БЖЗҚ салымшылары жеке компанияларға қанша ақша аударды?

Жарияланды
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 337 173 өтініш орындалған

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған дерек бойынша, салымшылар инвестициялық портфельді басқаратын компанияларға 4 миллиардтан астам теңге аударған. 

2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша инвестициялық портфельді басқарушы компаниялар шотына 4,2 млрд теңге түскен. Зейнетақы қоры келіп түскен 2 689 өтініштің 1994-ін орындаған. Аударымның орташа сомасы шамамен 2,1 млн теңге. 

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы төрт ИПБ-мен шарт жасасқаны белгілі. 4,2 млрд теңгенің 43,8 пайызы немесе 1,8 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ, 26,6 пайызы немесе 1,1 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ, 19,2 пайызы немесе 0,8 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ, 10,5 пайызы немесе 0,4 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» АҚ еншісіне аударылыпты. 

БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін жеке компаниялар оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялай алады. 

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.

«Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. 

Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. 

Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептелінеді.

2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 337 173 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,5 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 4,6 млн теңге» делінген БЖЗҚ хабарламасында. 

Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласына тиесілі екен: 16,5 пайыз.  Маңғыстау облысының (15,7 пайыз), Нұр-Сұлтан қаласының (12,9 пайыз) тұрғындары тарапынан да көп өтініш жолданған. 

Қазіргі уақытта «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар болып табылады. Орындалған өтініштердің едәуір бөлігі «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (орындалған өтініштердің жалпы санының 95,4 пайыз) арқылы жүзеге асқан. Сонымен қатар «Қазақстан Халық банкі» АҚ (3,8 пайыз), «Банк ЦентрКредит» АҚ (0,8 пайыз) және «Altyn Bank» АҚ (0,03 пайыз) арқылы да өтініштер іске асырылыпты. 

Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 175,7 млрд теңгеден аса сома қайтарылды, себебі, қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбапты. 

«Бұған қоса БЖЗҚ-ға емделуге барлығы 35 029 өтініш түсті, оның ішінде 18,4 млрд теңгеге 19 504 өтініш орындалды, орташа сома – шамамен 1 млн теңге. Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 3 млрд-тан аса теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған» делінеді мәліметте. 
 

Сондай-ақ оқыңыз