Вакцина салдыруды міндеттеу – заңға қайшы емес

Жарияланды (жаңартылды )
Әділет министрлігі мәлімдеме жасады

Әділет министрлігі денсаулығы вакцина салдыруға жарайтын, Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы екпе алуы міндетті дейді. Бұның заңдың негізі Денсаулық сақтау кодексінің 85-бабы, 4 және 8-тармағында жазылған. Ел үкіметінің №612 қаулысына сәйкес, КВИ-ға қарсы профилактикалық екпе де солардың қатарына жатады екен. 

Денсаулық сақтау кодексінде инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың бірі – профилактикалық екпе деп көрсетілген. 

 «Осылайша, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар үшін КВИ-ға қарсы міндетті вакцинациялаудың құқықтық негіздері бар және бұл «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» деген конституциялық нормаға сәйкес келеді (Конституцияның 31-бабы). Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік бере отырып, ҚР Конституциясы мұндай шектеудің жол берілетін шектерін белгілей отырып, оларды шектеу мүмкіндігін жоққа шығармайды» делінген министрлік таратқан хабарламада. 

Ел Конституциясының 39-бабы 1-тармағына сәйкес, құқықтар мен бостандықтар халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ғана шектелуі мүмкін.

Айта кетейік, 1 шілде күні Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясовтың кезекті қаулысы шыққан еді.  Онда қызметкерлері вакцина салдыртуға тиіс мекемелердің толық тізімі жызылып, вакцина алмаған қызметкерлердің жұмысқа келуі шектелсін делінген.  Бұл талап өз күшіне 2 шілдеден енді.  

Аталмыш қаулы бойыша барлық облыс, Алматы, Нұр-Cұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар, құқық қорғау және арнайы органдар, «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша), ұлттық компаниялар, меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалар 15 шілдеге дейін – вакцинаның бірінші компонентін, ал 15 тамызға дейін екінші бөлігін профилактикалық егу жұмысын ұйымдастыруы тиіс. Оған қоса, ақпараттық-түсіндіру жұмысы күшейтілуі керек.

COVID-19-ға қарсы вакцина салдырмаған жұмыскерлерді көзбе-көз режимде жұмысқа жіберуді шектеу талап етіліп отыр. Тек вакцина салдыруға денсаулығы жарамайтын және соңғы 3 айда коронавируспен ауырып жазылған кісілерге бұл талап қойылмайды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз