Ресурстар

Қазақстанның барлық өңірінде белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылады

Қазіргі кезде осындай 9 орталық жұмыс істейді

2021 жылдың соңына дейін Республиканың 8 облысында белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылады. Нәтижесінде қарт адамдардың денсаулығын қолдау және бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі мекемелер Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейтін болады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов хабарлады.

ҚР Еңбекминінің өкілдері 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» аға буын өкілдерінің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы хабардар етті. Ол жергілікті бюджет есебінен белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын құруды көздейді. Қазіргі кезде  мұндай орталықтар 9 өңірде: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе және Түркістан облыстарында ашылып, жұмыс істеп жатыр.

Орталық жұмысы қарт адамдарға денсаулығын күтуіне көмек көрсетуге, қолайлы және кедергісіз орта құруға, оларды қоғамдық өмірге тартуға бағытталған. Онда йога, скандинавиялық жүріс, айкуне бойынша сабақтар өткізіледі; медициналық, психологиялық және заң консультациясы; IT және smart-сауаттылыққа, шет тілдеріне оқыту; көшпелі іс-шараларды ұйымдастыру, мәдени объектілерге бару; тақырыптық концерттер мен өзге де іс-шаралар өтеді.

«Ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, ішкі шығармашылық әлеуетті іске асыру үшін жағдай жасау, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы орталықтардың жасы ұлғайған азаматтарды қоғамға әлеуметтендірудегі маңыздылығын ескере отырып, осы жылдың соңына дейін қалған өңірлерде осындай орталықтар ашу қажет», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.

Егде кісілердің денсаулығын сақтауды жетілдіру бөлігінде емханалар жанынан гериатриялық кабинеттер ашу мәселелері қаралды. 

 Айт кетейік 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов бастамасымен 2021 жылғы ақпанда бекітілген. Ол егде адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, халықтың салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыру, қарт адамдардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсарту, егде жастағы адамдардың қоғам өмірінің әртүрлі салаларына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін іс-шараларды көздейді. Осы Жоспарды іске асыру үшін үлкен жастағы адамдардың жағдайын жақсарту мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды.