Промокодтың пайдасын көріп жүрсіз бе?

Жарияланды
Бірден айтайық, елемейтін болсаңыз, мұныңыз — қате

Интернет арқылы тауар алғанда берілетін промокод деген дүние бар. Кейбірі бұған тіпті мұрын шүйіріп, менсінбеуі мүмкін. Ал негізі біршама үнемдеуге әбден болады. Бастысы, ерінбесеңіз болғаны. Ең алдымен, промокод деген не екенін қысқаша түсіндіріп өтейік. Бұл — белгілі бір сандар не әріптердің комбинациясынан тұратын құпиясөз. Интернет-дүкеннен зат алып, оны төлейтін кезде арнайы жерге промокодты енгізетін болсаңыз, тиісінше белгілі бір пайыздық жеңілдік аласыз. Кейде сыйлық алуға да мүмкіндік бар.  

Қолдануға қатысты лайфхактар

  • Промокодтарды қолданудың белгілі бір мерзімі болады. Яғни жарамдылық мерзімі біткенге дейін пайдаланып үлгеруіміз керек. Әйтсе де, кейде тіпті уақыты аяқталып кетсе де, кей промокодтар істеп тұруы мүмкін. Сондықтан белгілі бір тауарды ақыры алайын деп жатсаңыз, бақ сынап, енгізіп көріңіз. Уақыты өтіп кеткен болса, келесіде ескеру керегін түсінесіз. Ал енді жолыңыз болып, әлі істеп тұрса — тіпті құба-құп.  
  •  Қазір сізге бір кішігірім «қулық» туралы айтқалы отырмыз. Кейде промокодтарды ойдан құрастырып көруге болады. Мұнда да жолыңыз болып кетуі ықтимал. Мысалы үнемі зат алып жүретін жеріңіз жеңілдік берген кезде ұқсас комбинацияларды қолдануы мүмкін. Айталық, «5сәуір», «5 наурыз» деген сыңайда болса, өздігіңізбен қазіргі ай мен күнді белгілеп, «5тамыз» деп басып көріңіз     
  • Негізі интернет-дүкендер сіздің электронды поштаңызға хат жіберуге келісім берсеңіз, жиі сыйлық жасап тұрады. Көпшілігі бұған келіспей жатады. Өйткені спам деген дүние ұнамауы мүмкін. Әйтсе де, жақсы сыйлықтар беріп, жеңілдіктер сыйлайтын дүкендер болса, олардың жаңалығынан құр қалмаған да дұрыс. 
  •  Көбіне белгілі бір промокодты иелену үшін қандай да бір сомаға тауар алу қажет болады. Мысалы, 30 пайыз жеңілдік алғыңыз келсе, алдымен 10 мың теңгеге тауар алуыңыз қажет. Мұндайда мынадай бір әдісті қолданып көріңіз. Интернет дүкеннің алатын тауарлар жинақталатын жәшігіне сол сомадан асырып, тауарларды толтырыңыз. Сөйтіп промокод енгізетін жер пайда болғанда енгізіңіз. Артынша алғыңыз келмейтін заттарды жәшіктен алып тастайсыз. Әрине, бұл әдіс үнемі іске аса бермейді. Дегенмен кейде осылай айналып өтуге болады. 
  • Кері байланысқа ұқыпты, ірі дүкендер желісінен тауар тым қымбат, қолжетімсіз болған жағдайда жеке жеңілдік сұрап көруге болады. Бақ сынап көргенде тұрған ештеңе жоқ. Ол үшін дүкеннің қолдау қызметіне хат жолдап, мәселені баяндаңыз. Оның үстіне сіз тұрақты клиенттердің бірі болсаңыз, сізге арнайы жеңілдік жасау олар үшін аса қиынға соқпайды. 
  • Бүгінде промокодтар, жалпы жеңілдіктер туралы жазып, бөлісіп отыратын қолданушылар аз емес. Егер сыйлық, промокод дегендерді қатты ұнататын болсаңыз, сондай контент әзірлейтін блогерлерге жазылып алыңыз. Есесіне, оқырманы көбейгеніне — ол, жеңілдікті уақытылы білгеніңізге сіз қуанасыз. Екі жақты тиімді тәсіл, солай емес пе?
  • Промокодтарды алудың тағы бір жолы — тауар туралы пікір қалдыру. Мысалы бір мейрамханадан тамақтандыңыз делік. Төлем чегіне көз сала қалып едіңіз, бір кезде «шынайы пікіріңізді жазып, жеңілдік алыңыз» деген жазуға көзіңіз түсті. Мұндай әдісті ірі дүкендер жиі қолданады. Яғни қызмет сапасы, тауар сапасына қатысты пікірді білмек ниетпен осындай амал жасайды. Ұнаса — ұнағанын, ұнамаса, неге ұнамағанын түсіндіріп, сайтына не көрсетілген мекенжайға жолдаңыз. Ерінбей, бірнеше минутыңызды қисаңыз, келесіде тегін бір зат не белгілі бір пайыз жеңілдік алып қалуыңыз мүмкін. Кейде түбіртекте ондай ештеңе жазылмаса да, әлдебір зат ұнамай қалып, сіз оны қолдау қызметіне жеткізсеңіз, кешірім сұрап, промокод беруі әбден мүмкін. Әлбетте, осы әдісті естіп алып, үнемі негатив жазып, өтірік-шыны аралас сынай беруге болмайды. Десе де, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында компания тарапынан жеңілдіктер беріліп қалатын кездер жиі болады. Соны ғана айтқымыз келген.  

