Көлікті онлайн сату, сатып алудың жолы қандай? Көлік аларда неден сақ болу керек?

Жарияланды
Автокөлікті онлайн рәсімдеуге болады

Пандемияның онлайн сауатымызды біршама арттырып кеткені жасырын емес. Азаматтар соңғы уақытта автокөлікті де онлайн рәсімдеуге машықтана бастады. Дегенмен көбі бұл туралы әлі жеткілікті деңгейде білмейді. Сондықтан автокөлікті онлайн рәсімдеу жайлы қысқаша ақпар бергенді жөн көрдік. 

Егер сіз көлікті сатушы болсаңыз, төмендегі қадамдарды жүзеге асырасыз: 

Kaspi.kz қосымшасында «Госуслуги» бөлімін таңдап, «Переоформление автомобиля», оның ішінде «Снять авто с учета» батырмасын басасыз. Бұл қызметті жұмыс күндері 9:00-ден 19:00-ге дейін пайдалануға болады. 

Автокөлікті таңдап, «Продолжить» дейсіз. Егер төленбеген айыппұл мен салық болса, төлеу керек. Сосын сатып алушының ЖСН-ын көрсетіп, оның аты-жөнін тексересіз және «Продолжить» батырмасын басасыз. 

Автокөлік үшін алатын қаржыңыздың сомасын көрсетесіз. Минималды сома – 1000 теңге. Егер көліктің мемлекеттік нөмірін сақтап қалғыңыз келсе «Да» дегенді таңдаңыз. Нөмір 6 ай бойы сақталады. Ол нөмірді сатып алған жаңа көлігіңізге жапсыра аласыз. 

Бұдан соң СМС-код арқылы ЭЦҚ шығаруға арналған өтінішке қол қоясыз. 

Әрі қарай өз тұлғаңызды растау үшін фотоверификациядан өтесіз. Көлікті есептен шығару туралы өтінішпен толық танысып, «Подписать уведомление» батырмасын басу қажет. 

Сіз автокөлік үшін төленетін соманың Kaspi.kz қосымшасындағы арнайы шотқа түскені туралы хабарлама аласыз. Процесті бақылау мақсатында «Проверить статус» дегенді таңдаңыз. 

Сатып алушы көлікті есепке қойған соң ақша сіздің Kaspi Gold-қа түседі және келісім формасы жарияланады. Ескі техпаспорт пен мемлекеттік нөмірді сатып алушыға бересіз. 

Егер сіз көлік сатып алушы болсаңыз, төмендегі қадамдарды жүзеге асырасыз: 

Сатушы көлікті есептен шығарғаннан кейін Kaspi.kz қосымшасында хабарлама аласыз және көлікті есепке қоя беруіңізге болады. Төленбеген айыппұлдарды өтеу сізге де қатысты. 

Одан соң көлікке төленетін соманы жіберіңіз, ол Kaspi.kz-тегі арнайы шотқа түседі. 

«Поставить авто на учет» батырмасын басасыз. Техпаспорт пен мемлекеттік нөмірді алу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын (ХҚКО) таңдайсыз. Көлік нөмірінің қандай болатынын да өзіңіз көрсетесіз (1А – тікбұрыш, 2А – тікбұрыш және шаршы). 

Өтінішке Kaspi-дің электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы қол қоясыз. Kaspi ЭЦҚ алу үшін сізге ХҚКО немесе eGov.kz-ке хабарласудың қажеті жоқ, ол Kaspi.kz мобильді қосымшасында автоматты түрде жасалады.

Тұлғаңызды растау үшін фотоверификациядан өтесіз. 

•    Стандартты мемлекеттік нөмір үшін – 8167 теңге; 
•    Техпаспорт үшін – 3646 теңге; 
•    Тіркеуге жинау үшін – 729 теңге; 
•    Егер VIP-нөмір таңдаған болсаңыз – 166 269 теңгеден бастап төлемдерді жасайсыз. 

Үш сағат ішінде есепке қоюды аяқтау жайлы хабарлама келіп түседі және келісім формасы жарияланады. 

Сатушы өз көлігі үшін ақшаны Kaspi Gold-тан алады. Ескі техпаспорт пен мемлекеттік нөмірді көлік иесінен алып кетіп, оларды мамандандырылған ХҚКО-да жаңасына айырбастап аласыз. 

Көлікті таңдау кезінде алаяқтардың құрбаны болмас үшін мына кеңестерді есте ұстаған абзал. 

Адамдар жиі тап болатын алаяқтық әрекеттер: 

1. Ерекше сауда ұсынысы. Тауардың өзі немесе бағасы басқалардан ерекшеленіп тұрады. 
2. Қарбалас. Сатушы тауарды алуға ұсыныс білдіргендердің саны көп екенін айтып, сондықтан алдын ала төлем жасауға мәжбүрлейді. 
3. Шұғыл. Сатып алушы тауар үшін кез келген соманы төлеуге дайын екенін, ал ақшаны аудару үшін банк картасы деректерін жіберуді сұрайды. 
4. Басқа қала. Сатып алушы немесе сатушы басқа қалада тұрады. Мұндай жағдайда алдын ала төлем жасау туралы сөз болады. Ал бұл алаяқтыққа жол ашатын бірден бір жағдай. 

Алаяқтарға алданбаудың жолы қандай?

1. Жеке деректеріңізді ешқашан ұсынбаңыз. Аты-жөніңіз, телефон, мекен-жай, электронды почта, туған жеріңіз бен туған жылыңыз (ай, күн), отбасы және табыс туралы деректер, карта деректері, өзге мессенджерлердегі контактілеріңізді бөліспеңіз. 
2. Сатушының рейтингі мен профилін мұқият қараңыз. Тауарды немесе қызметті алғаннан кейін ғана төлем жасаңыз. 
3. Жіберілетін түрлі сілтемелерге кіріп төлем жасамаңыз. 
4. Алаяқтар сатып алу процесін жеделдетуді талап етіп, олай болмаса тауарды басқа адамға сатамын деп қорқытады. Шынайы сатушылар кез келген сұраққа ашық және байыпты болады. 
5. Әлденеге күмәніңіз болса алдын ала ешқашан төлем жасамаңыз. 

Егер алаяқтардың құрбаны болсаңыз онда дерек жергілікті полиция бөліміне барып, алаяқтық фактілері туралы арыз жазыңыз. 

Қазақстан АвтоБизнес қауымдастығының дерегі бойынша отандық дилерлер мамыр айында 9402 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника сатқан. Сонымен қатар 695 жүк көлігі, арнайы техникалар және автобустар сатылған. Бұл 2020 жылдың мамыр айымен салыстырғанда 39,2 пайызға көп екен. 

Мамыр айында ең көп сатылған көлік маркаларының ондығы мынадай: 

1. Chevrolet (2791);
2. Hyundai-дың (1644);
3. Toyota (1398);
4. Kia (1030);
5. Lada (702);
6. Volkswagen (465);
7. Renault (310);
8. Nissan (274);
9. Lexus (149);
10. JAC (135).  

Мамыр айында ең көп сатылған көлік моделдерінің ондығы мынадай: 

1. Chevrolet Nexia (1522);
2. Chevrolet Cobalt (1015);
3. Hyundai Accent (747);
4. Kia Rio (617);
5. Toyota Camry (584);
6. Toyota RAV4 (425);
7. Volkswagen Polo (362);
8. Hyundai Santa Fe (304);
9 .Hyundai Creta (295);
10. Lada Largus та (285).
 

Сондай-ақ оқыңыз