Жұмыста эмоционал «жанып» кетпеудің қандай жолдары бар?
Күнделікті бір жұмысты қайталап істей бергенде, болмаса мойынға шамадан тыс жүк артылғанда шаршағанымыз сонша, «өртеніп» кетуіміз мүмкін. Соның алдын алудың бірнеше әдісін назарыңызға ұсынғалы отырмыз.
Алдымен себебін анықтау керек
Кез келген жағдайда мәселені шешпес бұрын оның туындау себебіне үңілген дұрыс. Өйткені сол арқылы шешімін табу оңайырақ. Эмоционал жану кезінде де солай. Негізінен адамдар үш факторға байланысты «өртеніп» жатады.
• Тым көп жұмыс істеген кезде: яғни мойнына алған жауапкершілік үлкен әрі соған байланысты қатты шаршайды. Оның соңы жануға әкеліп соғады.
• Бір орында тоқтап қалған кезде: кей жұмыста даму болмайды. Адамның потенциалын толығырақ ашуға мүмкіндік берілмеуі мүмкін. Бұл да эмоционал өртенуге себепкер болады.
• Немқұрайлы қарағаннан: кері байланыс, жұмысыңызға қатысты баға болмай, құдды бұл жерге ешқандай үлесіңіз тиіп жатпағандай көрінген кезде де аталған мәселе туындайды. Міне, осы үш фактордың бірі сіздің де басыңызда болса, демек бұл материалды соңына дейін оқып шыққан жөн.
Жұмысыңызды өнімді істеп жатпағандай сезінсеңіз…
Мұндай жағдайда бір кідіріп, жақсылап ойланыңыз. Неге олай көрінеді? Әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз жақсы ма? Бәлкім, әлдебіреумен келіспей қалған шығарсыз? Әлде ұйқыңыз қанбай, соған байланысты жұмысты өнімді істей алмай жүрсіз бе? Енді бірі белгісіздіктен шаршайды. Ол да себеп болуы мүмкін. Сізге не нәрсенің ұнамай жүргенін, не нәрсенің кері әсер етіп жүргенін өзіңізден артық ешкім білмейді. Сондықтан өзіңізбен өзіңіз болып, бүкпесіз, боямасыз талдау жасап көріңіз. Сонда бір проблеманың шетін міндетті түрде табасыз. Одан соң соны шешу жолында іске кірісуге әбден болады.
Шаруа тым шаш-етектен болғанда
Әдетте бір күнде тындыру керек шаруа легі көп болады. Содан біреуіне екіншісін араластырып, сапырылыстырғанда нәтижесі көңіл қуантпай, сапасы сын көтермей жатады. Сондықтан шашылып қалмас үшін істің ретін нақтылап алған жақсы. Яғни бірден барлығын бітіруге тырыспаңыз. Өйткені мұндайда ойыңыз шашыраңқы болады да, соның кесірінен бір іске жұмылып, тындыру қиынға соғады. Одан гөрі жүйелі жұмыс істеуге дағдылансаңыз, шаршамайсыз да әрі өнімді жұмыс атқарасыз. Көбіне шаруаның бітуі де, көңіл-күй де күніңізді дұрыс жоспарлауыңызға тікелей байланысты болады.
Бәрін идеал жасау міндетті емес
Кім болса да жасаған ісінің өте жоғары дәрежеде ойға асқанын жақсы көріп тұрады. Олай болса, әлбетте, жақсы. Дегенмен үнемі солай болуы керек деген ойдан аулақ болыңыз. Ол ой — сіздің миыңызға артық салмақ. Өзіңізді тым қинап жібермеңіз. Айталық, әлдебір істі айтарлықтай идеал етіп тындырмадыңыз. Одан аспан аударылып, жерге түсе ме? Салдары сондай ауыр болып, жұмыссыз қаласыз ба? Әлде сіз жай ғана «100 пайыз тиянақты істеуден басқаша болуы мүмкін емес» деген оймен өзіңізді жаман үйретіп қойғансыз ба? Есіңізде болсын, жұмысқа жауапкершілікпен қарау керек. Бірақ денсаулықты ұмытпаңыз. Егер орта сапада жасау жеткілікті болса, жақсы істегені үшін қосымша сыйақы берілмесе не өзге де мотивация болмаса, ұйқысыз өткен түн, түскі астың уақытында істелген жұмыс мақтаудан басқа ештеңе сыйламаса, артық шаршап не керек?