Қандай алыпқашпа сөздер бар?

Промокодтарды қолданудан басын алып қашатындарды да көзіміз көрген. Неге олай ететінін сұрасаңыз, ойдан шығарып алған қорқынышын тізіп шыға келеді. Осы ретте бірнеше аңыздың басын ашқалы отырмыз. Негізі жеңілдіктен қорқудың мүлдем қажеті жоқ. Еңбекпен тапқан ақшаңызды сәл де болсын үнемдеуге көмексетін болса, қолданбағанда қайтесіз? Интернетте алаяқтар көп дегенді естіп алып, кейбірі промокодтардан да қорқады. Соның ішінде, «қазір белгілі бір комбинацияны бассам, сол үшін ақы төлеуім керек» деп ойлайтындар бар. Бәлкім, олар клуб картасы не жеңілдік купонымен шатастырып жүрген шығар. Өйткені купондар мен карталар көбіне сатылады. Бірақ бұлар онлайннан гөрі офлайн шоппинге бағытталған. Ал промокод деген нәрсе үнемі тегін беріледі. Әрі интернет дүкен арқылы тапсырыс беруге жарамды болады.  

Көпшілігінің кері тартуына тағы бір себеп бар. Ол — «жеңілдік жасап жатса, демек, тауардың сапасы сын көтермейді деген сөз» деген ой. Олардың ойынша, жұмысы жақсы жүріп жатқан жер тегін промокод таратып, клиент тартуға мұқтаж емес. Әйтсе де, маркетинг саласында мұндай тәсілдерсіз алға жылжу қиын. Яғни тауардың сапасы керемет болып тұрса да, арагідік осындай акциялар, тегін промокодтар беріп отыру керек. Сонда адамдар да көбірек тартыла түседі. Ақыры тұрақты клиентке айналып кетуі де мүмкін. 

Негізі сіз шоппингті жақсы көретін адам болсаңыз, өзіңіз үшін тізім жасап алсаңыз да болады. Яғни клиенттерін қуантуды ұмытпайтын, сыйлықтары көңілден шығатын дүкендердің жаңалығына құлақ түре жүріңіз. Сонда тиімді әрі жағымды шоппинг жасайсыз. Не де болса, кез келген жағдайда жан-жақты бағамдаңыз. Мысалы, белгілі бір сомадан асыру керек бірнеше адам болып тапсырыс беріп көріңіз. Ал сома үлкейген сайын жеңілдік де өсетін болса, құрбы-достармен бірігіңіз. Қызық үшін бір рет қолданып көріңіз. Жағымды әсер сыйлап, ұнап қалып жатса, келесіде көзіңіз қырағы бола түседі. Тіпті сондай жеңілдікті аңдып жүретін боласыз. 
 

Сондай-ақ оқыңыз