Шетелге саяхат кезінде қалай үнемдеуге болады?

Жарияланды
Бәрін жіліктеп тұрып түсіндіреміз

Бюджет жоспары

Еңбек демалысын алып, шетелге қыдыруды жоспарлап отырсаңыз, қаражатты дұрыс әрі үнемді жұмсаудың жолдарын бөлісеміз. Бұл кеңестердің кәдеңізге жарайтыны хақ. Ең алдымен, қалтаға қарай көсілу керек. Яғни осы сапарда қанша қаражат жұмсай аласыз — соны анықтап алайық. Еңбек демалысының ақысын түгел жұмсап тастаудан бұрын ай сайынғы міндетті төлемдерді ескеріңіз. Ипотека, коммуналдық төлем, пәтер ақысы және т.б кететін шығындарды ұмытуға болмайды. Осыларды есептеп алғаннан кейін сізде қалған сомаға байланысты елді және қанша күнге баруға болатынын ойластырыңыз. Маусымдық жеңілдіктер, «күйіп» тұрған турлар туралы ақпарат алған артық болмайды. Егер тур емес, өздігіңізбен баратын болып шешсеңіз, маршрутты жасау қажет. Түбегейлі саяхат бағдарламасы керек-ақ. Сомасын тиын-тиынымен дәл есептеу мүмкін болмаса да, баруын барып алып, таныстардан қарыз сұрап қалудан сақтайтыны анық. Сақтандыру, виза, билеттер, тұратын жер, тамақ, қыдырыс, шопинг, өзге де шығындарды ойлаңыз. Келесі бөлімдерде бұларға жеке-жеке тоқталамыз. 

Құжаттарды даярлау   

Шет мемлекетке шығатын адам алдымен құжатын туралауы керек. Төлқұжат жасату керек болса, оған алдын-ала өтінім беру қажетін ұмытпаңыз. Міндетті түрде жарамдылық мерзімін қараңыз. Егер алғаш рет жасатқалы жатсаңыз, онда оған кететін шығынды да ескеру керек. Биыл төлқұжат құны — 23 336 теңге. Одан кейінгісі — виза. Баратын еліңізге виза қажет пе, жоқ па анықтап алу керек. Әдетте, турмен алсаңыз, виза рәсімдеу бағасы жалпы құнының ішіне кіреді. Виза алымы әр елде әр түрлі. Сондай-ақ, виза алу үшін көп жағдайда есепшотыңызда белгілі бір сома бар екенін дәлелдеу керек болады. Енді туристік сақтандыру мәселесіне келсек. Виза қажет емес елдерге баратын болсаңыз, сақтандыруға бей-жай қарамаған дұрыс. Себебі осы құжат арқылы ем-домды жеңілдікпен алып қана қоймай, жүкті жоғалтқанда не рейс кешіктіргенде өтемақы ала аласыз. Жалпы алғанда бюджетіңіздің кемі 10 пайызын болуы мүмкін форс-мажорға алып қойыңыз. Әрине, бәрі жақсы өтсе, қаражат қалтада қалады. Ал егер бірдеңе бола қалса, далада қалмауыңызға септігі тиеді.    

Қалай үнемдейміз?

Асықпай, әр компаниялардың сақтандыру бағасын салыстырыңыз. Сөйтіп өзіңізге ыңғайлысын таңдайсыз. Шартсыз франшизалық сақтандыру таңдаған дұрыс. Өйткені олардың бағасы арзандау болады. Франшиза қызмет сапасына еш әсер етпейді. Бар болғаны емделуге кететін кішігірім шығындарды өзіңіз төлейтін болып келісесіз. Ал енді қиындау мәселе туа қалса, сақтандыру есебінен төленеді. Сақтандыруды рәсімдеп жатқанда шарттарын мұқият оқып шығыңыз. Сөйтіп полисте нақты өзіңізге керек болатын тұсын ғана қалдырыңыз. Айталық, экстремал спорт түрлерімен айналысып жатқанда алынған жарақаттан сақтандыру сынды өтемақы болуы мүмкін. Сіздің ондай спортпен шұғылданатын ойыңыз болмаса, артық төлеп не керек?  