Сабақ алудан қорықпаңыз
Қызмет барысында бұған дейін тәжірибеде болмаған істерді атқаруға тура келеді. Ондай жағдайда әлгі шаруа қиын болып көрінетіні бар. Нәтижесі қандай болары белгісіз болып тұрса, оны тәжірибе жинаудың керемет әдісі деп қабылдаңыз. Яғни қорытындысы қандай болса да, ол үшін аса уайымдаудың қажеті шамалы. Мысалы, күткеніңіздей болмаса өзіңізді соған бола жегідей жемеңіз. Есесіне, келесіде мұндаймен бетпе-бет келгенде не істеу керегін жақсы біліп қалдыңыз.
Қажеттіліктердің бағасын қоя біліңіз
Бұған дейін айтқанымыздай, кейде жұмысты тиянақты жасаудағы мақсат «осы біздің Айдар сондай жақсы адам. Елгезек жігіт. Жұмысынан бір мін таппайсың» деген сынды мақтау есту үшін жасауымыз мүмкін. Өзіңізді өзіңіз алдамай, шын мәнінде неліктен асыра жұмыс істегіңіз келетінін анықтап алыңыз. Нәтижесіне қарай мойындалғыңыз келе ме? Біреудің көзіне түсу мақсат па? Әлде жұртқа пайдам тисе дейсіз бе? Әрине, қажеттіліктеріңізді өтеп жатса, керемет. Бірақ соларды өтеудің жалғыз жолы жұмыста мақтау есту десеңіз, қателесесіз. Сол күш-қуатты басқа пайдалырақ дүниелерге де жұмсауға болады.
Жұмыспен шектелмеңіз
Бұл алдыңғы кеңестің жалғасы десек болады. Өйткені кейде «жұмыс, жұмыс» деп жүріп, басқа дүниелерді көзге ілмейміз. Ал негізі айналада айналысатын басқа іс жетіп артылады. Бар болғаны, көңілге қонымдысын табу ғана. Ол үшін жақсылап ойланыңыз. Бос уақытта немен айналысуға болады? Ұнайтын қандай іс бар? Не нәрсеге қызығып жүрсіз? Қандай істен шабыт аласыз? Қуаттандырып, қанаттандыратын қандай дүниелер бар? Осы сауалдарға жауап бере отырып, қосымша айналысатын хобби тауып қалуыңыз әбден мүмкін. Бұл бір жағы жұмыстан бір ауық демалып, өміріңізді басқа арнаға бұруға көмектеседі. Сонда шаршамайсыз да, көңіліңіз де көтеріңкі жүреді.
Кей істі мойынға аларда неге кері тартатыныңызды ойланыңыз
Мұндай жағдай бәрімізде болуы мүмкін. Яғни сізге басшылық тарапынан бір тапсырма жүктеледі. Ал сіз болса, мүлдем алғыңыз келмейді. Қарсылық таныта қойып едіңіз, бірден өзгелердің көзіне «еріншек, жалқау» болып шыға келдіңіз. Мұндайда манипуляция ма, әлде шынымен сіздің жалқаулығыңыз ба — соны анықтау маңызды. Өйткені кейде сіздің міндетіңізге жатпайтын істі мойныңызға ілу үшін мораль тұрғысынан шабуыл жасалуы мүмкін. Ондайда ара жігін жақсылап ажырата білу керек. Бәлкім, аталған жобаны жүргізуге сізде ресурс жеткіліксіз, әлде жұлдызыңыз қарсы әріптесіңізбен жұмыс істегіңіз келмей ме? Яғни «жалқау емеспін» дегенді мойындату үшін ғана алудан аулақ болыңыз. Түптеп келгенде ол істі жасайтын — сіз. Демек, денсаулығы да, ішкі көңіл-күйі құртылатын да — сіз. Бастысы, неліктен бұл шаруаны алғыңыз келмейтінін бірден бас тартпай, сыпайы әрі түсінікті түрде жеткізе білсеңіз болғаны.
