«Арзанға зат алатындай, бай емеспін» деген сөз бар. Алғаш естігенде бір-біріне керағар екі ұғым — байлық пен кедейлік қалай бір арнаға тоғысуы мүмкін деп қалсаңыз керек. Десек те, мұның мәні тым тереңде екен. Бүгін осы тақырыпты талдап, кедей өмір сүріп жатырмын деп ойлап жүргендердің қалай көп шығынға ұшырап жүргенін сараптап көреміз. Былай қарасаңыз, ақша аз болған сайын қажетсіз шығын, керек емес зат пен тауар алу азаятын секілді. Десек те, бұл ойыңыз қате болып шығуы ғажап емес. Себебі кедей болу тым қымбатқа шығады десе. Неге және қалайша? Қазір түсіндіреміз.
Алдымен, адам үшін ең қымбаты денсаулық дегеннен бастайық. Расында, ауырған кезде жазылу үшін қолдан келгенше ақы төлеуге дайын боламыз. Ал «ауырмаудың жолы қандай еді?» деп ойлансақ, кейде дұрыс тамақтанып, дұрыс әдет қалыптастырғанымыз абзал екенін еске келеді. Қарапайым ғана мысал: жедел даярланатын кеспелерді студенттердің тамағы деп атау қалыптасып кеткен. Әрине, бағасы қалтадан қақпайтын, еріншектердің де оң жамбасына келетін дайындау әдісінің арқасында осылай танылып кеткен. Ал шын мәнінде, әлгі кеспелердің денсаулыққа зиян екенін дәрігерлер талай жерде дабыл қағып, ескертіп жүр. Асқазанды құртқаннан кейін оның арзан болғанының пайдасы қане? Екіншісі — фастфуд. Бүгінде үйден тамақ істегеннен гөрі сырттан іше салғанды жөн көреміз. Сөйтіп бургер не хот-дог алып, әрмен қарай шаруаларымызды тындыра береміз. Ал ол жүрген жерде газдалған сусындар бірге еріп жүретіні белгілі. Осындай күн тәртібі сіңіп кетсе, жылдар өте келе асқазанда жара пайда болуы әдбен мүмкін. Ал оны емдетуге кететін қаражатты айтпағанда, туыстар мен өзіңіздің сары уайымға салынатыныңызды қосыңыз.
Жалпы алғанда тамақтану тәртібін оңтайландырып, дұрыс режимге көшу оңай емесі белгілі. Өйткені бүгінде дұрыс тамақтануға ауысу үшін ақша да, уақыт та көп болуы керек. Яғни үйде, таза табиғи өнімдерден асықпай тамақ істеу үшін уақыт қажет. Ал денсаулыққа пайдалы азық-түліктің дені қымбат. Үнемдеймін деген адам базардан не жақын маңдағы ауылдардан барып алса болады. Дегенмен жұмысбасты адамның оған уақыты бола бермеуі мүмкін. Мұны мәселе деп көрмеген күннің өзінде тапқан табысы кредит, қарыз сынды шығындарға кететін адам үшін дұрыс тамақтану үшін қымбат азық-түлік алу басымдық болмайтыны хақ.
Жағдайы орташадан төмен адамның автосалоннан су жаңа көлік алуға жағдайы жетпейді. Сондықтан амалдау үшін ескісін алуға мәжбүр. Негізі жеке автокөліктің «еркелігі» аз емес. Жанармай құйып отыру — бергі жағы ғана. Одан бөлек, уақыты майын ауыстыру, маусымға сай дөңгелекті алып-салу, жууға кететін шығын бар. Әрі техника болған соң, бұзылмай тұрмайды. Оның қосалқы бөлшектері мен қызмет көрсетуге кететін қаражатты қосыңыз. Әлбетте, егер жаңа көлік алсаңыз, шығыны әлдеқайда аз болады. Өйткені алғаннан кейін кемі бес жылдай бұзылмай не кемінде өте аз бұзылып қызмет етуі мүмкін. Ескі көліктің аты — ескі, оны жиі жөндетуге тура келеді. Дегенмен жаңасының бағасы тым қымбат. Тіпті автонесие арқылы алсаңыз да, оның ай сайынғы төлемі де, бастапқы жарнасы да екінің біріне оңай түспейді.