Жүріс-тұрыс

Сапарға шығатын адам үшін бұл бөлімнің маңызы зор. Маршрут құрғанда қаншалықты қыдыратыныңыз, қай жерлерге баратыныңыз белгілі болады. Егер бір қаланың ішінде ғана жүретін болсаңыз, қоғамдық көлік не такси қызметіне жүгінесіз. Ал каршеринг қолдансаңыз, ол жерде жалға алатын құнын есептейсіз. Ендеше, басынан бастайық. Баратын бағытқа билет алу керек. Пойыз, ұшақ әлде жеке көлігіңізбен барасыз ба — шешіп алыңыз. Алдыңғы екеуінің бірін таңдасаңыз, трансферді есептеу қажет. Яғни әуежайдан тұратын жеріңізге дейін кететін шығын. Көбі бірінші рет шыққанда қымбат таксиге ұрынып қалып жатады. Ал негізі метро не автобуспен де баруға болатынын ұмытпаңыз. Картамен дос болып, «міндетті түрде баруым керек» деген жерлер мен тұратын үйіңіздің арасын қараңыз. Жаяу баруға жақын ба, жоқ әлде көлік қажет пе? Машинамен шыққан болсаңыз, жанармай мәселесі алдымыздан шығады. Ол елдегі бағасы қандай, арақашықтық қанша — шамамен есептеген дұрыс. Ал енді жалға алатын болсаңыз, онда халықаралық бюролардың көмегіне жүгініңіз. Сайттарына алдын-ала кіріп, бағасымен танысыңыз. Айыппұлдарды да ұмытпау керек.  

Қалай үнемдейміз?

Билеттердің бағасын бақылап жүріңіз. Сұранысқа байланысты бағасы құбылып тұрады. Жалпы демалысты алдын-ала жоспарлаған жақсырақ. Сонда арзандау шығады. Билетті жұмыс күндеріне алған тиімдірек. Егер жүгіңіз айтарлықтай көп болмаса, лоукостерлерді таңдаңыз. Десе де, шарттарын дұрыстап оқып шыққан жөн. Себебі билеттің өзі арзан болғанымен, оған қосымша төлеу керек дүниелер көп. Негізі барынша аз жүк алған шаршамауыңызға да, үнемдеуіңізге де көмектеседі. Жастарға, балаларға не зейнеткерлерге арналған жеңілдіктер жайлы сұраңыз. Тіке баратын рейстер қымбаттау болады. Сондықтан асығыс болмаса, бірнеше жерге аялдаудан қашпаңыз. Кейде ұшу уақыты тым ұзақ болса, бір елді не қаланы аралауға да үлгеруге болады.

Жетер жерге жеткен соң, қала ішіндегі жүріс-тұрысты ойлау керек. Жаяу баруға қолайсыз болса, қоғамдық көлік — ең арзан жолы. Әр бағытқа төлей бермес үшін тәуліктік не апталық жол жүру картасын сатып алған тиімдірек. Әр мінген сайын терминал іздеп жүрмейсіз, бағасы да салыстырмалы түрде үнемдірек болады. Автостопты қолданып көруге болады. Жолыңыз тоғысатындарды іздеуге арналған BlaBlaCar, Team2.Travel, Bananacar сынды қолданбалар бар. Жүргізушімен жанармай ақысын бөліп төлейсіз, есесіне әлдеқайда арзанға шығады. Шетелде қазір велосипед не самокат трендте. Сондықтан жалға алып, армансыз қыдырсаңыз болады. 

Тұратын жер

Қонақүй, хостел, пәтер жалдау сынды нұсқа көп. Қазір Airbnb арқылы үй жалдау қолайлы. Болмаса, қонақүй мен хостелдердің бағасын салыстырып, алдын-ала брондауға болатын сервистер де бар. Нөмір не пәтер алып жатқанда құнына не кіретінін нақтылап алыңыз. Таңғы ас, жуынатын заттар, орамал және т.б. Өйткені кейде нөмірде бұлар тұрғанымен, пайдаланғаныңыз үшін ақы сұрауы мүмкін. Туристік алым деген бар. Ол да баратын жеріңізге байланысты. Мысалы Еуропаның кей елдерінде бекітілген салық болса, енді бірінде қонақүй ақысының белгілі бір пайызы болады. 

Қалай үнемдейміз?

Booking.com, RoomGuru, Trivago немесе Hotellook сынды қолданбалар арқылы бағасын салыстырып, көңіліңізге жаққанын таңдай аласыз. Тұратын жеріңіздің айналасында не бар, орталық па — картадан анықтап қарап алу керек. Негізі хостелде тұрған  арзандау шығады. Адам саны көп не аз түрін де таңдауға еркіңіз бар. Бір қаладан екіншісіне шығатын кезде түнгі уақытта жолда болған жақсырақ. Сонда қонақүйге шығындалмайсыз. Хостелдермен душқа түсіп алуға келісуге болады. Каучсерферлер қызметін қолданып көруге болады. Яғни үйінде тегін не өте арзан бағаға тұрғызатындар жиналған жер. Couchsurfing арқылы баратын ел, қалаңызда кімдер барын қарап, профайлында көрсетілген байланыс жолы арқылы хабарласып, алдын-ала келісіңіз. Сөйтіп қонақжайлықпен күтіп алады. 

