Ақсу алтын өндіру фабрикасы іске қосылады

Жарияланды
Фабриканың өнімділігі жылына 5 000 000 тонна кенді құрайды

Жаңа «Ақсу» алтын өндіру фабрикасында іске қосу-реттеу жұмыстары басталды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«АК Алтыналмас» АҚ еншілес кәсіпорны – «Ақсу Technology» ЖШС Ақмола облысында орналасқан жаңа «Ақсу» алтын өндіру фабрикасында пайдалануға беру жұмыстарын бастады.

Іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізудің мақсаты технологиялық жабдықтың жұмысын ретке келтіру және өндірісті жобалық көрсеткіштерге шығару болып табылады. Бастапқы кен бойынша фабриканың өнімділігі жылына 5 000 000 тонна кенді құрайды. Соңғы өнім – Доре алтын-күміс қорытпасы. «Ақсу» кен орнының кенді қайта өңдеудің технологиялық сызбасы кенді кейіннен ұнтақтай отырып, үш сатылы ұсақтауды қамтиды.

Қабылданған схеманың негізгі циклі – ұсақталған кенді сорбциялық шаймалау болып табылады. Технологиялық процестің толық циклі «SCADA» автоматтандырылған басқару жүйесімен басқарылады және бақыланады.

«Ақсу» «AK Алтыналмас» АҚ-ның соңғы 10 жыл ішінде салынған және іске қосылған 5-ші фабрикасы болды.

«АК Алтыналмас» АҚ – толық геологиялық, тау-кен өндіру және алтын өңдеу циклінің компаниясы. Компанияның Қазақстан Республикасының төрт аймағында активтері бар: Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы «Пустынное» жобасы, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы «Ақбақай» жобасы, Шығыс Қазақстан облысындағы «Мизек» кен орны, Ақмола облысындағы «Ақсу» жобасы және «ҚАЗАҚАЛТЫН ТКМК» АҚ объектілері.
 

Сондай-ақ оқыңыз