Ал көлігі жоқтар, амалсыздан таң атпай тұрып қоғамдық көлікке мініп, уақытының біраз бөлігін жолға жұмсайды. Бірақ жеке көлікке қарағанда әлдеқйда үнемді. Әсіресе, үлкен қалаларда автобусқа арналған жолақтар бар. Демек, такси не өз көлігіңізбен жеткеннен гөрі тезірек баруыңыз да ғажап емес. Бірақ, бірақ…Автобус белгілі бір кестемен жүреді. Яғни біреуіне үлгермей қалсаңыз, келесісі келгенше 10-15 минут тұрып қаласыз. Екіншіден, таңертең және кешке кептеліс кезінде автобустың ішінде ине шаншыр орын болмайды. Ұйқысы қанбаған не жұмыстан шаршап шыққан жолаушылардың қату қабағы да сізге әсер етуі мүмкін. Одан қала берді, сөзге келіп қалу қаупі де жоғары. Егер тым алыста тұратын болсаңыз, бірнеше автобуспен жету қажет болады. Сәйкесінше, үйге дейінгі жол да ұзақ уақыт алады. Сонда күніне неше сағатыңыз жолға кететінін, жүйкеңіз қалай жұқаратынын елестете беріңіз. Әлбетте, осындай режиммен өмір сүріп жатқан адамға макарон, майлы қуырылған тамақтың зиянын айтар болсаңыз, сөзіңізді бір құлағынан кіргізіп, екінші құлағынан шығарады.
Келесі мәселе — киім-кешек. Қымбат болған сайын сапалырақ болады. Бұл анық. Ал қымбат киім алуға жағдай келмесе, амалсыздан арзанына жүгіреміз. Нәтижесінде, ол киімді тастамай кигеніміз бар, сапасының да сын көтермейтіні бар — тез тозады. Тігістері сөгіліп, табаны түсіп қалатыны да қайта-қайта жуып, ауыстырмастан киіп жүргеннен. Сөйтіп келесіде тағы киім алуға тура келеді. Әлбетте, бірден сапалысын алғанда ұзағырақ киюге болар еді. Дегенмен бір айдағы санаулы бюджет оған мүмкіндік бермейді. Мұның ендігі бір минусы — адамды киімге қарап бағалайтыны. Қарапайым ғана мысал, түсі өңіп кеткен футболкамен дүкенге кірсеңіз, сізге мұрнын шүйіріп қарауы бек мүмкін. Ал сол жерде қымбат киіммен келген адамға деген көзқарас мүлдем басқа болады. Ел ішінде киімге қарап бағалайтын мұндай түсініктің болғаны өкінішті. Әйтсе де, шындық осы. Сондықтан үнемдегіңіз келсе, өзіңіздің құныңызды түсіргіңіз келмесе, жақсырақ киім алған әлдеқайда жақсы. Өйткені арзан киімнің сырт көрінісінен бұрын жасалған материалы денсаулыққа зиян болады.
Кедейлікпен қатар жүретін тағы бір дүние — кредит. Біздегі пайыздың тым жоғары екенін ескерсек, үстіне тағы сондай сома қосып төлеуден өзге амал жоқ. Мүлдем несие алмайын десе, керек-жарақты қолма-қол алуға мүмкіндік болмайды. Осындай парадокс жағдайда өмір сүріп жатқанымыз ақиқат. Елден қалмау үшін соңғы үлгідегі телефонды алып, өзін жақсы көрсетуге тырысуды былай қойғанда, қажеттілігі жоғары дүниелерді алуға расында кредиттен өзге амал болмауы мүмкін. Айталық, осыдан бес жыл бұрын алған тоңазытқышыңыз істен шықты. Жөндеуге келмейтін болса, жаңасын алудан басқа амал қалмайды. Ең арзан дегенінің өзі сіз үшін қолжетімсіз болса, кредитке жүгінесіз. Нәтижесінде үстіне қосып төлеудің көкесі болады. Әрине, қазіргі таңда тауарлық кредиттердің дені бөліп төлеуге беріледі. Сондықтан бұл жерде пайызы жоқ деген желеумен рәсімдеуде аса қиналмауыңыз мүмкін.
Қаржылық жағдайы мүшкіл болған сайын қарызға бату көбейе береді. Өйткені уақытылы төлемеген дүниелердің үстінен қосылатын өсімпұлдар бар. Жай ғана коммуналдық төлемді алыңыз. Әр айдың 25-не дейін төлеу керек болса, сізде ол кезде айлықтан түк қалмайды делік. Сөйтіп айдың басында түскенде төлеймін деп өсімпұлын қоса төлейсіз. Кредиттердің де жағдайы осындай. Күнін кешіктірсе, қоңырауға тыным болмай, үстіне ақша қоса береді. Ал егер қаражаты жеткілікті адам болсаңыз, бұлай кешіктіріп жүрместен бірден төлеп тастайтыныңыз белгілі. Көрдіңіз бе, кедейшілік қолма-қол ақшаның аздығымен қатар айтылғанымен, шын мәнінде байларға қарағанда шығыны мол болады.