Неғұрлым қонақүй, хостелі көп мегаполистерді таңдаған жақсы. Таңдау көп болғасын бағасы мен сапасы сізге қолайлы болады. Ал өзі санаулы нұсқа бар жерде қызмет сапасы төмен, бағасы қымбат боп шығуы ықтимал. Билет алғандағыдай тұратын жерді де алдын-ала брондаған дұрыс. Өйткені сұраныс артқан сайын құны да қымбаттап, нөмірлердің әдемісі өтіп кетеді.    

Ішіп-жем

Турист көп жүретін жердің тамақтанатын жерлері қымбаттау болады. Сондықтан жергілікті халықпен тілдесіп, дәмді әрі арзандау мейрамханаларды сұрастырған дұрыс. Болмаса, интернеттен қарап шығыңыз. Бизнес-ланчтар тамақты жеке-жеке алдырғаннан гөрі арзанға шығады әрі қарныңыз да тояды. Тағы бір ескеретін жайт, тамақты өзіңіз салып, соңында таразыға тартылатын жерлерге әуес болмаңыз. Өйткені құны «ғарыш» болып кетуі мүмкін. Айтпақшы, кешке қарай жабылатын кезде сол күнгі тамақты арзандау бағаға сататын жерлер көп. Есігінде жазылып тұратын акцияларға көз қиығын сала жүріңіз. Супермаркеттердің наубайханаларында кафелерге қарағанда баға арзандау. Егер ақша үнемдеу керек болса, елден тамақ алып кетіңіз. Тез даярланатын кеспелер, тәттілер дегендей. Кей қонақүй, хостелдерде ас бөлмесі мен ондағы жабдықтарды қолдануға рұқсат етілген. Осылайша үнемдеуге болады. Базарларда ұлттық тағамнан дәм татып қана қоймай, біршама арзанға тамақтана аласыз.     

Қыдырыс 

Баратын жеріңізде болатын ауқымды іс-шараларды қарап, бағасын да алдын-ала біліп алыңыз. Болмаса, міндетті түрде баруыңыз керек деген жерлердің билет құнын анықтап алған жөн. Экскурсияларға ақша құртпастан, қала бойынша маршрут құрып, баруға арналған жерлердің тізімі туралы тегін ақпарат беретін  Izi.travel немесе Wikimapia сервистерін қолдануға болады. Музейлерге баратын болсаңыз, ресми сайтынан сатып алған арзанға шығады. Кейбірі электронды тіркеу үшін жеңілдік береді. City tourist card сатып алсаңыз, осы абонемент арқылы кей музей, көрмелерді тегін тамашалауға мүмкіндік аласыз.     

Кәдесыйлар

«Тойдан тобықтай» дегендей әдетте туыстар мен достарға сыйлық алу керек болады. Одан бөлек, жоспарда болмаған өзге де шығындар болып қалады. Мысалы экскурсия кезінде фото-видео түсірілім не бассейндегі қолшатырға төлеу дегендей. Үнемдеу үшін дүкендердегі кәдесыйлардың бағасын салыстырыңыз. Көбіне бәрінде бірдей заттар, тек бағасы әртүрлі болады. Турист көп жүретін жерлерде баға ұшып тұрады. Сондықтан базардан алған тиімдірек. «Бәрі 1 еуродан» дегендей дүкендерден көп нәрсе ала аласыз. Әлбетте, турист болғандықтан саудаласып көру арқылы біршама бағасын түсіруге болады. Tax Free жүйесін қолдану арқылы шетелде алынған заттардың қосылған құн салығын қайтара аласыз. Бастысы, чек және қызметтің арнайы формасы керек. Оны дүкеншіден алуға болады. Сөйтіп кеденнің мөрі қойылған құжатты Tax Free операторына жолдайсыз. Барынша жылдамырақ жіберіңіз. Себебі уақыты шектеулі. Тағы бір тәсілі — дьюти-фриден сауда жасау. Ол жерде баж салығынан үнемдейсіз.
 

Сондай-ақ оқыңыз