Инвестиция

Жазғы демалыста қайдан жұмыс табуға болады?

Еңбек тәжірибесі жоқтарға ұсынылатын жалақы жайы

Жазғы демалыста студенттер, тіпті жоғары сынып оқушылары жұмыс істеп, ақша тапқанды жөн көреді. Осы орайда OLX сарапшылары жазда қай саладан жұмыс табуға болатыны және  жұмыс берушілер тәжірибесі жоқ үміткерлерге не ұсына алатынын анықтады. Олар 2020-2021 жылдың мамыр-маусым айларындағы жұмыс ұсыныстарына талдау жүргізген. 

Сервис дерегі бойынша, студенттерге арналған ұсыныстардың көпшілігі «Мансап бастау, тағылымдама және тәжірибе» айдарында орналастырылған. Еңбекке енді араласып жатқандарға  орта есеппен 73 мың теңге айлық төленуі мүмкін. Ал «Бөлшек сауда, сату-сатып алу»  бағытында орналастырылған вакансияларға жұмыс берушілер орта есеппен 83 мың теңге төлеуге әзір. Сауда-саттық саласында студенттерге ұсыныс мол. 
 
Жұмыс тәжірибесі жоқ үміткерлерге кафе-мейрамхана, бөлшек сауда,  маркетинг және жарнама, әкімшілік қызметкер және өзге де қызмет көрсету салаларында жұмыс бар. Құрылыста да әркез қара жұмыс табылады. Алайда бұл еңбек аса қатты бағаланбайды. Сарапшылар келтірген дерекке жүгінсек, құрылысқа келген жастарға төленетін айлық  42 мың теңгеден басталады.

 Еңбек тәжірибесі жоқтарға ең жоғары жалақы маркетинг және жарнама саласында ұсынылады. Бұл салада  жұмыс берушілер орта есеппен 105 мың теңге төлеуі мүмкін. 

Рисунок2_0.jpg

Жұмыс та, оған төленетін еңбекақы да Қазақстанның әр аймағында әртүрлі. Айталық, Ақтауда «әкімшілік қызметкерлер» санатындағы ең жоғары орташа жалақы – 130 000 теңге болса, Таразда ең төмен жалақы – 75 000 теңге. Жазғы демалыста Шымкенттің кафе-барларында жұмыс істегісі келгендер айына шамамен 91 мың теңге табады. 

Мансап бастап, тағылымдама мен тәжірибеден өткісі келгендерге орта есеппен 105 мың теңге төленеді. Ел астанасында «Интернет, IT, компьютер, телеком» санатында ұсынылатын ең жоғары орташа жалақы  – 100 000 теңге, ал сауда-саттық саласында – 114 000 теңге, ал құрылыста 250 000 теңге жалақы ұсынатыны жазылған.

Ал Қызылордада маркетолог, жарнама берушілер мен дизайнерлерді жоғары бағалайды: нарықта ұсынылаған орташа жалақы 100 000 теңгені құрайды.