Павлодарлық бозбала ерекше мүсін жасады
Павлодар қаласындағы балалар көркемсурет мектебін бітірген 16 жасар Абылайхан Әбілқасымов «Жас суретші» деген скульптура жасады. Темірбетоннан жасалған мұндай мүсін – мектеп тарихындағы алғашқы дипломдық жұмыс. Әдетте түлектер тек макет жасаумен шектеледі.
«Скульптурада баланың бір иығында – әкесінің ауыр сөмкесі, екінші қолына қылқалам ұстады. Сырттан қарағанда, ауада сурет салып тұрғандай әсер қалдырады. Бұл іс оған қанат бітіретінін де аңғару қиын емес. Техникалық тұрғыдан алар болсақ, 16 жастағы бала үшін мұндай мүсінді дайындау қиын. Ол шеберлік, тиянақтылық, дәлдікті талап етеді. Абылайхан бұл міндетті мінсіз орындады деуге болады. Оған қоса, бұл мүсіннің ерекшелігі –астарлы ойы бар» дейді балалар көркемсурет мектебі директорының орынбасары Инна Масленникова.
Көркем мүсін биіктігі – екі жарым метр. Ал салмағы – шамамен 300 килограмм. Сондықтан оны Усолка өзенінің жағасындағы мектеп алдына орнату үшін манипулятор шақыруға тура келді.
«Бұл мүсінді жасағанда шарқайрақты (болгарка) алғаш рет пайдаландым. Дәнекерлеу, бетон араластыру, тор салу сынды жұмыстарды да бірінші рет істедім. Оның сапалы шығуына атам көмектесті» дейді Абылайхан Әбілқасымов.
Абылайханның атасы Марат Әбілқасымов – белгілі скульптор. Бүгінде оның жұмыстары облыс орталығындағы бірнеше саябақтың ажарын ашып тұр.
«Толыққанды мүсін жасау 16 жасар бала үшін оңай емес. Сондықтан ақыл-кеңесімді айтып, кейде қол ұшын созғаным бар. Бұл мүсінді дайындауға бір айдан астам уақыт кетті» дейді ол.
Абылайханның ендігі мақсаты – Алматы қаласындағы оқу орындарының бірінде шығармашылық білімін жалғастыру.