Денсаулық сақтау министрі отставкаға кете ме?

Жарияланды
Министр күзге қарай 10 млн адам вакцина салдырады деген еді

Денсаулық сақтау министрі сәуір айында «күзге дейін 10 млн адам вакцина салдырады» деп мәлімдеген еді. Алайда вакцина салдыру қарқыны бәсеңдеп қалған сыңайлы. Бүгінде вакцинаның бірінші компонентін  2 587 884 адам салдырған,  бұл –  вакцина алуға тиіс халықтың 26 пайызы. Ал екінші компонентін 1 480 309 адам салдырған. Министрлік егу пункттерінде вакцина жеткілікті дейді. Әр компоненттің 1,2 млн дозасы дайын тұр екен. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Алексей Цой вакцинация жайын айтумен қатар, «күзге дейін 10 млн адам вакцина алмаса, отставкаға кетесіз бе?» деген сауалға да жауап берді. 

Вакцина салдыру – ерікті іс екенін еске салған Цой,  ешкімді мәжбүрлей алмайтынын, министрлік тек түсіндіру жұмысын жүргізетінін айта келе, министрдің қызметіне тек мемлекет басшысы баға береді деді. 

«Әр үкімет мүшесінің қызметіне қатысты кез келген мәселені Мемлекет басшысы шешеді. Сондықтан жұмыс қалай бағаланса, солай шешім қабылдайды» деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде вакцина жеткізу кезең-кезеңімен, кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Қарағандыдағы зауыттан негізгі партиясы әкелінген. 

«Ел азаматтары саналы түрде вакцина салдырып жатыр. Вакцина салдырғандардың тек 0,03%-ы ғана ковидпен ауырды… Қазақстанда вакцина салдырмаған 800-ге жуық адам КВИ-мен қайта ауырған. Мұндай үрдіс әлемнің басқа елдерінде бар. Мыңдаған адам қайта ауырады. Сондықтан вакцина салдырыған дұрыс» деді  министр. 

Осы орайда  Алексей Цой отандық вакцинаға қатысты айтылған сын мен клиникалық зерттеу деректері неге ашық емес деген сауалға жауап беріп өтті.  Министрдің айтуынша, бұған бірнеше объективті себеп бар екен. 

«Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты беделді рейтингтік журналдарға бірнеше мақала жолдады. Материалдарды жариялау шарттары бар, белгілі бір ақпарат журналдарға шыққанға дейін жарияланбауы керек. Негізгі ақпарат, қолдану жөніндегі нұсқаулық, тиімділік, қарсы көрсеткіштер мен көрсеткіштер бойынша позиция нұсқаулықта көрсетілген, халыққа жеткізілген, вакцинация жүргізу кезінде олар азаматтарға жеткізіледі. Клиникалық зерттеулердің егжей-тегжей параметрлері жақын арада жарияланады деп ойлаймын. Мұнда ешқандай құпия жоқ, бұл таза процедуралық процесс» деді министр.

Айта кетейік, министр –  отандық QazVac  вакцинасын алғаш салдырғандардың бірі. 

Сонымен қатар Алексей Цой қазақстандық вакцина қазір ел ішінде де, шетелде де сұранысқа ие  деп мәлімдеді. 

«Шетелге вакцина жеткізу бұл өте ұзақ процедура: өзгелер оны мойындап, белгілі бір елде тіркеу қажет. Біз бұл жұмысты бастағалы отырмыз, осы вакцинаны алуға ниет білдірген серіктестерді іздейміз, қазір барлық реттеуші құралдар іске қосылған. Жамбыл облысындағы зауытты пайдалануға беру жоспарланып отыр, ол да өнеркәсіптік қуатқа шыға алады. Негізінде іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталды, қазір жабдықтар қосылып жатыр. Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, барлық регламенттік рәсімдер өтуде. Күзге қарай зауыт іске қосылып, кезең-кезеңімен өз қуатын кеңейтеді деп ойлаймыз» деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз