Ресурстар

Алаяқтар Instagram қолданушыларынан ақша бопсалаған

Алматы полициясы ескертіп жатыр

Алматы полициясы алаяқтардың жаңа әдісі туралы ескертті, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Шаһардың криминалдық полициясының мәліметінше, алаяқтар  Instagram әлеуметтік желісін белсенді пайланатындарды қармаққа түсіреді. 

«Алаяқтар, әдетте,  жазылушылар санына қарай таңдайды. Жазылушылары көп кез-келген адам «көк құсбелгі» мәртебесін алғысы келеді, бұл белгі парақшаңыздың жалған емес және оны Instagram әкімшілігі растайтынын білдіреді. Қаскөй жәбірленушіні тапқаннан кейін, Instagramдағы жалған қолдау қызметі парақшасынан Сізге бақытты адам екеніңізді және Сізге «көк құсбелгі» мәртебесі берілгені туралы тікелей смс-хабарлама жібереді, ол үшін Сіз Instagram-ыңыздың құпия сөзін енгізу үшін сілтемеге өтуіңіз керек болады. Құпия сөзді енгізу арқылы Сіз автоматты түрде өтініміңіз қабылданғаны және үш күн ішінде қаралатындығы туралы жазылған мәтінмәндік парақшаға түсесіз. Бірнеше сағаттан кейін Сіз өзіңіздің парақшаңызға кіру мүмкіндігінен мүлдем айырыласыз. Осыдан кейін Сізге ұялы телефоныңызға немесе ватсапқа парақшаңыздың бұзылғаны және 200-1000 АҚШ долларын төлеу керек деген хабарламалар келе бастайды» дейді Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов. 

Соңғы бірнеше күнде алты адам осы әдісті қолданған интернет-алаяқтар туралы  Алматы полициясына шағым түсірген.

«Мұнда азаматтар қабылдауы қажет ақпараттық қауіпсіздік шаралары маңызды. Сізден әрдайым осындай хабарламаларға күмәнданып, сын көзбен қарауыңызды сұраймыз. Бізтағы да сақ болуға және қырағылық танытуға шақырамыз» деді Рүстем Әбдрахманов.