Инвестиция

Ресми есеп басқа, базардағы баға бөлек: қымбатшылық қысып барады

Депутат азық-түлік сертификатын енгізуді ұсынды

Қазақстанда азық-түлік  бағасы шарықтап барады. Мәселен, соңғы бір жылда жұмыртқа –  33,7%, күнбағыс майы – 48%, қант  – 26,3 пайыз, қарақұмық жармасы 29,4  пайызға қымбаттаған.   Бүгін мәжіліс отырысында вице-премьер Роман Скляр мен бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұмағаринге депутаттық  сауал жолдаған мәжілісмен  Аманжан Жамалов бос сөзді қойып, алыпсатарлармен күресті мықтап қолға алу керек деп мәлімдеді. 

Депутат  баға өсімін тежеуде қолданылатын тетіктерді өзгертіп, жеткізушілер мен сатушылардың астыртын сөз байласып, бағаны шарықтатуына тосқауыл қою қажет деп тұжырымдайды. 

Мәжілісмен төрт ай ішінде монополияға қарсы комитет жұмыртқа, күнбағыс майы, қант, қарақұмық жармасы, сүт өнімдері, тауық еті, макарон өнімдерін өндірушілер мен көтерме жеткізушілерге бәсекелестікке қарсы келер жасырын келісім, үстеме қою немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланғаны жайлы 48 ескертпе жібергенін айтып өтті.

Сондай-ақ Аманжан Жамалов атаулы әлеуметтік көмекті көбейту немесе халықтың әлеуметтік осал санаты үшін азық-түлік сертификаттарын енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу,  жауапты ведомстволардың жұмысын жүйелеуді ұсынды. 

Елімізде  инфляция деңгейі ресми түрде  7,2%  болғанымен, жекелеген азық-түлік өнімдерінің бағасы бас  бермей барады дейді депутат. 

 «Жақында 1 келі  картоптың 500 теңгеге дейін күрт қымбаттауы халықтың наразылығын тудырды. (…) Үкімет жағдайды мұқият қадағалап, азық-түлік бағасының өсуін тежеу үшін, тиісті шара қабылдауы керек» деді Жамалов.

Бұған дейін Үкімет отырысында Ұлттық Банк басшысы Ерболат Досаев инфляциялық үрдістің жеделдегенін мәлімдеген еді. Қаржы реттеушінің болжамы бойынша, инфляция 2021 жылдың соңына қарай нысаналы диапазоннан 0,4-0,5 п.т. жоғары қалыптасуы мүмкін. 

«Ұлттық банк пен үкімет инфляцияның деңгейі небәрі 7,2 процентті құрап отыр дейді. Алайда дүкендегі баға мүлдем басқа. Азық-түліктің кейбір түрлері екі есеге қымбаттап кеткен» деді Жамалов мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, инфляциямен күресу үшін алдымен монополия мен картельдерді, жасырын сөз байласатындарды жою қажет. Онсыз қымбатшылықты ауыздықтау мүмкін емес.