Елімізде 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіріледі

Жарияланды
Мемлекеттік бюджеттен шамамен 200 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр.

Елімізде 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіріледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов айтты. 

2030 жылға дейін 1283 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылады және жұмыс істеп тұрған 288 шаруашылықты өсіру көлемі артады.

Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін 10 жыл ішінде 340 млрд.теңге жеке инвестициялар тарту және мемлекеттік бюджеттен шамамен 200 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр.

2021 жылы жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтары есебінен 12,8 мың тонна балық өсіру күтілуде. Жедел мәліметтер бойынша жыл басынан бері шамамен 7,6 мың тонна тауарлы балық өсірілді.

Брифинг барысында спикер сондай-ақ балық шаруашылығын (акваөсіру) дамыту үшін жағдай жасау мақсатында Комитет мынадай жұмыс жүргізгенін хабарлады.

Бірінші. Балық шаруашылығы су айдындарын тауарлық балық шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпшілік су айдындарынан ауыстыру қағидалары бекітілді.

Екінші. Заңнамалық деңгейде пайдаланушының тор шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпшілік балық шаруашылығы учаскесін пайдалану құқығы көзделген.

Үшінші. Балық шаруашылығын жүргізуге арналған үлгі шарт бекітілді және осы шартты жасасудың нақты мерзімі – 49 жыл болып белгіленді. Бұрын келісім-шарт жасасу мерзімі 5 жылдан 49 жылға дейін болатын.

Төртінші. Балық шаруашылығын дамыту жоспарларында балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды.

Бесінші. Балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды.

Алтыншы. Балық өсіру тоғандары мен бассейндерін салу кезінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жөніндегі талаптар алып тасталды.

Жетінші. Бизнес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босатылды.

Сегізінші. Мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары кеңейтілді. Бұл:

балық өсіру-биологиялық негіздемелер;
балық өсіру материалын сатып алу;
дәрілік препараттар;

бағалы балық түрлерінің жөндеу-аналық табындарын сатып алуға және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындар құнын 50%-ға дейін субсидиялау.

Мәселен, 2021 жылдың басынан бастап мемлекеттік инспекторлар 1800-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, 23,2 млн.теңге айыппұл салды, оның 15,4 млн. теңгесі өндіріліп алынды. Спикер сондай-ақ Комитет өткізетін «Бекіре», «Уылдырық шашу», «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясының қорытындылары туралы хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз