Экономикалық одақ елдеріндегі орташа жалақы қандай?
2021 жылдың I тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 230,8 мың теңгеге жеткен, бұл 16 маусымдағы валюта бағамы бойынша, шамамен 541 долларға тең. Осы көрсеткіш Қазақстанды жалақы көлемі бойынша ЕАЭО елдері арасында екінші орынға шығарды. Ал экономикалық одақ құрамындағы өзге ел тұрғындары қандай жалақы алады? Қай елде орташа жалақы төмен, қай елде жоғары?
Ресми статистика бойынша, Қазақстанда орташа жалақы бір жылда 15,2 пайызға өскен. Былтыр орташа жалақы 200 мың теңге көлемінде еді.
ЕАЭО елдері арасында орташа айлық жалақы ең жоғары мемлекет – Ресей. 2021 жылдың қаңтар-наурыз айларында бұл елдегі орташа жалақы 52,1 мың рубльді, қазіргі валюта бағамы бойынша 726 долларды құраған. Ресей статистика бюросының дерегіне сүйенсек, жылдық өсім шамамен 7,8%-ды құраған. Былтыр орташа жалақы 48,8 мың рубль болған.
Дәл осы кезеңде Беларусь республикасындағы орташа жалақы 1,32 мың беларусь рублін немесе 532 долларды құраған, жылдық өсім – 14 пайыз айналасында. Былтыр бұл елдегі айлық орташа жалақы 1,16 мың беларусь рубліне тең болған.
Ал Армения азаматтары қазіргі бағам бойынша орташа есеппен 373 доллар жалақы алады, дәлірек айтсақ, айына орта есеппен – 194 мың армян драмы.
Қырғызстан тұрғындары айына орта есеппен 18,87 мың қырғыз сомын (2021 жылғы қаңтар-наурыз көрсеткіші) немесе валюта бағамы бойынша 223 доллар табыс табады. Жылдық өсім ұлттық валютада шамамен 6,2%-ды құраған. Былтыр қырғыздардың орташа айлығы 17,76 мыңнан аспаған.
Бұған дейін қазақстандық жұмыс берушілер hh.kz сайтында орта есеппен 179 мың теңге айлық ұсынатынын, ал модальді жалақы 150 мың теңгеге тең екенін жазғанбыз.
Қазақстанда ең жоғары номиналды жалақы тау-кен өнеркәсібі мен карьер қазатын қызметкерлерге төленеді. Олардың жалақысы республика бойынша орташа жалақыдан 2,2 есе жоғары және 509,8 мың теңге шамасында.