Қазақстанда 800 мыңнан астам адам тойып тамақ ішпейді

Жарияланды
Кедейлердің қатары жыл сайын артып келеді

Былтыр ел халқының 4,4%-ы тойып құнарлы тамақ ішпеген. Ресми статистика бойынша, Қазақстан халқы 19 миллионға жетеқабыл болса, 4,4 пайыз дегеніміз – 800 мыңнан астам адам. Олар адам күнделікті тұтынуы тиіс ең төменгі калориядан да құнарсыз тамақ ішкен. Ал 2019 жылы тойып тамақ ішпегендердің қатары 4,1 пайыз болған екен. ranking.kz жариялаған зерттеуде осындай деректер келтіріледі. 

ranking.kz қала тұрғындары ішетін тамақтың құнары ауылмен салыстырғанда біршама төмен деп тұжырымдайды. Ауылда ас-ауқат құнарлы болғанымен, ішер асқа жарымай отырғандардың қатары көп. Ауыл тұрғындарының 4,2 пайызы күнделікті ішіп-жемнен таршылық көріп отырса, қалаларда бұл көрсеткіш – 4%. 

2020 жылы халық тұтынатын азық-түлік өнімдерінің энергетикалық құндылығы жан басына шаққанда тәулігіне 3425 ккал болған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5,3%-ға көп. 

Өңірлер бойынша тұтынуды қарастырсақ,  еліміздің барлық өңірлерінде халық тұтынған тамақ өнімдерінің нақты энергетикалық құндылығы  ең төменгі деңгейден асқан. 

Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары құнарлы азық-түлік тұтынса,  Нұр-Сұлтан мен Шымкент тұрғындары ішіп-жейтін тамақтың құнары біршама төмен екен.

Халық көбіне көмірсу тұтынып. яғни, нан мен жарма жеп отыр. Тамақ  рационынындағы майдың үлесі 35,5 пайыз болса, ақуыздар (ет және ет өнімдері, жұмыртқа және сүт өнімдері) –12,6 пайыз. 

Сондай-ақ оқыңыз