Ресурстар

Елімізде әлеуметтік жәрдемақы мөлшері көбейе ме?

Ана мен баланы қолдау – басты орында

Қымбатшылықтың қысып тұрғаны рас. Қай салада да баға өсіп жатыр. Керісінше, экономикалық көрсеткіштер жоғары жылдамдықпен төмендеп барады. Мұндай жағдайда әлеуметтік жәрдемақы мөлшері  арта ма? 

Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязовтың айтуынша, әлеуметтік төлемдердің өсу проценті айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен күнкөріс деңгейіне байланысты.
 
«АЕК-тің өсуі әр жылы экономика министрлігі тарапынан ұсынылатын инфляциялық дәліздің орта шамасы ретінде белгіленеді, инфляция деңгейі 4-6% деңгейінде қарастырылса, АЕК өсімі 5% құрайды. Әлеуметтік төлемдердің барлығы АЕК-ке байланған. Кейбірі күнкөріс деңгейіне қатысты. Бұл жерде әлеуметтік төлемдердің өсу проценті осы АЕК-тің және күнкөріс деңгейінің инфляциялық орташа дәлізіне көшуіне орай көтеріледі. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері – кедейлік шегі мен отбасы табысының айырмасы түрінде беріледі. Отбасының әрбір мүшесіне тағайындалады. Атаулы әлуметтік көмектің критерийін өсіруге келетін болсақ,  бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Оның барлығы экономикалық мүмкіндігімізге байланысты» деді спикер.  

Қазір министрлік әлеуметтік кодекс жобасын дайындауда. Сәйкесінше мемлекет қолға алған кез келген әлеуметтік қолдау шарасы халықтың жағдайын жақсартуға, демографияны өсіруге ықпал етуі тиіс. 

«Туу құрылымын зерделей отырып, отбасыларда 3, 4, 5 балану туу үрдісі тіркелді. Оның туу құрылымындағы үлесі, яғни үшінші, төртінші, бесінші және одан көп бала туған отбасылардың үлесі 48% құрады. Бұл көрсеткіштің ұлғаюына байланысты 2020 жылы бала туудың жиынтық коэффициенті 3,13 құраса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 2,9 болған» деді министрлік өкілі.
  

Асқар Ниязов мемлекеттік жәрдемақылар мен МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлемдерден басқа, жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қолдау да көзделгенін атап өтті. Балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында барлық өңірлердің әкімдіктері балаларға сыйлықтар табыстай отырып, түрлі ойын-сауық және мәдени іс-шаралар өткізді. 

«Жергілікті бюджет есебінен жетім балаларға, мүгедектігі бар балаларға жалпы сомасы 82,3 млн теңге материалдық көмек көрсетілді, табысы аз отбасылардың балаларына, көру қабілеті бұзылған балаларға 57,1 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілді. Барлық өңірлерде ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер, сондай-ақ балалардың қатысуымен спорттық жарыстар өтті» деді спикер.

Балаларға бөлінген ақша діттеген межеге жете ме? Әділдік пен тиімділік принципі қаншалықты дұрыс жұмыс істеп жатыр? Спикер бұл сұрақтарға да жауап берген. 

«Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған шаралардың тиімділігі туралы қоғам пікірін бағалау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша, репродуктивті жастағы және балалы отабсыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік шараларды оң бағалайтын халықтың үлесі шамамен 70% құрады. Бұдан басқа, отбасымен қамтамасыз ету және ананы әлеуметтік қолдау бойынша қолданыстағы заңнамаға жүргізілген талдау барысы әлеуметтік қолдаудың ең төменгі нормалары халықаралық еңбек ұйымының конвенциясымен бекітілген халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін көрсетіп отыр» деді Ниязов.  

Базалық деңгейге сәйкес мемлекет республикалық бюджет қаражаты есебінен бала тууға 110 846 теңгеден 183 771 теңгеге дейін біржолғы жәрдемақы алуға кепілдік береді. 2020 жылы 430,7 мың отбасыға 52,3 млрд теңге төленді. 2021 жылы жәрдемақының бұл түріне 51,4 млрд теңге қарастырылған, 6 айда 186 870 отбасы 24,6 млрд теңге сомасында алды. 

«Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы төлеу қарастырылған. Жәрдемақының бұл түрі екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін арттырыла отырып, баланың туу кезектілігіне байланысты төленеді. 2020 жылы бұл жәрдемақыны 120,9 мың отбасы жалпы сомасы 31,7 млрд теңгеге алды, 2021 жылға 26,2 млрд теңге қарастырылған, оның 6,8 млрд теңгесі төленді» деді министрлік өкілі. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда 458 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан берілетін жәрдемақы енгізілді. Төлемдердің мөлшері балалар санына байланысты 4 балаға 46 760 теңге, 5 балаға 58 457 теңге, 6 балаға 70 154 теңге көлемінде және одан кейінгі балалардың әрқайсысына 11 668 теңгеден сараланып, ай сайынғы негізде отбасының табысына қарамай кепілденген түрде төленеді. 2021 жылдың 6 айында бұл жәрдемақыны орта есеппен 141 млрд теңге сомаға 458 878 отбасы алыпты.