Инвестиция

Сауда секторы пандемия салдарынан қанша ақша жоғалтты? Министр проблемаларды тізіп берді

Азық-түлік тапшылығы да реттелмек

Халық алдында жылдық есеп беру жиынын өткізген сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов саладағы қордаланған мәселелер мен қолға алынған бастамалар туралы кеңінен тарқатып айтты.  Министрдің айтуынша,  шикізаттық емес экспорт көлемінің өсуі біртіндеп қалпына келіп жатыр. Осы орайда министрдің сөздерінен ең негізгі әрі маңызды деген тезистерді ұсынамыз. 

33.jpg

2021 жылдың бес айында ішкі тауар айналымы 15,8 пайызға артты. Қатаң карантин кезінде сауда нысандарының жұмысы толықтай тоқтап қалды. Сол кезде біз 1 трлн теңгеден астам сауда айналымын жоғалттық. Дегенмен биылғы бес айдағы көрсеткішке қарасақ біз пандемияға дейінгі 2019 жылғы көрсеткіштен 0,5 трлн теңге алда келеміз. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша сауда саласы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ – ред) 14,7 пайызын құрайды. Былтыр әкімдіктер 473 сауда орталығы, 337 базармен жұмыс жүргізіп, микро және шағын бизнес субъектілері үшін аренда төлемін төмендетті және тоқтатты. Карантин және шектеу шараларына қарамастан сауда саласына 181,7 млрд теңге инвестиция тарттық. Жыл басынан бері инвестициялық белсенділіктің қайтадан жандана бастағанын байқап отырмыз.

Биыл бес айда салаға 142 млрд теңге инвестиция келді. Бұл былтырдың бес айынан 20,1 пайыз көп. 2020 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда биыл бірінші тоқсанда жұмыспен қамтылғандар саны 20,8 мың адамға, 2019 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 57,3 мың адамға көбейді. Қазір сауда саласында 1,5 млн адам еңбек етіп жүр. Бұл елдегі жұмыспен қамтылғандардың 16,6 пайызы. Өндіруші мен трейдер, логист пен тасымалдаушы, сатушы мен тұтынушы арасында баланс болуы керек. Ол үшін барлық процестер ашық һәм әділ үйлесімділікте іске асуы тиіс. Осы байланыстардың дұрыс жұмыс істемеуі азық-түлік бағасының негізсіз өсіп кетуіне әкеліп соқтырды. Оның бір дәлелі – картоп және оның тапшылығы. Солтүстікте күздік картоптар таусылып қалса, оңтүстікте өнім енді жиналып жатыр. Осы жағдай нарықтағы тепе-теңдікті бұзды. 

Жақын арада елімізде ұлттық тауар өткізу жүйесі іске қосылады. Аталған жүйе аясында 24 көтерме-үлестіру орталықтары жұмыс істейді. Жобаның бірінші кезеңінде 7 жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, Ақсу мен Мичурин қалаларында картоп пен сәбіз қабылдайтын, ал Қапшағай мен Шуда пияз қабылдайтын, барлығы 4 көтерме-үлестіру орталығы бой көтермек. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте салынатын 3 орталық өнімдерді бөлшек сауда желілеріне, интернет-дүкендерге жеткізіп бермек. Мұның бәрі бірыңғай ақпараттық жүйе негізінде жүзеге асады. Мұндай жүйенің енгізілуі тауар ағынының ашықтығын қамтамасыз етіп, ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың теңесуіне жол ашады. 

2020 жылы министрлік 20 мыңнан астам шағымды қарастырып, тұтынушыларға 250 млн теңгеге жуық ақша қайтарылды. Бір ғана «Бек Эйр» әуе компаниясына қатысты шағымдарға байланысты жалпы сомасы 110 млн теңгеге 1,7 мыңнан астам тұтынушының құқығы қорғалды. Жыл басынан бері тұтынушыларға қайтарылған қаржы көлемі – 70 млн теңге. Шағымдар негізінен транспорт саласындағы қызмет көрсету, бөлшек сауда, тұрмыстық және туристік қызмет секторларының жұмысына байланысты жиі түседі. 

Тұтынушылардың экономикалық мүддесін қорғау мақсатында «тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңға түзетулердің 1-і пакеті енгізілді. Биыл бес айда 153 тұтынушының проблемасын сотқа жеткізбей шештік. Бұған е-Тutynushy бірыңғай ақпараттық жүйесінің іске қосылуы да әсер етті. Биыл заңға түзетулердің 2-і пакетін енгізуді дайындаймыз. Пандемия электронды коммерция нарығында да тұтынушылар құқығының жиі бұзылатынын көрсетіп берді. Былтырдың өзінде 689 адам интернет-дүкендерге байланысты шағым жасады. Оларға 13,2 млн, биыл шағымданған 556 қазақстандыққа 7 млн теңге қайтарылды. 

22.jpg

COVID-19-дан туындаған экономикалық және әлеуметтік толқулар әлемдік саудаға қатты әсер етті. БҰҰ ЮНКТАД деректері бойынша 2020 жылы халықаралық сауда көлемі 9 пайызға, тауарлар саудасы 6, ал қызмет көрсету саудасы 16,5 пайызға қысқарды. Осының салдарынан Қазақстанның да сыртқы сауда айналымы 13 пайызға, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің шикізаттық емес экспорты 13,5 пайыз, 20,4 млрд долларға төмендеді. Азық-түліктік емес тауарларға деген сұраныс та 20 пайызға құлдырады. Экспорттың болжамды көлемін және ішкі нарық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран және Ресей елдерімен орамжапырақ, сәбіз, пияз, картоп өнімдерін жеткізуге қатысты форвордтық сатып алу келісімдерін жасауды жоспарлап отырмыз. Жаппай өнім жинау кезінде көрші елдерге 765 мың тонна көкөніс жеткізе аламыз. Бұл ретте өзіміздің нарық дер уақытында 280 мың тонна импорттық көкөністермен қамтылады. Нәтижесінде бұл өнімдерге деген баға құбылуы 7-10 пайыз деңгейінде болады. 

Қазақстанда 600-ге жуық белсенді экспорттаушы бар. Министрлік 3-4 жылда олардың санын 1000-ға жеткізуді жоспарлап отыр.  2020 жылы кәсіпкерлерді қолдау үшін QazTrade компаниясы базасында экспорттық акселератор құралын енгіздік. Оның мақсаты – интенсивті экспорттық даму бойынша, өнімдерді жаңа нарықтарға шығару бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету. Былтыр Қытай бағытын таңдап, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарын оқыттық. 500-дей компания қатысуға өтініш білдірді, соның арасынан экспорттық әлеуеті жоғары 35 өндіруші іріктеліп алынды. Қазіргі кезде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 167 млн доллар сомасына 18 әлеуетті келісім-шарт жасалып отыр. Акселерация кезінде ШОБ субъектілерінде өндіріс көлемінің жеткіліксіз екенін байқадық. Қытай компанияларының ет өнімдері, өсімдік майы, тұзға деген сұраныстары қазақстандық қатысушылардың мүмкіндіктерінен 4 есе асып түсіп жатыр.  

11 (1).jpg