Ресурстар

Оқушының мектептегі қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілген?

Мектептегі бейнекамералардың жартысына жуығы стандартқа сай емес

Қазақстан мектептерінде 100 пайыз бейнебақылау орнатылғанымен, олардың 55 пайызы бақылау жүйелеріне қойылатын талаптарға сай емес. Қазіргі кезде белгіленген стандарттарға сәйкестендіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. 

Білім министрінің айтуынша, қауіпсіздікті одан әрі қамтамасыз етуде жедел шешуді талап ететін міндеттер бар:

Біріншіден, барлық бейнебақылау камерасын бекітілген талаптар мен стандарттарға сәйкестендіру.

Екіншіден, қала мектептерін арнайы күзетпен қамтамасыз ету.

Үшіншіден,  білім беру ұйымдарын «дабыл түймелерімен» 100% қамтамасыз ету. 

Сонымен қатар педагогтар мен оқушылырға төтенше жағдай және террористік қауіп төнген жағдайда қабылданатын шаралар мен алгоритмдерді әзірлеу және енгізу, психологиялық қызметтердің рөлі мен жалпы тәрбие жұмысын күшейтуде маңызды. 

«Білім беру объектілерін бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етуге келетін болсақ, қазіргі уақытта мектептер 100% бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген, олардың 55%-ы стандарттарға сәйкес келеді. Екіншіден, білім беру ұйымдарында «дабыл түймелерін» орнату жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда олардың саны –  648 (9,3%)» деді министр.

Бұл проблеманы шешу үшін жергілікті бюджеттен 980 млн теңге сомасында қаражат көзделген. Ал қала мектептерінің 38%-да (680) мамандандырылған күзет қызметі енгізілген. Бұған жергілікті атқарушы органдардан 828 млн теңге бөлінген. 

Сондай-ақ министр оқушы қауіпсіздігі мектеп пен үй арасында тегін тасымал ұйымдастыру арқылы да қамтамасыз етілетінін айтып өтті. 

«Ел бойынша 21 мыңнан астам оқушы тасымал ұйымдастыруды қажет етеді. Олар үшін 758 автокөлік жұмыс істейді. Соңғы үш жылда автобус паркі 203 автобусқа жаңартылған. Тағы 515 автобус қажет» деді А. Аймағамбетов.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша,  елімізде террористік тұрғыдан осалдау санатқа жатқызылған 8,8 мыңнан астам мектеп бар. Олардың саны биыл сәуір айында Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданған соң,  2,3 мыңға артқан. Қазандағы қайғылы оқиғаны ескере отырып, өткен айда  барлық жалпы білім беретін мектептерге жоспардан тыс тексеру жүргізілген. 

Тексеріс нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталған. Мектетердегі бейнебақылау жүйесінің жартысына жуығы стандартқа сәйкес келмейді.  Жұмыс істемейтін, тоққа қосылмаған және дұрыс орнатылмаған камералар бар. Бұндай кемшіліктер Қарағанды облысында көп тіркелген. 505 мектептің 84%-ында тиісті бейнекамера орнатылмаған. Түркістан облысындағы 889 мектептің 69,7%-ында бейнекамералар техникалық параметрге сай емес.