу хаттамасында ұсынылған дәрі-дәрмек дәріханаларда бар, шағымдар жоқ, баға диапазонына және сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. «Бағаның «ауытқығанын» білесіздер, сондықтан екі жыл бұрын бағаны мемлекеттік реттеу туралы шешім қабылданды. Бұл басқа мемлекеттерге қарағанда, сондай-ақ олардың өндірісі, жеткізілуі, шығыстары ескеріле отырып, референттік түрде жүргізіледі. Бізде болған жағдайға және бағаның көтерілуіне байланысты ковидке қарсы препараттардың бағасын төмендету туралы шешім қабылданды. Өткен жылдың соңында нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, шекті бағалар реттеудің ерекше тәртібімен төмендетілді: маркетингтік шығыстар, үстеме бағалар екі есе төмендетілді. Денсаулық сақтау жүйесінде қолданыстағы денсаулық туралы кодекске сәйкес, жылына екі рет шекті бағалар бекітіледі. Келесі айдың ішінде жаңалары бекітіледі деп ойлаймын» деді спикер.

Қазір елімізде 7 мыңнан астам дәрі тіркелген. Баға көрсеткіші бойынша реттелетін 370 препараттың бастапқы тізімі 160 атауға дейін қысқартылыпты.

Былтыр мониторингтік топтардың жұмысы нәтижесінде қиын жағдайда пайда тапқысы келген дәріханаларға шамамен 250 млн теңге айыппұл салынған. 

«СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының басқарма төрағасының айтуынша, препараттар медициналық ұйымдарға жеткілікті көлемде жеткізіледі. 

«Алдыңғы тәжірибені ескере отырып, біз тәсілдерді барынша өзгерттік, айлық қорды міндетті еттік, өйткені жоспарлау жүйесінің өзі тез әрекет ете алатындай автоматтандырылған емес. Медициналық ұйымдарда екі айлық қор бар. Жөнелту жүзеге асырылады, бірақ күтпеген жерден тұтынудың өсуі, басқа да жағдайлар орын алса, біз жарты күн ішінде дәрі-дәрмекті қорларымыздан жөнелтеміз және бір айдың ішінде сатып алуға автоматты түрде өтінім береміз. Механизм нәтижесін көрсетті» деп жауап берді Ерхат Есқалиев.

Сондай-ақ ол қалдықтарды басқару мәселесі стратегиялық тұрғыда маңызды екенін мәлімдеді. Сондықтан Есқалиев онымен жеке өзі айналыспақ. Денсаулық сақтау басқармалары дәрі-дәрмектің барын «көрмейтін» кездер болады, сондықтан қайта үлестіру кейде байланыс орталығы арқылы қолмен жүргізіледі.

Мысалы, елордада бір отбасы түрлі емханаларға тіркелген. Бір клиникада дәрі-дәрмек ұсынылса, екіншісінде дәрі жоқ дейді. Мемлекеттік орган өкілдерінің айтуынша, егер азаматтар ковидке қарсы дәрі-дәрмек таппаған жағдайда СЭС аумақтық департаменттеріне, колл-орталықтарға хабарласып, сайтта өтінімдер қалдыруы керек. 

«Егер қандай да бір емханада препарат жоқ болса, онда «СҚ-Фармация» ақпараттық жүйесі бұл препаратты тез жеткізе алады» деп жауап берді Нұрлыбек Асылбеков.

«СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Омарованың айтуынша, Қазақстанда нормативті түрде бір емханада жазып берілген дәрі-дәрмекті басқа емханаға жіберуге рұқсат етілген. Яғни, пациент медициналық көмек көрсететін кез келген басқа емханаға жүгіне алады.

Тағы бір мәселе – маска проблемасы. Қазір өзімізде маска өндіретін 50-ден астам отандық компания бар екеніне қарамастан, біз тұтынып жүрген маскалардың дені шетелден келген екен. Яғни, бұл жерде де импорттың үлесі басым. Нұрлыбек Асылбектің айтуынша, маскалар импорты отандық нарықта бәсеке тудырып, оның бағасын төмендетуге септігін тигізеді.

«Пандемия жағдайында бетперделер, медициналық қорғаныс құралдарын шығару жолға қойылды. Коронавирус тарала басталғанда медициналық бұйымдар шығаратын өндірістер саны 7 болса, бүгінде бұл көрсеткіш күн сайын артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда, 12 пайызға өскен. Ал импортқа келетін болсақ, сырттан әкелінетін медициналық бұйымдар нарықта бәсеке тудырып, бағаны төмендетуде. Сонымен қатар, қазіргі кезде отандық өндірушілердің өнімін сырт елдерге шығару мәселесі де қарастырылуда. Тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрық жасалды» деді департамент басшысы. 

Оның айтуынша, былтыр маска, жеке қорғаныс костюмдері жетпегендіктен аталған медициналық бұйымдарды экспортқа шығаруға тыйым салынған.

«СҚ-Фармацияның» басты міндеті – дәрілік заттармен қамтамасыз ету. Жәй жеткізіп қана қоймай, кез келген төтенше жағдайда икемді және ең алдымен, азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған жұмысты ұйымдастыру. Алайда, бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу шеңберінде дәрілік заттарды жоспарлаудың қолданыстағы моделінде жүйелі проблемалар байқалады. Сондықтан компания жоспарлаудың жаңа жүйесін енгізген. Ерхат Есқалиев цифрландыруға көшу бойынша да жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады. Дәрі-дәрмекті сатып алу 2022 жылдың өзінде толығымен электронды форматта атқарылмақ. Тендерлік рәсімдердің мерзімі қысқарады, адами фактор алынып тасталады дейді Есқалиев. 

Сондай-ақ, ол цифрландыруға көшу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.