Адамның кейбір кездері
Шаршамай, үнемі шабыттанып жүру мүмкін емес. Адам болған соң, жұмыстан шаршау — қалыпты жағдай. Мұндайда жақсылап ойланыңыз. Неліктен қажып жүрсіз? Бұл шаршауды басу үшін не керек? Демалыс алу керек пе, әлде жегідей жеген бір уайым бар ма? Дұрыстап саралай білсеңіз, мәселенің мәні неде екені өзі-ақ белгілі болады.
Темірден жаралған робот емессіз
Осыны жақсылап есте сақтаңыз. Сіз — тірі жансыз. Бұған дейін де айтқандай, адам болған сң басында түрлі жағдай болады. Шаршаудан бөлек, кейде жай ғана ештеңеге құлқы болмайды. Не болмаса, ауырып қалуы да мүмкін. Олай етуге сіздің де толықтай құқығыңыз бар. Өзіңізді робот сезінбеңіз. Бұл ретте уақытылы демалу, шамадан тыс жүк алмау маңызды. Өзіңізді бірінші кезекте өзіңіз жақсы көрмесеңіз болмайды. «Жегеніңіз —жантақ, арқалағаныңыз — алтын» болып, қатты шаршамаңыз.
Бас тартуды үйреніңіз
Иыққа тым көп жүк артып алудың тағы бір себебі — «жоқ» деп айта алмаудан. Есіңізде болсын, уақытыңыз не құлқыңыз жоқ болса, ресурс жеткіліксіз болса, бас тартыңыз. Өзіңізді осыған тәрбиелеңіз. Сол ісіңізге бола сізді ешкім жаман адам санатына қоса алмайды. «Өртеніп» кетудің ең үлкен себебінің бірі — бас тартуға ұялып, ақыры артық жұмыс істеу жанып кету. Барынша сақ болыңыз!
Әріптесіңізді жақтырмасаңыз
Мұндай сезімнің болуы да қалыпты. Егер жұмыста әлдебір әріптесіңізбен жұлдызыңыз қарсы болса, ашуыңызды барынша шығарып, қағаз бетіне түсіріп көріңіз. Толықтай сипаттап, не үшін жек көресіз, несі ұнамайды, ол адам жайлы жалпы ойыңыз қандай — бәрін жазыңыз. Жазу арқылы біршама эмоция шығып, жеңілдеп қаласыз. Ол хатты әріптесіңізге жіберудің қажеті шамалы. Мұны көбіне психологиялық әдіс деп қабылдаңыз. Есесіне, тағы бір оқып шығып, өзінше талдау жасауға болады.
Ұйқыны сарп ете бермеңіз
Адам уақытыл ұйықтап, демалып тұрмаса, жанудың көкесі сонда болады. Өйткені режиммен ұйықтап тұрмаған адам ашушан әрі шаршаңқы келеді. Жұмыс күндері кеш жатып, ерте тұру, демалыста ұйқыны қандырмау жақсы әдет емес. Одан зиян өзіңіздің денсаулығыңызға ғана. Сол себепті өзіңізді бағалаңыз! Барлық физикалық, психикалық және эмоционал ресурс осы ұйқыға тікелей байланысты.
Қиыншылықты тәжірибе деп ұғыңыз
Сіздің жұмыстан бөлек, жеке өміріңіз бар. Осыны есте ұстаңыз. Жұмысқа деген жауапкершілік жоғары болуы керек екен деп елпілдеп жүгіре бермеңіз. Өзіңізді тек жұмысқа арнасаңыз, кішігірім қателіктеріңіздің өзін кешіре алмайтын, сол үшін апталап күйзеліске түсетін адамға айналасыз. Ал оның зияны өзіңізге ғана тиеді. Жалпы алғанда қиыншылықтың қай түрін болсын тәжірибе болады деп қабылдаған сайын, көңіл-күйіңіз де, ахуалыңыз да жақсара түседі.