Соңғы үш жылда ел назарынан тыс қалмай, әр жылт еткен жаңалығы көптің талқылауына түсіп келе жатқан бір өңір болса, ол – Түркістан. 2019 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен облыс орталығына айналған көне шаһар бұл күндері көркіне көз тартар орталыққа айналды.
Қазіргі таңда облысты дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа кешенді жоспары қабылданған.
«Мәдени-рухани орталықтағы нысандардың басым бөлігі өте қарқынды салынды. Әкімшілік орталығымыз бен қала инфрақұрылымы бас жоспарда қарастырылған даму перспективасына сай дамуда. 2018 жылмен салыстырғанда, жалпы өңірлік өнім осы жылдар ішінде 41%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгені, өнеркәсіп өнімі 18%-ға, ауыл шаруашылығы өнімі 34%-ға жетті. Соңғы 3 жылда инвестициялар 1,6 трлн теңгені құрады» деді әкім.
Тұрғын үй құрылысында да оң көрсеткіштер тіркеліпті: өңірде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй тапсырылды – 736 мың шаршы метр, соның ішінде 700 мыңы былтыр берілген. Ал шағын және орта бизнестің өңірлік өнімдегі үлесі 21%-ға жеткен. 2018 жылы облыс бюджеті 450 млрд теңгені құраса, биыл ол көрсеткіш 893 млрд теңгеге дейін өскен.
Негізгі медициналық нысандардың Шымкентте қалуы Түркістанда бұл салаға ерекше көңіл бөлу керегін аңғартты. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, жеке меншік әріптестік тәсілімен 570 орындық медицина орталығы салынып жатыр. Бұл әлемдік деңгейдегі госпиталь болады деп жоспарланып отыр екен.
«Онда цифрлық технологиялар, заманауи қондырғылар болады. Нысан келесі жылдың ортасында тапсырылады. Сонымен қатар, 200 орындық инфекциялық аурухана іске қосылады. Араб инвесторларының қаржысына ана мен бала орталығының құрылысы басталды. Түрік әріптестерімізбен халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы емхананы жаңартып, оны әлемдік деңгейге жеткізу туралы келісімге келдік. Олар мекеменің қондырғыларын жаңартып, кадрлармен көмектеседі. Медицина саласында үлкен серпіліс болады» дейді аймақ басшысы.
Шөкеевтің айтуынша, қаланың рухани астана деген мәртебесі – шаһар мен өңір айбынын асырып тұрар ерекше артықшылық.
«Бұл мәртебе алдымен қаламызға деген қызығушылықты арттырады. Туристер болсын, зиярат жасаушылар болсын, жалпы түркі халқы болсын. Әлемдегі тарихпен қызығатын адамдарға Түркістанға келу қызық болады, әуежай, «Керуен сарайы», өзге де нысандарды тиісті сұраныспен қамтамасыз етуіміз керек. Сұраныс болса, туризм болса, ол міндетті түрде жергілікті халықтың әл ауқатына оң әсерін тигізеді» деді Шөкеев.
Оның айтуынша, бүгінде «Керуен сарайда» мыңға жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Егер мейрамханалар, қонақ үйлер көбейсе, қосымша жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар әкім «Керуен сарайдың» құрылысына пайдаланылған материалдар мәселесіне де тоқталды. Еске салсақ, осыдан аз күн бұрын желіде аталған кешеннің сапасыз салынғанын айғақтайтын материалдар тараған еді. Онда блогер қопарылып қалған сылақ астынан декоративті толтырғыш ретінде пенопласт көрініп тұрған фотосуретті жариялаған. Десе де бұған қатысты әкімнің пайымы басқаша.
«Бұл «Керуен сарайдың» ұзындығы бір шақырымға жуық. Онда күн сайын баратынмын: барлығы темірбетоннан, арматурадан жасалған. Бұл ауданның сейсмикалық жағдайы біршама болғанына қарамастан, бәрі артығымен салынды. Әрине, әр түрлі әрлеу материалдары қолданылады. Желіде жарияланған фотоға қарап «Керуен сарай» толықтай осы материалдан салынған деп ойлау – қате түсінік. Егер оның (фотосурет авторы) құрылыстан хабары бар болса, бұлай жазбас еді. «Sembol» компаниясы – әлемдік компания, ол өз беделін өте жоғары бағалайды. Әрине, мен бұлай болғанын қаламаймын, бірақ олар мұндай әрекет үшін жауапқа тартуды талап етуі мүмкін, себебі олардың беделіне нұқсан келтірілді. Шын мәнінде, бұл пенопласт барлық жерде қабырға материалы ретінде қолданылады. Шымкентте барлық үйлерде қасбеттік материалдар бар, Түркістанда да салынып жатыр. Ол өте арзан, тиімді қабырға материалы» деді аймақ басшысы.
Есеп беру жиынында әкім баспаналарын заңдастыра алмай жүрген, Қазақстан-Өзбекстан шекарасының түйіскен тұсындағы Бағыс ауылының тұрғындарына қатысты проблемаға да назарын аударды.
«Екі мемлекет арасындағы шекараны анықтауда бірнеше процедура жүзеге асырылады. Кезінде демаркация өтті, бірақ делимитация толық аяқталмаған. Осыған қарамастан биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен үкімет, сыртқы істер министрлігі, облыстық әкімшілік, аудандық әкімшілік, барлығы бірігіп, өте үлкен кешенді жұмыс атқарды. Нәтижесінде, бұрынғы шешілмей тұрған 740 гектар жер облыс аумағына қосылды» деді облыс әкімі.
Өмірзақ Шөкеев бұл мәселе үкіметтік деңгейде шешілгенін атап өтіп, екі ел арасында тиісті хаттама жасалғанын, тиісті үкімет қаулысы шыққанын, қазір аудан елді мекендегі жерді пайдалану тәртібін орнатып жатқанын жеткізді. Осыдан соң тиісті құжаттар үлестіріліп, екі елді мекен де толықтай газбен қамтамасыз етілмек.